Accessibility links

Жовтисті жақтаушылардың петициясы Қырғызстаннан ғана емес, Норвегиядан да жіберілді


Полиция қызметкері қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтисті сот залынан ұстады. Бақанас, 3 қыркүйек. "Свобода слово" газетінің суреті.

Полиция қызметкері қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтисті сот залынан ұстады. Бақанас, 3 қыркүйек. "Свобода слово" газетінің суреті.

Азаттық радиосының сауалына жауап берген Қазақстанның Бішкектегі елшілігі Евгений Жовтис жолаушыны қағып кеткені үшін жазалануы тиіс деп хабарлады. Қырғыз құқық қорғаушылары болса Жовтисті қолдау акциясын жалғастыра бермек.

Бейсенбі күні Азаттық радиосы Қазақстанның Бішкектегі елшілігінен қырғыз құқық қорғаушыларының Қырғызстандағы қазақ елшісі Бейбіт Исабаевқа жолдаған петициясына қатысты ресми жауап алды.

Осыдан бір күн бұрын тапсырылған бұл петицияда Қырғызстанның құқық қорғаушылары Қазақстан билігінен адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің ісі бойынша сот процесінің әділ өтуін талап етіп, сондай-ақ ел ішінде адам құқының бұзылуына жол беріп отырған Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге лайықты емес дегенді айтқан болатын.

Осы екі талаптан туындаған сауалдарды Азаттық радиосы бейсенбі күні Бішкектегі қазақ елшілігіне қойған еді, сауалдардың жазбаша түрдегі жауабы редакцияға түсті.

ЖАРТЫМСЫЗ ЖАУАП

Елшіліктің баспасөз қызметінен келген бұл хатта қырғыз құқық қорғаушылары тапсырған петиция талаптары туралы ештеме айтылмаған. Бішкектегі қазақ елшілігі Қазақстан азаматы Евгений Жовтиске қатысты шығарылған сот шешіміне түсініктеме берумен ғана шектелген.

«Шығарылған үкімге сәйкес Евгений Жовтис, өз көлігімен келе жатып, қарсы бағыттағы көліктердің жарығын көре тұра жылдамдықты бәсеңдетпеген (80-90 км/сағ), соның салдары адам өліміне әкеп соқтырды» делінген елшіліктің түсініктемесінде.

Бұған қоса елшіліктегілер құқыққорғаушының сотталуы орынды деп есептейді.
Шығарылған үкімге сәйкес Евгений Жовтис, өз көлігімен келе жатып, қарсы бағыттағы көліктердің жарығын көре тұра жылдамдықты бәсеңдетпеген (80-90 км/сағ), соның салдары адам өліміне әкеп соқтырды...


«Бұл жағдайда Е. Жовтис ҚР жол жүру ережесінің 10.1 пунктін бұзды. Соның негізінде, Е. Жовтис заң бұзушы ретінде, ұлттық заңнамаларға сәйкес жауапқа тартылуы керек. Сол себепті Е. Жовтиске 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылып, жазаны абайсызда қылмыс жасағандардың түрмесінде өтейді» деп жазылған Бішкектегі қазақ елшілігінің баспасөз қызметінен Азаттық радиосына келген хатта.

Бұған дейін Азаттық радиосы Бішкектегі қазақ елшілігі петиция иелерінің талаптарына жауапты жақын күндері беретіндігін хабарлаған болатын. Алайда қырғыз адам құқығын қорғаушылар қазақ елшілігі өздеріне әлі жауап бермегіндігін айтып отыр.

- Қырғыз құқық қорғаушылары алдағы бір аптаның көлемінде Қазақстан елшілігімен петиция талаптарының жауабына қатысты келіссөздер жүргізетін болады. Евгений Жовтиске қатысты мәселе Варшавада өтетін конференция барысында талқыланатындығы анық, - деді «Азаматтар сыбайласқан жемқорлыққа қарсы» орталығының директоры Төлехан Исмаилова.

29 қыркүйек пен 9 қазан аралығында Польша астанасында адамзат өлшемі туралы конференция өтеді.

НАЗАРБАЕВҚА НОРВЕГИЯДАН

Бұл уақытта Норвегияның құқық қорғаушылары да Евгений Жовтиске қолдау көрсетті. Парламенттік сайлауларды бақылау үшін Норвегияға барған ТМД елдерінің азаматтық қоғам белсенділері сәрсенбі күні қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтистің ісі бойынша соттың әділ өтуін талап етті.

37 белсенді қол қойған мәлімдемеде Жовтиске қатысты сот үдерісінде заңбұзушылықтардың болғандығы айтылған. Белсенділер бұл мәлімдемесін сәрсенбі күні Норвегиядағы Қазақстан өкілдігіне тапсырған. Осы хатты қабылдап алған елшілік өкілі бірлескен мәлімдеме дипломатиялық пошта арқылы Қазақстан президенті әкімшілігіне жолданатындығын айтқан.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Жовтисті қолдау шаралары Алматы, Мәскеу, Бішкек, Варшава қалаларында да ұйымдастырылды.

Қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG