Accessibility links

Құнарлы асқа жарымаған Қырғызстанда бала өлімі көбейген


Нәресте ұстаған ана қайыр сұрап отыр. Бішкек. 21 шілде 2011 жыл.

Нәресте ұстаған ана қайыр сұрап отыр. Бішкек. 21 шілде 2011 жыл.

Елдегі бес жасқа дейінгі балалар өлімінің төрттен бірінің себебі - жеткіліксіз тамақтану.


Кедейлік, денсаулық пен білім беру жүйелерінің жетілмеуі, азық-түлік пен қаржы дағдарысының салдары да бұл мәселені үдете түсті дейді «Азаттық» радиосы орталық жаңалықтар бөлімінің тілшісі Кортни Брукс пен радионың қырғыз қызметінің тілшісі Қубат Қасымбеков.

ЕТ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА

Қырғызстандық Шынар Маматбекова тоғыз баласының тамағын әрең тауып отырғандығын айтады:
Шынар Маматбекова ұлдары Аман және Есенмен бірге. Ақжар ауылы. Бішкек маңы. 11 шілде 2011 жыл.

- Қазір бұл шынында да өте қиын. Бір килограмм еттің өзі соншама қымбат. Мен сияқты көп балалы отбасылар күнделікті ет жеуден қалды. Бар болса - жейміз, болмаса - жемейміз. Жеп жүрген азығымыз дәрумендерге тапшы. Көбінесе, тамағымыз макарон мен күріштен тұрады. Несін жасырайын, не тапсақ, соны жей саламыз, - дейді Шынар Маматбекова.

Маматбекованың алаңдауы тегін емес. ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік банктің соңғы баяндамасында Қырғызстандағы бес жасқа дейінгі бала өлімінің 22 пайызы асқа жарымаудан болатыны айтылған.

Баяндамада сәби кезіндегі тамақтың аздығы баланың келешекте дамуы мен ойлау қабілетін тежейтіні айтылған. Ел бойынша бес жасқа толмаған балалардың 14 пайызының өсуі мешеулеген. 3 ауданда бұл сан тіпті 20 пайызға дейін жетеді.

Дүниежүзілік банктің денсаулық сақтау саласының бас маманы әрі баяндаманың бас авторы Тамир Рабидің мәлімдеуінше, көбінесе ауылдық жердің халқы тамаққа жарымайды. Бұл аймақтардағы балалар дамуының артта қалуы қалалық жерлерге қарағанда көбірек кездеседі. Бұл көрсеткіш қалада 10,8 пайызды құраса, ауылдық жерлерде 15,7 пайызға дейін жетеді.

Жеткілікті мөлшерде тамақтанбау қырғыз экономикасына жыл сайын 32 миллион доллар залал келтіріп жатыр.Оның 4,5 миллион доллары болашақ жұмыс күші - балалардың мерт болуынан келеді. Қалған шығын - баланың өсудің баяулауынан, ақыл-есті азаюынан, йод жетіспеушілігінен.

Баяндамада баланы тамақтандыру амалын өзгерту арқылы шығында 6,25 миллион долларға азайтуға болатынын айтты. Мысалы, сәбиді алты айға дейін тек қана емшек сүтімен тамақтандыру керек, қазіргі тамақтану бағдарламаларын ұлғайту қажет.

Рабидің айтуынша, 2008 жылғы азық-түлік және қаржы дағдарысы Қырғызстанның тамақтануына қатты әсер еткен. Сол жылдың соңына қарай азық-түлік бағалары 30 пайызға өсті. Содан бері халық (арасында екіқабат әйелдер мен балалар да бар) құнарлы тамақтан айырылды.

ЙОД ТАПШЫЛЫҒЫ

Йод тапшылығының артуы да халық денсаулығына қатты әсер етті.

- Әлемдегі ақыл-ой кемтарлығының негізгі себебі йод тапшылығы екендігі сөзсіз. Бұл, әсіресе, жүктіліктің алғашқы айлары мен сәбилік шақта кеселін тигізеді. Йод тапшылығы миды өмір бойы зақымдайды. Ал ол баланың білім алуына, болашақ күнкөрісіне кері әсер етпек. Бұның барлығы елдің әлеуетіне әсер етеді, - дейді Дүниежүзілік банктің денсаулық сақтау саласының бас маманы Тамир Раби

"Йод тапшылығының негізгі себебі – тұздың тиісті мөлшерде йодталмауы" дейді Раби. Оның айтуынша, кейбір тұздың йодталмауы былай тұрсын, йодталған тұздың өзінде йод мөлшері жеткіліксіз. Дүниежүзілік банк тұз құрамындағы йод мөлшерін тексеру үшін Қырғызстанға арнай құралдар жеткізді.
Дордай базарындағы нан сатып тұрған балалар. Бішкек. 2006 жыл.


"Құнарлы асқа жарымаудан туындаған анемия секілді аурулар да балалардың IQ деңгейінің, ересектердің еңбек өнімділігінің төмендеуіне әсер етеді" дейді Раби.

Рабидің айтуынша, қырғыз үкіметі азық-түлік тапшылығымен күресіп жатқанымен, ана мен бала денсаулығына байланысты мақсаттарына жету үшін әлі көп жұмыс істеу керек.

Баяндама авторының бірі, ЮНИСЕФ өкілі Ража Мсефер Берраданың айтуынша, Орталық Азиядағы бес елдің арасында Тәжікстанның жағдайы ғана Қырғызстаннан төмен. "Алайда салыстырып көруге басқа елдердегі тамақтану жайлы мәлімет көлемі жеткіліксіз" дейді ол.

Беррада Қырғызстан оқу орындарындағы үлгерім көрсеткішінің төмендігін құнарлы тамақтың жетіспеушілігімен байланыстырады:

- Қырғызстандағы оқушылардың білім жетістіктері біршама төмен екендігі белгілі. Әрине, ол білім жүйесінің сапасына да байланысты. Алайда балалардың сәби кезінде дұрыс қоректенбеуі, тағамда тиісті мөлшерде микроэлементтер болмауы оқуға да әсер етеді, - дейді Беррада.

АНА СҮТІНЕ ЖАРЫМАУ - АУРУДЫҢ БАСЫ

Баяндама нәрестелерді алты айға дейін тек қана ана сүтімен тамақтандыруға дағдыландыруды, одан соң ғана қосымша тамақ беруді, әйелдердің ақуызға бай тамақ жеуі керегін айтады. Жаңа туған нәрестелердің 65 пайызы емшек сүтін емеді. Алайда үш айлық сәбидің 40 пайызы, ал алты айлық балалардың тек 32 пайызы ғана ана сүтімен қоректенеді.

Сәбидің ана сүтіне жарымағанына қоса, денсаулық сақтау жайы да бар. Мысалы, преэклампсия мен қан қысымының жоғарылауына, басқа да инфекцияларға аналар мен дәрігерлер немқұрайды қарайды.

Рабидің айтуынша, преэклампсия кесірінен нәрестелердің салмағы азайып туады, кемтар болуы да мүмін. Диарея инфекциялары жеткіліксіз тамақтануға да душар етеді. Бұл, әсіресе, бес жасқа дейінгі балалар арасында қауіпті құбылыс.
Су тасыған балалар. Қарақабақ ауылы. Ош облысы. 16 тамыз 2011 жыл.


Диареяға қарсы мырышқа рұқсат беруден басқа баяндамада айтылған ұсыныстардың барлығы іске асып жатыр, тек олардың қолданыс аясын кеңейту керек.

Ол міндеттер - анемияның алдын алу үшін керекті микроэлементтермен, темір фолий қышқылымен қамсыздандыру, тұзды жаппай йодтау (2006 жылы оның тек 76 пайызы йодталған еді), ұнды дәрумен және минералдармен байыту (үкімет бар күшін салғанымен, қазір оның 10 пайызы ғана байытылған). Баяндамада балаларды бірнеше құнарлы ұнтақтармен қамтамасыз етіп, қазіргі дегельминтизациялау бағдарламаларын кеңейту ұсынысы да жасалды.

Баяндама авторлары тамаққа жарымай жүрген балаларды қоректендіру үшін қоғамдық негіздегі бағдарлама ұсынды. Қазіргі бағдарламаның тек қана медициналық мекемелерде жүргізіліп жатқаны айтылды. "Соның ықпалын қоғамдық деңгейге жеткізу арқылы жүздеген мың баланың өмірін сақтап қалуға болады" дейді баяндама авторлары.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG