Accessibility links

Байқоңырлықтар «ресейлік мекемелерсіз күн жоғын» айтады


Байқоңыр қаласы. Қызылорда облысы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Байқоңыр қаласы. Қызылорда облысы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Байқоңырдағы жұмыссыз қалған азаматтар жұмыс табарына сенбейді. Ал жергілікті билік «оларға кәсіпкерлікпен айналысуы үшін несие береміз» дейді.

Әкімшілік істері Ресейге қарайтын Байқоңыр қаласының тұрғыны Сейітжан Шүкіров ондағы ресейлік «Роскосмос» мекемесі мен бюджеттік орындардан биыл жұмыстан шығарылған 600-ден астам адамның (жергілікті билік олардың төрттен үші Қазақстан азаматтары екенін айтқан) жұмыссыз қалғанына алаңдайды.

Ол Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан бұл қалада Ресейдің Байқоңырға қаржы бөлуді қысқартуы себебінен жұмыссыз қалғандарға жұмыс бере қоятындай «басы артық мекеме жоқ» екенін айтып уайымдайды.

Байқоңыр тұрғыны Сейітжан Шүкіров. Қызылорда облысы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Байқоңыр тұрғыны Сейітжан Шүкіров. Қызылорда облысы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

– Біздің Байқоңырда мынау темір жол бар, сосын мектеп бар. Ал олардың ешқайсысында орын жоқ. Сонда жұмыстан қысқарғандарды қайда апарып орналастырмақ? Егер ресейлік мекемелер болмаса, халықтың қайда барып күн көретінін елестете алмаймын. Өйткені бұл жерде мал ұстай алмайсың, егін еге алмайсың. Қызылордадағы ең нашар жер, – дейді ол.

Сейітжан Шүкіровтің сөзін өзін Қуат деп таныстырған байқоңырлық азамат та қолдайды. Ол ғарыш айлағында жұмысынан қысқарту ілігіп шығып қалып, екі жылдай жұмыссыз жүргенін есіне алды.

– Кейін Байқоңырдағы ресейлік мекемелердің біріне су маманы ретінде жұмысқа қабылдандым. Бұл жерде тек ресейлік мекемелер болмаса, жергілікті жерге тиесілі жұмыс орны жоқ. Ғарыш айлағында жұмыс істеген Қазақстан азаматтары әлеуметтік тұрғыда онсыз да соңына дейін толық қамсыздандырмайды, – дейді Қуат.

«ЖҰМЫСТАН ШЫҚҚАН – 600 ЕМЕС, 437 АДАМ»

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Болат Нақыповтың айтуынша, Байқоңырда биыл жұмыстан қысқарған адамдардың саны – «ақпарат құралдары хабарлағандай 600 емес, 437 адам». Ол 437-нің «74-і жұмысқа орналасып үлгергенін» айтқан жергілікті билік өкілі жұмыссыз қалған азаматтарға қатысты жоспарларымен де бөлісті.

Байқоңыр қаласы. Қызылорда облысы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Байқоңыр қаласы. Қызылорда облысы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

– Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 300 миллион теңгедей қаржы несиелендіру бағытында бөлінеді деп отырмыз. Сол қаражатты Байқоңыр, Ақай, Төретам елді мекендерінің тұрғындарына беру жоспарымыз бар. Конкурстық негізде болады. Одан бөлек кәсіпкерлік субъектілермен жұмыс жасалып жатыр. Жеке кәсіппен айналысамын дегендерге жұмыс орнын ашамыз деген жоспарымыз бар, – дейді Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Болат Нақыпов.

Қазақстан жағы Ресейдің биыл Байқоңырға бөлетін қаржысын қысқартуын ол елдегі экономикалық ахуалмен түсіндірген.

Бірақ Қазақстанның инвестиция және даму министрлігі аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасар Мейірбек Молдабеков жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында Ресейдің Байқоңырға қаржыны аз бөлуін ол елдің Қиыр Шығыста жаңа ғарыш айлағын салып жатуымен байланыстырған. «...бұрын Байқоңырға бөлінген ақшаның біразы енді [Қиыр] Шығысқа кетеді. Мамандардың біразы шығыстағы айлаққа кетеді. Бұл Байқоңыр ғарыш айлағында жұмыс орындарын қысқартуға себепкер болады» деген Мейірбек Молдабеков.

Байқоңыр қаласы. Қызылорда облысы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Байқоңыр қаласы. Қызылорда облысы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Байқоңыр 1950 жылы СССР-дың алғашқы құрлықаралық баллистикалық Р-7 зымыранын сынақтан өткізетін полигон ретінде салынған. Совет Одағы қорғаныс министрлігі полигонын ашу туралы жарлыққа қол қойылған 1955 жылдың 2 маусымы қала мен ғарыш айлағының ресми түрде құрылған күні саналады. 1950 жылдары СССР территориясында полигонды орналастыратын бірнеше нұсқа қарастырылған. Ақыры сол жылдары құрастырылған зымырандардың «техникалық талаптарына сай» келетін аймақ ретінде таңдау Қызылорда облысына түскен. Байқоңыр ғарыш айлағын салу үшін Қазақстан 6700 шаршы километр жер бөлген.

Қазақстан мен Ресей Байқоңырды 2050 жылға дейін жалдау келісім-шартына 1994 жылы қол қойған. Мәскеу Байқоңырды жалдау ақысы ретінде Астанаға жылына 115 миллион доллар төлейді.

  • 16x9 Image

    Оңғар САЙМОСАЕВ

    Оңғар Саймосаев - Азаттықтың Қызылорда облысындағы тілшісі.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG