Accessibility links

Қызылағаш тұрғындары тасқыннан қырылған барлық малға өтемақы сұрайды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Қызылағаш тұрғыны Қыдырбек Молдақасым. 8 желтоқсан 2010 жыл.

Қызылағаш тұрғыны Қыдырбек Молдақасым. 8 желтоқсан 2010 жыл.

Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғындары көктемде тасқын судан қырылған барлық малға өтемақы төлеуді сұрап отыр. Жергілікті билік мұндай талапты негізсіз деп санайды.


Ауыл тұрғындарының билікке өкпесі бар. Олар биыл көктемде бөген жарылып, ауылды басып қалған тасқын су салдарынан қырылған малға өтемақы төлеуді сұрап шағым айтумен келеді. Бұған дейін билік орындары әр отбасына материалдық жәрдем ретінде 10 қой, бір жылқы мен бір сиырдан берген болатын. Бірақ жұрттың көпшілігі мұны қанағат тұтпай отыр.

Көпбалалы шаңырақтың иесі Қыдырбек Молдақасым қорасында санаулы ғана қой қалғандықтан енді бала-шағасының тамақтан қалай тарықтырмауды ойлап күйзеліп жүргенін айтады.

– Менде 89 бас қой бар еді. Барлығы мал дәрігерінің бақылауынан өткен, тіркеуде тұрған болатын. Тасқын кезінде сол малдың 80 басы шығын болды. Оны көрші-қолаңның бәрі біледі. Бұған дейін барлық шығындарың өтелетін болады деп уәдені үйіп-төккен билік енді келіп сол қырылған малға бізге өтемақы төлеуге көнбей отыр, – деді Қызылағаш тұрғыны Қыдырбек Молдақасым Азаттық тілшісіне.

Оның ауылдасы Жармұханбет Рүстемов өз құжаттарын көрсетіп:

– Өзім екінші топтағы мүгелдекпін, бес бала асырап отырмын, жұмыс жоқ. Енді қалай күнелтеміз, малдың орнын қалай толтырамыз, – деп шағым айтты.

Шаруа қожалықтары иелерінің де өз айтары бар. Олардың кейбірі
Фермер Күнесхан Бектебаева. Қызылағаш ауылы, 8 желтоқсан 2010 жыл.
Алматы облысы Ақсу ауданының билігін кезінде берген уәделі сөзінде тұрмай алдап кетті деп кінәлайды.

– Су тасқыны кезінде ауылдың барлық тұрғындарының қолда бар техникасы істен шықты. Біз аудан әкімі Дүйсебаевқа топ адамның атынан хат жаздық. Ол бізге техникада жағынан көмектесуге уәде берді. Біз, 28 адам, екі күннің ішінде барлық керекті құжаттарды жинап өткіздік, әкім бізге алты миллион теңгенің өтемақысын төлеу жайлы әлгі хатымызға қол қойып берді. Барлығы төленеді деп уәде берген. Бірақ енді келіп бізге ештеңе берілмейді деп отыр. Ал біз техникамыздың орнын толтырып бергенін қалаймыз, – дейді шаруа қожалағының басшысы Күнесхан Бектебаева.



«ЖҰРТТАН ШАҒЫМ ҚАПТАП ТҮСІП ЖАТЫР»

Қызылағаш ауылының әкімі Сәуле Әмитова Азаттық тілшісін көре сала: «Тағы да біреуден шағым түсті ме?» деп сұрады. Журналистің сондай шағым бойынша келіп тұрғанын естіген соң әкім үстел үстінде үйіліп жатқан қағаздарды көрсетті.

– Мінеки, қараңыз, осының барлығы арыз-шағым. Жұрттан шағымдар қаптап түсіп жатыр. Ал мына бір шағымда тіпті екі жасар баланың қолы қойылған. Олар әлі жазу білмейді, ендеше олар қалай қол қойған бұған? – дейді Сәуле Әмитова.

Қызылағаш әкімі ауылда жаңадан механикаландырылған жөндеу стансасы (МТС) салынып жатқанын, қазір онда бірнеше жаңа трактор барын жеткізді. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары сол техниканы арзан бағамен жалға
Қызылағаш ауылының әкімі Сәуле Әмитова. 8 желтоқсан 2010 жыл.
алып, пайдалануына болады. Ал МТС-те жаңадан жұмыс орындары ашылады деп мәлімдеді ауыл әкімі.

Қызылағаш тұрғындары өз айтқан арыз-шағымдарына жергілікті биліктен: «әу бастан мүліктеріңді сақтандыруларың керек еді» деген жауапты жиі еститін болды. Үкімет су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үй салып беріп, ақшалай жәрдем төлеп жеткілікті көмек көрсетті деп санайды билік өкілдері.

Биыл көктемде Қызылағашта болған су тасқыны апатынан ресми дерек бойынша қырықтан астам адам қаза болып, 500-ге жуық үй қираған. Осы апаттың себеп-салдары бойынша қылмыстық іс қозғалып, жеті адамға айып тағылды, олардың арасында апат шыққан су тоғанына иелік еткен «Қызылағаш» кооперативі басқармасының төрағасы Қуаныш Бекеев және Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің қызметкерлері бар. Қазір олардың ісін сот қарап жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG