Accessibility links

110 жастағы әжей әлі азаматтық алмаған


110 жасқа толған Қызылгүл Боранбаеваның құжаты. Қызылорда. 10 мамыр 2012 жыл.

110 жасқа толған Қызылгүл Боранбаеваның құжаты. Қызылорда. 10 мамыр 2012 жыл.

Қызылордада тұратын Қызылгүл Боранбаева биыл 110 жасқа толды. Өзбекстаннан келгеніне сегіз жылдан асса да, ол Қазақстан азаматтығын ала алмай отыр. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бұл жағдайдан бейхабар болса, көші-қон мекемесі әженің атынан азаматтық алуға арыз түспегенін айтты.


Шөпшегінің қолынан су ішкен Қызылгүл апа Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде тұрып жатыр. Ол Азаттық радиосына да батасын беріп, бір ауыз лебізін білдірді.

- Мен өмірімді ұмытып қалдым ғой. Жақсы өтті өмірім. Қазір балаларымның қолындамын. Уақытында қиындықты да, жоқтықты да көрдім. Қазір өзімнің науқастанғаным болмаса, жақсымын, - дейді ол.

19 немере, 24 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған Қызылгүл әжей өзінің 110 жасқа толғанын тек үрім-бұтағымен бірге тойлады. «Бар арманым - ұрпағының амандығы» дейді ол кісі.

«ЖҮЗ ЖАСАҒАН СЕБЕБІМ - КӨП ЕҢБЕК ЕТТІМ»

Қызылгүл Боранбаева Тасбөгет кентінде кенже ұлы Рүстемнің қолында тұрады. 34 жыл бойы енесін күтіп келе жатқан келіні Әсемгүл енесінің жасы жүзге жеткенше өз аяғымен жүргенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, соңғы он жыл көлемінде денсаулығы сыр беріп үйде отырып қалғанымен, Қызылгүл апалары әлі күнге дейін ақылын айтып отырады.
110 жасқа келген қарт ана Қызылгүл Боранбаева (оң жақта) келіні Әсемгүл Боранбаевамен (сол жақта). Қызылорда, Тасбөгет кенті, 10 қаңтар 2012 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

110 жасқа келген қарт ана Қызылгүл Боранбаева (оң жақта) келіні Әсемгүл Боранбаевамен (сол жақта). Қызылорда, Тасбөгет кенті, 10 қаңтар 2012 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


- Енеммен бірге жасап келе жатырмын. Ол кісінің қолына мен 18 жасымда түстім. Үйренгенім көп. Ол кісі - тігінші. Сегіз баламның киімдерінен бастап, менің киімдеріме дейін өзі тігіп берді. Балаларды өзі тәрбиелеп өсірді. Енемнің маған көп көмегі тиді, - деді Әсемгүл.

Әсемгүл Боранбаева енесі «110 жасқа келгеніне қарамастан, бесіктегі баланы тербетіп, қолынан келген көмегін жасайды, тіпті жұмбақ жасырып немерелерін күлдіріп отырады» дейді.

- Енем маған «Жасымның жүзден асуының себебі - кезінде көп еңбек еттім. Содан денсаулығым дұрыс болды. Содан шығар» дейді. Оның үстіне балалары көңілін қалдырмайды. Не айтса да орындайды. Біз шешеміз осынша жасқа келді деп ешкімнің алдына барғанымыз жоқ. Бізді асырап бақты, енді ол кісін бағу - біздің міндетіміз, - дейді Әсемгүл Боранбаева.

«АЗАМАТТЫҚ АЛУ ҮШІН ҮШ РЕТ ҚҰЖАТ ЖІБЕРДІК»

Қызылгүл апа отбасында жалғыз бала болған екен. Шешеден ерте айырылған қыз Боранбаевтар әулетіне 15 жасында келін болып түскен. Сталиндік репрессия жылдары қазақ жерінен Өзбекстанға көшкен бұл әулет Қазақстанға 70 жылдай уақыт өткенде, осыдан сегіз жыл бұрын қайта оралған.

Келіні Әсемгүлдің айтуынша, Қызылгүл апаға Қазақстан азаматтығын алу үшін Қызылорда облысы бойынша ішкі істер басқармасы көші-қон полициясына үш рет құжат жібергенімен, нақты жауап берілмеген. Әсемгүл енесінің азаматтық алмауы ауруханаға барғанда кедергі болатынын айтты. «Әзірге Тасбөгеттің дәрігерлері келіп, қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмекті тегін беріп жүр» дейді ол.
110 жасқа келген қарт ана Қызылгүл Боранбаева немересімен бірге. Қызылорда, Тасбөгет кенті, 10 қаңтар 2012 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

110 жасқа келген қарт ана Қызылгүл Боранбаева немересімен бірге. Қызылорда, Тасбөгет кенті, 10 қаңтар 2012 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


- Көші-қон полициясына үш рет құжат жібердік. Тұрақты тіркеуге тұрғаны туралы құжатты енді алдым. Жүзден асқан кемпір дей ме - әйтеуір асықпайды. Азаматтықты 2004 жылдан бері күтіп жүрміз, - дейді Әсемгүл Боранбаева.

Әсемгүл Боранбаеваны енесінің «Осы жасқа келгенде 9 мың 900 теңге зейнетақы алатыны қынжылтады».

Ол бұл мәселені айтып ресми органдарға барған екен, ол мекемедегі қызметкерлер Өзбекстандағы мұрағаттан анықтама әкелуді талап етіпті.

- Он жылдай болды екі аяғынан жүре алмай отырғанына. Жалпы тамаққа тәбеті жақсы. Құлағы нашар естігенімен, алдына келген балаларының барлығын танып отырады. Мен осы кісінің жағдайын жасап, жұмысқа да шықпай отырмын. Зейнетақысын да қайта рәсімдеуін өтініп ресми органдарға барғанда Өзбекстанда жұмыс істеген еңбек стажы керек деді, - дейді Әсемгүл Боранбаева.

«АЗАМАТТЫҚ АЛУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ БЕРГЕН ЖОҚ»

Әсемгүл Боранбаева енесі Қызылгүл апа 110 жасқа толғанда әкімшілік тарапынан ешкім құттықтап келмегенін айтты. Тек наурыз мерекесінде Қызылорда қаласы әкімдігінің өкілдері бас сұққан.

Тасбөгет кентінің әкімдігіне хабарласқанымызбен, жауап алу мүмкін болмады.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Қызылордада 110 жасқа келген оралманның тұратынынан бейхабар екен. Қауымдастықтың үйлестіру бөлімінің бастығы Ботагөз Уатқан қолынан келген көмегін көрсететінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қызылгүл Боранбаеваның құжаты бірінші кезекте рәсімделуі қажет.
110 жасқа келген қарт ана Қызылгүл Боранбаева (бірінші қатарда) отбасымен бірге. Қызылорда, Тасбөгет кенті, 10 қаңтар 2012 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

110 жасқа келген қарт ана Қызылгүл Боранбаева (бірінші қатарда) отбасымен бірге. Қызылорда, Тасбөгет кенті, 10 қаңтар 2012 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


- Азаматтық жарты жыл немесе бір жыл ішінде рәсімделеді. Негізі құжаты дұрыс болмаса немесе ұлты басқа болғанда қиындық болуы мүмкін. Шамам келгенше көмектесуге дайынмын, - деді қауымдастық өкілі.

Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасы көші-қон полициясының аға инспекторы, полиция капитаны Ерлан Теңізқұлов өзі қызмет жасаған үш жылдың ішінде Қызылгүл Боранбаеваның атынан азаматтық алуға арыз түспегенін айтты.

- 2011 жылдың 16 тамызында қабылданған заңға сәйкес кез келген азамат азаматтықтан өзі шығып келмесе, біз оған азаматтық бере алмаймыз. Өзбекстан елшілігінен «азаматтықтан шықты» деген анықтама қажет. Заң қабылданғанға дейін де Қызылгүл Боранбаева менің алдыма азаматтық алу туралы өтінішпен келген емес. Биыл қаңтар айында тұрақты тіркелу туралы құжатқа өтініш өткізген. Ол құжат дайын тұр, - деді көші-қон полициясының аға инспекторы Ерлан Теңізқұлов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG