Accessibility links

Қызылағашқа қасірет шектірген апатқа бір жыл толды


Қызылағашта 2010 жылы наурыздың 12-сі болған апат құрбандарына орнатылған ескерткіш. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл.
Қызылағашта 2010 жылы наурыздың 12-сі болған апат құрбандарына орнатылған ескерткіш. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл.

Алматы облысындағы Қызылағаш ауылының тұрғындары наурыздың 11-і күні осыдан тура бір жыл бұрын апатта опат болғандардың рухына бағыштап үлкен ас өткізуге жиналды. Арада жыл өтсе де, Қызылағаш қасіретінің ізі қалып қойды.


Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында болған апатқа бір жыл толды. Былтыр наурыздың 12-сі күні Қызылағаш су қоймасы жарылып, апат салдарынан 45 адамның өмірін қиылған еді.

Жұма күні ауыл тұрғындары апат құрбандарына ауылда тұрғызылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, марқұмдарға бағыштап құран оқыды. Бұдан соң ауылда арнайы ас берілді.


ҚАЙТА САЛЫНҒАН АУЫЛ

Бүгінгі Қызылағаш ауылы алыстан қарағанда шағын қалашыққа ұқсайды: біркелкі салынған үйлер көше бойында түзу орналасқан, жолдарға асфальт төселіп, ауыл көшелеріне жарық шамдары да ілінген.

Алайда ауылда қалаға тән инфрақұрылым жоқ. Тұрғындардың сөзінше,
Қызылағаш ауылының тұрғыны Қыдырхан Әбиев. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл.
қазір ауылда малы барлардың ғана жағдайы жақсы. Ал малы жоққа өлместің күнін көруге туралы келеді дейді тұрғындар.

Қызылағашта Азаттық тілшілері өткізген бір күнде ауыл тұрғындары өз өмірлерінің күрт өзгергендігін айтып жатты. Апат ауылдағы мал-мүлікті түгелдей дерлік жұтты, кейбір адамдардар туған-туыстарынан айырылды.

Ресми мәлімет бойынша, тасқынынан кейін төрт айдың ішінде 460-тан астам үй жаңадан салынып, 30 үй бастан-аяқ жөнделген. Дегенмен, осыншама жылдам салынған саны көп үйлерді сапасы суық түскенде-ақ көріне бастады дейді тұрғындар.

– Үйіміздің қабырғаларын қарасаңыз мына жағы да, ана жағы да жарылған. Төбеден бастапқы кезде тамшылап су да ақты. Оны кейін жігіттер келіп қайта жөндеп салып берді. Шарбақтағы есіктерде сынып қалды. Желге қарсы салынған. Бұл жерде жел көп болады ғой өзі, – дейді ауыл тұрғыны Қыдырхан Әбиев.

Оның көршісі Құралай Асылбаева да өз үйінің қабырғасы жарылып жатқандығын айтты. Оның сөзінше, шағым айтып әкімдікке барғанда, ондағылар «осы көктемде қайта жөндеп береміз» деп қайтарыпты.


ЖЫЛУ МЕН АУЫЗ СУ


Қос көршінің сөзінше, үйлердің тек сырты ғана емес, іші де сын көтермейді. Үй ішіндегі жылуы жүйесі дұрыс жылытпайтындықтан отбасындағы жандар қыс бойы ауырып шыққанын айтады.

– Бұрынғы үйіміз төрт бөлмелі, іші жып-жылы еді. Пешін өзім салып, барлық жағдайымды жасап едім. Моншам, гараж, мал қорам да болды. Апат кезінде соның барлығынан да айырылдым. Әйтеуір туғандарым аман,
40 және 10 литрлік ыдыстармен су көтерген ауыл тұрғыны Құралай Асылбаеваға (сол жақта) көршісі жәрдемдесті. Қызылағаш ауылы, Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл.
соған шүкір. Қазір мына үш бөлмелі үйлердің тек пеш жанатын ас үйі ғана жылы. Ал қалған бөлмелер сұп-суық, – дейді Қыдырхан Әбиев.

Құралай Асылбаева үйінде жыл басынан беру ауыз судың жоқтығын да атап өтті. Суық түскелі бері үйіне қарай тартылған су құбыры қатып қалып, соның салдарынан соңғы үш айдан бері Құралай ауыз суды көршілерінен тасиды екен.

– Қаңтардан бері күнделікті 40 литр суды 10 жасар ұлым Ермек екеуміз көршілерден тасимыз. Әкімдіктегілер «көктемде күн жылынғанда жөндейміз» деп уәде беріп кетті, – дейді Құралай Асылбаева.


Әйтсе де, осындайларға қарамастан Құралайдың хал-жағдайы «жақсылардың» қатарында. Өйткені қолында оншақты малы бар. Соның арқасында ас-суын айырып отыр. Ал малсыз қалғандар мүлдем қиналып қалды дейді Азаттық тілшісімен сөйлескен ауыл тұрғындары.


ҚҰРҒАҚ УӘДЕ

Қызылағаш тұрғындары өздеріне уәде етілген қаржылай көмекті әлі толығымен алмағандарын айтады.

– Басында 120 мың теңге төлейміз деген. 15 мың теңгеден үш ай алдық,
Қызылағаш өзені үстінен қайта салынған көпір. Қызылағаш ауылы, Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл.
одан кейін алғамыз жоқ, – дейді Азаттық тілшісіне сұқбат берген ауыл тұрғындарының бірі Тұрар Сайрамбекова.

Оның сөзінше, апаттан кейін Қызылағашқа жер-жерлерден жіберілген азық-түлік пен киім-кешектердің бірі жетсе, кейбірі жетпей қалған.

– Оның барлығын айтып, өткенде ауылдағылар жиналыс ашып әкімдікке барса, ондағылар «сот арқылы алыңдар» деп қорқытыпты. Мен өзім денсаулығыма байланысты үйден де шыға алмай, жиналысқа бара алмадым, – дейді Тұрар әжей.

Қызылағаш тұрғындарының бүгінгі жай-күйі осындай. Мәселеге қатысты жергілікті билік өкілдерімен сөйлесіп, түсініктеме алу үшін Азаттық тілшілері күні бойы ауыл әкімдігіне бірнеше рет соққанымен әкімді орнынан таба алмады.


ҮКІМ

Былтыр наурыздың 12-сіне қараған түні қар аралас жауған нөсерден суға толған Қызылағаш су қоймасы жарылып, миллиондаған текше метр су жолдағысын түгел жайпап, тұтас ауылды басып қалған еді. Ресми деректер бойынша апаттан 45 адам қаза болды, ауыл үйлері түгелге жуық қирап, жүздеген мал қырылып қалды.

Бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған сот биыл ақпан айында апатқа кінәлі деп танылған су бөгетінің иесі, «Қызылағаш» кооперативінің басқарма төрағасы Қуаныш Бекеевті, Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов пен оның інісі – «Қызылағаш» кооперативінің директоры Мұхит Жүнісовті бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Ауыл тұрғындарының арасында соттың бұл үкіміне наразылар да бар. Олар «ондаған адамның өмірін қиған апатқа кінәлілер үшін бұл тым жұмсақ жаза» деп санайды.
XS
SM
MD
LG