Accessibility links

Қызылағашқа жиналған көмек ақша дау шығарды


Қызылағаш ауылы тұрғындарының наразылық жиыны. Алматы облысы Қызылағаш ауылы, 23 сәуір 2011 жыл.

Қызылағаш ауылы тұрғындарының наразылық жиыны. Алматы облысы Қызылағаш ауылы, 23 сәуір 2011 жыл.

Бірнеше азамат жиналған ақшаға кәсіпорын ашып, техника сатып алған екен. Енді олар ауыл тұрғындарына ақылы қызмет көрсетіп отыр.


Өткен жылы Қызылағашта апат болып, ауылды тұтастай су шайып кеткенде жан-жақтан көмек ретінде шамамен 200 миллион теңгедей қаржы жиналған еді. Бұл ақшаға төрт азамат механизациялық техникалық станциясы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрыпты.

«БӨТЕН БІРЕУЛЕР»

Алматы облысындағы Қызылағаш ауылы әкімдігінің алдына жиналған жұрт «кезінде қайырымдылық қорына жиналған қаржының қызығын бөтен біреулер көріп отыр» дегенді айтады.

– Бұл біздің барлығымызға берілген қаржы еді. Ал оны енді біреулер иеленіп, «Қызылағаш ЛТД» ЖШС құрып алыпты. Енді өз қамын ойлап, пайда таппақ, – дейді Азаттыққа ауыл тұрғындарының бірі Алмасбек Садырбаев.

Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, қор қаржысы негізінде құрылған серіктестік ауыл тұрғындарының арқасында пайда табуды көздеп отыр.
«Қызылағаш ЛТД» ЖШС директоры Мұхтар Ибрагимов. Алматы облысы Қызылағаш ауылы, 23 сәуір 2011 жыл.
Себебі серіктестік сатып алған барлық комбайндар мен тракторлардың қызметі – ақылы. «Қызылағаш ЛТД» серіктестігінің директоры Мұхтар Ибрагимов те мұның рас екенін мойындады, бірақ салыстармалы түрде өз қызметтерінің ақысының арзан екендігін айтып ақталды.

– Біздікі – өте төмен баға. Мысалы, қант қызылшасының гектарына 2500 теңге аламыз. Ал егістікті 2300-ден жыртамыз. Кейде қолымыз тимей басқа шаруа қожалықтарына барсақ, олар «бұл баға тым төмен» деп, егістікке шықпай қояды, – дейді Мұхтар Ибрагимов.

«БӨТЕН ЕМЕС»

Мұхтар Ибрагимовтың сөзінше, «Қызылағаш тұрғындары жоқ жерден шу шығарғанды әдетке айналдырған, серіктестік басшылары да бөтен емес».

– Бөтен емес. Біздің құрылтайшыларымыз – осы Ақсу ауданының ақсақалдар алқасы. ЖШС ашылғалы бері осындағы күзетшісінен бастап 21 адам, осы ауылдың адамдары жұмыс істейді. Енді білмеймін мен бұларға не керегін, – дейді серіктестік директоры.

Ал ауыл тұрғындары меншіктің серіктестіктен өзге формасы болу қажет деседі.

– Қызылағаш тұрғындарының мүддесін көздейтін, тұрғындар өздері басқара алатын меншіктің басқа формасы болуы керек. Яғни бұл коммерциялық құрылымның құрылтайшысы болып барлық Қызылағаш тұрғындары тіркелуі керек. Мәселен, өндірістік кооператив болсын. Сол кезде барлық тұрғындар жұмылдырылады, – дейді фермер Алмасбек Садырбаев.

Алайда серіктестік директоры өздерінің халық үшін жұмыс істеп жатқандарын айтады.

– Біздің жарғымызда көрсетілгендей, сатып алынған бірде-бір техника ешқайда кетпейді. Несиеге немесе басқа жолдармен жоғалып кетпейді. Біз тоқсан сайын өз жұмысымыздың есебін береміз. Ақсақалдар алқасы
Қызылағаш су қоймасы тұрған шатқал. Алматы облысы Қызылағаш ауылы, 23 сәуір 2011 жыл.
қадағалайды. Ешкім ішіп-жеп жатқан жоқ. Барлығымыз осы халық деп жүгіріп жүрміз, – деді «Қызылағаш ЛТД» серіктестігінің директоры Мұхтар Ибрагимов

Қызылағаш ауылында өткен жылы наурыздың 12-сіне қараған түні су қоймасы жарылып, апаттан 45 адам қаза болған еді.

Бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған сот биыл ақпан айында су бөгетінің иесі, «Қызылағаш» кооперативінің басқарма төрағасы Қуаныш Бекеевті, Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов пен оның інісі – «Қызылағаш» кооперативінің директоры Мұхит Жүнісовті апатқа кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG