Accessibility links

Қызылағаш апатының құрбандары сергелдеңнен құтылар емес


Дәуітхан Керімов, кәсіпкер, Қызылағаш ауылының тұрғыны. Алматы, 2 тамыз 2011 жыл

Дәуітхан Керімов, кәсіпкер, Қызылағаш ауылының тұрғыны. Алматы, 2 тамыз 2011 жыл

Ауыл тұрғындары «бөлінген қаржы талан-таражға түсті, былтыр үш айда салынған үйдің құжаттарын аудан әкімшілігі бір жыл бойы бере алмады, оның үстіне Қызылағаштың жайлауын көлденең көк аттыға ұстатып жіберді» дейді. Ал Ақсу ауданының әкімі керісінше пікір айтады.


Өткен жылы Қызылағаш ауылын су шайып, апат болғанда жәрдем ретінде жан-жақтан жиналған қаржының Ақсу ауданы әкімдігі жанындағы «Жансүгіров» қорына аударылуына қарсы шыққан Қызылағаш тұрғындарынан 4 адамды аталған қор өзінің бақылау кеңесінің құрамына алған еді.

«ҚЫЗЫЛАҒАШҚА ҚИЯНАТ ЖАСАЛЫП ОТЫР»

Сейсенбі, тамыздың 2-сі күні осы бақылау кеңесіне мүше болған Қызылағаш ауылы тұрғындарының атынан келген топ Алматы қаласында баспасөз мәслихатын өткізді.
Арызданушылар премьер-министр Кәрім Мәсімовке де, қаржы полициясының басшысы Қайрат Қожамжаровқа да, «Нұр Отан» партиясының облыстық жетекшісіне де хат жазып нәтиже шығара алмағанын, енді Қазақстан президенті, әрі «Нұр-Отан» партиясының жетекшісі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдап отырғандарын хабарлады.
Алмасбек Садырбаев, Қызылағаш ауылының тұрғыны, "Жансүгіров" қоры бақылау кеңесінің мүшесі. Алматы, 2 тамыз 2011 жыл

Үндеу авторларының бірі Алмасбек Садырбаев «осы былық-шылықтың бәрі "Нұр-Отан" партиясының төңірегінде болып жатқаны өкінішті. Өзім де «Нұр-Отанның» бір мүшесімін. Егер үндеуден кейін де еш қорытынды болмаса, онда «Нұр-Отан» партиясы қатарынан шығуға дайынмын» деп мәлімдеді.

«ОСТАП БЕНДЕР ЖОЛДА ҚАЛАДЫ»

Баспасөз мәслихатына келгендер «Жансүгіров» қорының бақылау кеңесіне мүше болғаннан кейін көптеген заң бұзу фактілерінің үстінен түскенін айтады.

- Бұл жөнінде қор директорының өзіне де, аудан әкіміне де айттық. Бірақ аудан әкімі қор директорын қорғаштап әлек болып жүр, өйткені оны директор етіп сайлау туралы ұсыныс жасаған әкімнің өзі еді,- дейді олар.

Баспасөз мәслихатын өткізушілердің айтуына қарағанда «Жансүгіров» қорына қарасты «Қызылағаш» МТС-і Қызылағаш ауылына арнап еккен 320 гектар жерге егілген дәнді-дақылдардың 200 гектары Қызылағаштағы 550 үйге тиесілі, ал 100 гектары «Қызылағаш» МТС-інің үш жетекшісіне тиесілі болып шыққан.
Серік Үмбетов наурыз айында «Қызылағаш ЛТД» қорында 150 тонна тұқым бар, қосымша тағы 150 тонна тұқым беремін. Сөйтіп 300 тонна тұқымды 1 мың гектарға сеуіп, түскен өнімді Қызылағаш тұрғындарына бөліп беремін деп еді. Ел қуанды.
Ал көктемде 45-ақ тонна тұқым бар екені белгілі болды.

- Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов наурыз айында «Қызылағаш ЛТД» қорында 150 тонна тұқым бар, қосымша тағы 150 тонна тұқым беремін. Сөйтіп 300 тонна тұқымды 1 мың гектарға сеуіп, түскен өнімді Қызылағаш тұрғындарына бөліп беремін» деп еді. Ел қуанды.
Ал көктемде 45-ақ тонна тұқым бар екені белгілі болды. Ал қалғаны қайда десек, аудан әкімі біресе «ондай тұқым түскен жоқ» десе, біресе «Күреңбел» деген фирмаға беріп едім, қайтармады» дегенді айтып отыр. Ал аудан әкімінің қор жұмысына қандай қатысы бар? - дейді Қызылағаш ауылының өкілі Дәуітхан Керімов.

«Қызылағаш» ауылының тұрғындарының атынан келіп отырғандардың бірі Алмасбек Садырбаев «Қызылағаш қаржысына байланысты талан-таражды тізе берсе, Остап Бендердің өзі жолда қалмақ» деп қосып қойды.

«ЖЕР ҚАЙДА?»

Баспасөз мәслихатын өткізген топ Ақсу ауданы әкімдігіне «Қызылағаштың бағзыдан келе жатқан ен жайлауын көлденең көк аттыларға ұстатып жіберді» деген де кінә тағып отыр.

Баспасөз мәслихатында сөйлеген Алмасбек Садырбаев «Аудан әкімдігі Қызылағаш ауылының тұрғындарын жерсіз қалдырды. Апатқа дейін де, одан кейін ортақ пайдаланылып келген жайлауды сырттан келген 3-4 адам аяқ астынан иеліп шыға келіпті. Ол жерге мал жайымен барғандарды мылтық кезеп, қуатынды шығарды. Сонда қалған жұрт малын қайда жаймақ?» дейді.

«ДҮЙСЕНБІДЕ КЕЛІҢІЗ»

Аталған мәселелерге орай Азаттық радиосының тілшісі Ақсу ауданының әкімі Әскербек Дүйсенбаевқа хабарласқан еді. Аудан әкімі «жайлаудағы жердің бес жылға жалға берілетінін, әрі қарай тағы бес жылға ұзартуға болатынын айтты.

- Ол жерді Қазақстанның қай түкпірінен келген адамға да жалға бере береміз. Дәл қазір жайлаудың 60 пайызы бос жатыр. Алғысы келгендер дүйсенбі күні маған келсін, мың гектар керек пе, екі мың гектар керек пе, 3-4 күнде мәселесін шешіп беремін, содан соң сізге телефон соғып айтайын, - деді әкім.
Әскербек Дүйсенбаев (оң жақта), Ақсу ауданының әкімі 2011 жылдың 27 сәуірінде Қызылағаш ауылының тұрғындарымен сөйлесіп отыр. (2011 жылғы 2 тамызда теледидардан түсірілген сурет).

Әскербек Дүйсенбаев «қор жұмысына қатысы жоқтығын, ал үйлердің құжатын рәсімдеу биыл жаңа жылға дейін аяқталатынын» айта кетті.

Аудан әкімінің бұл уәжінен кейін Азаттық радиосының тілшісі жоғарыда аталған Алмасбек Садырбаевқа телефон шалып, «бос жатқан жерді Қызылағаш тұрғындарының неге алмайтынын» сұраған еді.

Ол:

- Әкім өтірік айтып отыр. Бос жер болса, жұрт барып отыра бермей ме? Әкім айтқан күні сіз де келіңіз. Жаныңызға 25 адам қосып берейін, әкімнен барып сол жерді алып беріңізші - жұрттың барлығы сізге рақмет айтып кетсін, - деді.

Сонымен «әңгіме келесі дүйсенбіге қалды».
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG