Accessibility links

Қызылордадағы күдіктінің өлімі туралы екі түрлі хабар тарады


Алматы облысының Боралдай кентінде қылмыстық топты құрықтау кезінде жүрген арнайы жасақ сарбаздары. Алматы, 4 желтоқсан 2011 жыл.

Алматы облысының Боралдай кентінде қылмыстық топты құрықтау кезінде жүрген арнайы жасақ сарбаздары. Алматы, 4 желтоқсан 2011 жыл.

Қызылордада ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы тобы жүргізген операциясы кезінде күдікті адамның қазасына қатысты екіұдай ақпарат тарады. Бас прокуратура ол адам атып өлтірілген десе, полиция өзін өзі жарып жібергені туралы хабарлады.

Желтоқсанның 29-ы түстен кейін Қазақстан бас прокуратурасы сол күні Қызылорда қаласында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы жасағы жүргізген операция кезінде 1971 жылы туған Ерік Аязбаев есімді адамның қаза болғаны туралы ақпарат таратты.

«ОҚҚА ҰШТЫ»

Бас прокуратураның ресми сайтында жарияланған ақпаратта, бұл адам осы айдың басында Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кентінде құқық қорғау органдары өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетіп, көзі жойылған Ағжан Хасен деген кісі басқарған еткен террорлық топ жетекшісінің бірі екендігі айтылған.

Құқық органдарының жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде іздеуде жүрген Ерік Аязбаевтың Қызылорда қаласында Амангелді көшесіндегі 3-ші үйдің 80-ші пәтерінде жасырынғаны анықталды деп хабарлайды прокуратура.

«Оны ұстауға келгендерге еркімен берілуден бас тартқан Аязбаев құқық өкілдеріне Макаров тапаншасынан оқ атқан соң, оған жауап ретінде қарсы оқ атылып, терроршының көзі жойылды», - делінген бас прокуратураның ақпаратында.

Прокуратура Қызылордадағы операциядан бейбіт тұрғындар мен құқық қызметкерлері зардап шекпегенін айтып отыр.

ЖАРЫЛЫС ТУРАЛЫ ХАБАР

Ал, үкіметтік «Қазақпарат» агенттігі бейсенбі күні Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілі Қалдыбек Абдуллаевтың сөзіне сілтеме жасап, Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде азамат өзін-өзі жарып жібергені туралы хабар таратты.

«Әзірше қандай да бір мәлімет беру ертерек, жағдай белгісіз. Ия, мен өзін-өзі жарып жібергендігі туралы фактіні қуаттаймын. Алдын ала мәліметтер бойынша қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Бұл тұрғын үй пәтерінде орын алды», - деген Қалдыбек Абдуллаев.

БОРАЛДАЙДАҒЫ ОҚИҒА

Желтоқсанның 3-і күні Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кентінде арнайы операция барысында жеті адамның қаза тапқаны туралы бұған дейін Қазақстанның ресми орындары хабарлаған болатын. Өлгендердің бесеуі қылмыстық топтың мүшесі делінсе, екеуі ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы жасағының қызметкері екені айтылды.

Прокуратураның ақпаратында «өз еркімен берілмей, тегеурінді қарсылық көрсеткеннен кейін атып өлтірілген» бұл топтың мүшелері «2011 жылы 8 қарашада полицияның екі қызметкерін өлтіріп, Алматы қаласында тағы да зорлық шараларын жасамақ болған» деп айтылған еді.

Бас прокуратураның ақпаратында, осы топтың басшысы 1977 жылы туған Ағжан Хасеннің биылғы қазан айынан бері іздеуде болғанын және оның үстінен Қазақстан қылмыстық кодексінің 233-2 бабы («террористік топ құру мен оған жетекшілік ету, топтың жұмысына қатысу») бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарланды.

Алайда сол атыста қаза тапқан бес адамның Ағжан Хасеннен басқасының аты-жөні айтылған жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG