Accessibility links

Табыс салығы қорытындысы бойынша, Қырғызстанда 83 миллионер анықталды. Ал Қазақстандық маман «шенеуніктердің қағаздағы емес, өмірде қолданатын мүліктерін тіркесін» деген ұсыныс айтады.

Қырғызстан мемлекеттік салық қызметінің баспасөз қызметі жуырда жариялаған дерек бойынша 2013 жылы елде шамамен 10 мың азамат табыс және мүліктері бойынша декларация өткізіп, 83 адамның 45 миллион сомнан астам қаржысы бар екені анықталған.

Қырғызстанның салық туралы заңнамасына сәйкес, 45 миллион сомнан астам (1 миллион АҚШ долларына жуық – ред.) капиталы бар адамдар мемлекетке бір рет 450 мың сом көлемінде салық төлейді. Мұндай ауқатты адамдар жыл сайын декларациясын өткізіп отыруға міндетті. Ал капиталы 45 миллион сомға жетпеген азаматтар нотариусқа тек 150 сом ғана төлейді.

Қырғызстанда мүліктерді декларациялау процесі 2013 жылдың шілде айында басталған болатын. Заңға сәйкес, әрбір азамат өзінде бар мүліктерді өзі бағалайды, бірде-бір органның бұл деректерді тексеруіне құқығы жоқ. Мемлекеттік салық қызметінің хабарлауынша, 2016 жылы біртұтас салық декларациясын тапсыруға барлық азаматтар міндеттелмек.

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ОТЫРЫП БАЮ»

Қырғыз миллионерлеріне қатысты қоғамда әртүрлі түсінік пен болжамдар бар. Әділет министрлігінің бөлім бастығы Марипа Сейдалиева миллионерлердің аты-жөндері құпия сақталатынын айтады.

Бішкектегі үкімет үйі.

Бішкектегі үкімет үйі.

«Заңға сәйкес, олардың аты-жөндері құпия сақталады. Декларацияда олардың кім екені – зейнеткер ме, әлде мемлекеттік қызметкер ме, ол жағы көрсетілмейді, ол жерде мұндай пункт жоқ. Нотариус бланкіге тек аты-жөні мен табыс және мүліктері туралы деректерді енгізеді» дейді Сейдалиева.

Қырғыз мамандардың бағалауынша, Қырғызстанда табысы 10 миллион доллардан асатын 100-ден астам адам бар. Олардың көбі – бұрынғы шенеуніктер мен жоғары лауазымды тұлғалар. Ал олардың арасында кәсіпкерлікпен айналысатындары саусақпен санарлық.

«Ақша мен билік» газетінің редакторы Турат Әкімовтің ойынша, Қырғызстанда кейбір тұрғындар мемлекеттік қызметте отырған кезде баюға тырысады. Әдетте олар салық та төлемейді.

Қырғызстандық «Ақша мен билік» газетінің редакторы Турат Әкімов.

Қырғызстандық «Ақша мен билік» газетінің редакторы Турат Әкімов.

«Қырғызстанда мұндай адамдар байлықтарын декларациямен ашық көрсетуге қиналады, себебі олар ақшаның қайдан келгенін ашып айта алмайды. Бізде сондай ірі кіріс әкелетін кәсіпорындар жоқ қой. Ауқатты адамдардың барлығы да – мемлекеттік қызметте отырып байыған адамдар. Олар билікке өздерінің мүлкін қорғау үшін келеді. Салық төлемеу үшін өздерінің мүліктерін туыстарының атына тіркейді. Шенеуніктердің табысы мен мүлкін білу үшін олардың туыстарының жағдайын зерттеу керек» дейді ол.

«ТУЫСТАРЫН ТЕКСЕРСІН»

Қазақстандағы біртұтас салық декларациясын тапсыру процесі Қырғызстанмен қатарлас келеді. Қазақ үкіметі 2015 жылдан бастап біртұтас табыс декларациясына біртіндеп өтуді жоспарлап отыр. Оған сәйкес, әуелі мемлекеттік қызметкерлер, кейіннен барлық азаматтар декларация өткізуге міндеттеледі.

Қазақстан үкіметі шенеуніктерінің қызмет көліктері.

Қазақстан үкіметі шенеуніктерінің қызмет көліктері.

Жемқорлықпен күрес туралы заң бойынша мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, судьялар жылына бір мәрте табыс және мүлік декларациясын тапсыруға тиіс. Бірақ оны БАҚ арқылы жариялауды міндеттейтін норма жоқ.

Салық бойынша адвокат, қазақстандық заңгерлер лигасының басқарушы серіктесі Жангелді Сулеймановтың айтуынша, Қазақстан заңында табысын жасырғаны үшін арнайы жауапкершілік қарастырылғанмен іс жүзінде бұл норма жұмыс істемейді.

«Мұны (шенеуніктердің табысын жасырып қалуын – ред.) жою үшін заңға сәл өзгерістер енгізу керек. Ашықтық қажет. Менің ойымша, егер оларды декларацияны сайтқа орналастыруға міндеттесек, бұл мәселе белгілі бір деңгейде шешіледі деп ойлаймын. Қоғамдық бақылау қажет» дейді ол.

Жангелді Сулейманов көптен бері «шенеуніктер қағаз жүзінде тіркеген мүліктерін емес, шын мәнінде өмірде қолданатын мүліктерін тіркесін» деген идея айтып келеді. Алайда бұл идеяны қоғам қолдағанмен, билік назар аудармай келеді.

«Форбс» басылымы Қазақстандағы ең бай адамдар тізіміне енгізген Болат Өтемұратов (сол жақта) пен Патох Шодиев (ортада). Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

«Форбс» басылымы Қазақстандағы ең бай адамдар тізіміне енгізген Болат Өтемұратов (сол жақта) пен Патох Шодиев (ортада). Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

«Шенеуніктердің мүліктерінің барлығы дерлік үшінші адамның атына тіркелген. Қағаз жүзінде оларда ештеңе жоқ. Ешбір жерде, халыққа қызмет көрсету орталығында жоқ. Ал іс жүзінде олар жақсы жағдайда өмір сүріп жатыр. Егер оларды өздері күнделікті қолданып жүрген мүліктерін тіркеуге міндеттесе, жағдай басқаша болар еді. Өкінішке қарай, бұл идеяны халық қолдағанмен үкімет қолдаған жоқ» дейді ол.

2014 жылы Forbes-тың әлемнің ең бай адамдары тізіміне Қазақстаннан бес адам кірген. Олар – Болат Өтемұратов, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен қызы Динара Құлыбаева, Алиджан Ибрагимов және Владимир Ким.

(Мақалада Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің мәліметтері пайдаланылды).

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG