Accessibility links

Үш жыл Қазақстанда күңдікте болған қыз


Жұмагүл Жүсіпқызы.
Жұмагүл Жүсіпқызы.

Үш жыл Қазақстанда күңдікте болған қырғызстандық Жұмагүл Жүсіпқызы еліне оралған соң туыстарын зорға тапты.

«Замандаш» қауымдастығының Қазақстандағы өкілдерінің арқасында қырғыз қызы жақында күңдіктен босатылды. Үш жыл бұрын оны «темекі жапырағын жинап, көп ақша табасың» деп алдаған Нұрила есімді әйел күңдікке сатып жіберген. Жұмагүл өзінің нақты мекен-жайын ұмытып қалған, сондықтан оның жақындарын табу проблемаға айналған.

Наурыздың 23-і күні 25 жасқа толатын Жұмагүл Жүсіпқызы Қырғызстанның Ноокат ауданында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, туыстары Ұрқия Салиева атындағы ауылда тұрады. Ата-анасы, үш әпкесі бар, ал өзі - үйдің кенжесі.

Жұмагүлдің сөзіне қарағанда, үш жыл бұрын оған Нұрила есімді әйел «Қазақстанда жұмыс істеуді» ұсынған. Содан кейін Алматы облысындағы Маловодное ауылына алып келіп, күңдікке сатып жіберген.

- Бұл әйел бұрын да адам саудасымен айналысқан, бұл оның негізгі кәсібі ғой деймін. Ол жақта басқа қырғыздар да болды. Қожайын үнемі ұра берген соң, шыдамай қашып кеттім. Маловодное ауылында адасып жүргенімде бір қазаққа кездестім. Оған үй шаруасымен айналысатын қыз бала керек екен. Оның екі қызы Алматыда тұрады. Әр күн сайын 60-қа жуық сиыр сауып, қора тазалауға тура келді. Ол сиырдан басқа 70-80-дей жылқы ұстады, бұл малдарды тағы бір адам бағып жүр, - дейді Жұмагүл Жүсіпқызы.

Сөйтіп, Жұмагүл бір қожайыннан құтылып, екінші адамның күңдігіне түскен. Ол жиі қол жұмсайтын қожайыннан қашуға бірнеше рет әрекет жасап көрген. Бірінші мәрте қайтып келуге мәжбүр болса, екінші рет қашқанда қожайынның өзі артынан көлікпен қуып жетіп, үйге әкеліп, қатты соққыға жыққан.

Бір күні Жұмагүл қожайынға қонаққа келген қырғызбен тілдесіп қалады. Қыз оған үйіне кеткісі келетінін айтқан. Қонақ кісі бұл жайтты Алматыдағы базарда жұмыс істейтін Алмаз Қадыровқа жеткізген, ал ол «Замандаш» қауымдастығына хабарлаған. Сөйтіп олар консулмен және жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге ауылға келіп, қызды күңдіктен босатады.

- Маловодное ауылы Алматыдан әжептәуір алыста, далалы жерде орналасқан. Олар совет заманынан қалған жаман қорада тұрған. Біз онда консулдық қызметкерлерімен және полициямен бардық. Біраз сұрау салып жүріп, Жұмагүлді тауып алдық. Ал қожайындар жақын маңнан ешқандай қырғыз көрген жоқпыз деді. Полицейлер қожайынның үстінен арыз түсіруді ұсынды, бірақ Жұмагүл мектепте мүлде оқымағандықтан, хат танымайды – арыз жаза алмады. Алматыда базардағы қырғыздарға айтып, қыздың киім-кешегіне, азығына, Бішкекке баратын жолына жылу жинап бердік, - дейді Алмаз Қадыров.

Күңдіктен босаған қыз ақпанның 5-і күні Қырғызстанға жөнелтілді. Туыстарын тапқанға дейін ол әйелдердің уақытша паналайтын орнында тұратын болған.

Бейресми деректерге қарағанда, Қырғызстанның жүздеген азаматы Қазақстанда құлдықта (күңдікте) жүр. 1990-жылдары қырғызстандықтар нәпақа табу үшін шетелге ағылып, біразы құлдыққа түсіп қалған. «Замандаш» қауымдастығының өкілі Туратбек Аманбаевтың айтуынша, олар қырғызстандықтарды құлдықтан босатумен бұрыннан айналысып келеді. Мәселен, былтыр ұйым өкілдері 17 жастағы Ұлан есімді жігітті құлдықтан босатқан.

Туратбек Аманбаевтың айтуынша, елден тысқа кетіп жатқан азаматтардың тағдырына үкімет жауапты болуы керек. Оның айтуынша, СССР күйрегеннен кейін, Қырғызстанда жағдай нашарлап, жұрт Қазақстандағы темекі алқаптарына, қара жұмысқа жалдана бастаған.

- Ол кезде кеткендердің көпшілігі шаласауатты еді. Осыны жақсы білген Қазақстандағы жұмыс берушілер олардың құжаттарын тартып алып қойған, ұрып-соққан, қысым жасап, қорқытқан, сондықтан олардың көбінің психологиялық ауытқулары бар. Мұндайды болдырмау үшін үкімет және жергілікті басшылар шетелге нәпақа табуға кетіп жатқан азаматтардың тағдырын қадағалап отыруы керек. Ал отандастарымыз алдымен бір жаққа шығардан бұрын сауаттарын ашып, өз құқықтарын қорғауға машықтануы керек. Шекарада тіпті қарапайым миграция құжатын толтыра алмай тұрған жастарды көп көреміз. Ал олардың ертең өз құқықтарын қорғауына ешкім кепілдік бере алмайды, - дейді Аманбаев.

Соңғы екі жыл ішінде шетелдерге жұмыс істеуге кеткен 246 Қырғызстан азаматы құлдықтан босатылған. Ал 404 азамат түрлі жағдайларда қаза тапқан.

Осы мақала әзірленіп жатқанда Жұмагүл Жүсіпқызының анасын тапқаны хабарланды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына қыздың ауылдасы Талант Бекбаев айтқан. Оның сөзіне қарағанда, Жұмагүлдің анасы Ноокат қаласында тұрады. «Ош өңіріне шығып барамыз. Онда Жұмагүлдің 70 жастағы анасы тұрады. Бізге айтқанына қарағанда, анасы қаражат тапшылығы кесірінен қызын іздей алмаған» дейді Талант Бекбаев.

(Замира Қожабаеваның мақаласын орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG