Accessibility links

Жатақхананың күйінен шошығандар далаға түнеді


Кірпіші құлап, адамдар зардап шеккен соң, Қызылордадағы апатты жағдайдағы жатақхананың ондаған тұрғыны аулаға түнеді. 5 тамыз 2015 жыл.
Кірпіші құлап, адамдар зардап шеккен соң, Қызылордадағы апатты жағдайдағы жатақхананың ондаған тұрғыны аулаға түнеді. 5 тамыз 2015 жыл.

Төбесінен кірпіш құлап, адамдар зардап шеккен соң, Қызылордадағы апатты жағдайдағы жатақхананың ондаған тұрғыны бала-шағасымен аулаға түнеді. Билік ғимаратты жөндеп беруге уәдемен шектелді.

АУЛАДА ӨТКЕН ТҮН

Тамыздың 5-іне қараған түні Қызылорда қаласының Титов ықшам ауданындағы бес қабатты ескі жатақханаға қайта барғанда Азаттық тілшісі 30-ға жуық әйел мен 40-тан аса жас баланың ғимаратқа кіруден қорқып, аулада түнеп жатқанына куә болды.

Қалжыраған балалардың кейбірі қара жерге жайылған көрпеше үстіне бүк түсіп ұйықтап жатыр. Бала-шағасымен есік алдына түнеуге мәжбүр болғандардың арасында егде жастағы адамдар, аяғы ауыр әйелдер бар. Кейбір аналар әлі омыраудан шықпаған нәрестелерін құшақтап отыр.

Азаттық тілшісі жатақхана ауласында жолықтырған медициналық жедел жәрдем қызметкері Үміт Жұмашова аптап ыстықта күні бойы үйіне кіруден қорқып, аулада жүрген балалар мен әйелдер арасында қан қысымы көтерілгендер мен мұрнынан қан кетіп жатқандар барын айтып берді.

Бала-шағамен аулаға түнеген тұрғындар. Қызылорда, 5 тамыз 2015 жыл.
Бала-шағамен аулаға түнеген тұрғындар. Қызылорда, 5 тамыз 2015 жыл.

– Таңертең кірпіштер құлағанда әкімдік өкілдері келген. Кешке қарай бірер полиция қызметкері мен жедел жәрдем көлігін қалдырып, өздері кетіп қалды, - деді тұрғындар.

Олардың бұлайша далада қонуына тозығы жеткен жатақхананы жөндеуге келген жұмысшылар сейсенбі күні бес қабатты ғимараттың төбесіне шыққан кезде кірпіштердің құлай бастауы себеп болған еді.

Аулаға түнеген тұрғындар туралы видео:

Далаға түнеген тұрғындар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

БИЛІКТІҢ УӘДЕСІ

Аулаға түнегендерден бір топ адам тамыздың 5-і күні Қызылорда облыстық әкімдігіне қайта барған.

Жатақхана тұрғыны Нұргүл Көпбосынованың Азаттыққа айтуынша, билік өкілдері жатақханаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бесінші қабатта тұратындарға мемлекет есебінен уақытша басқа қоныс беруге уәде еткен.

Бірақ бұл жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар «төбесін бітегенімен іргесі сөгіліп, жарылып тұрған ғимаратты қалай жөндемек» деген сауал қояды.

Апатты жағдайда тұрған жатақхана. Қызылорда, 4 тамыз 2015 жыл.
Апатты жағдайда тұрған жатақхана. Қызылорда, 4 тамыз 2015 жыл.

1971 жылы салынған ескі ғимарат 2011 жылы арнайы комиссия шешімімен «апатты жағдайда» деп танылса да, содан бері бұл ғимаратта адамдар тұрып келеді.

Ескі жатақхана тұрғындары облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауына бірнеше рет барғанымен, билік орындары оларға басқа үй бере алмайтынын, тек ескі жатақхана ғимаратын демеушілер көмегімен жөндеуге ғана мүмкіндік барын айтады.

– Апатты үй екені анықталған соң дереу жөндесе осындай күйге жетпес еді. Енді әбден тозығып жетіп, қол тисе құлағалы тұрған жатақхананы қалай жөндейтінін ұға алмай отырмыз. Мәселені қалай шешетінін білмейміз. Бірақ, бұл ғимаратқа енді кіре алмаймыз, осылай далаға түней береміз, - дейді тұрғындар.

Сәрсенбі күні Азаттыққа сұқбат берген қала әкімінің орынбасары Айдын Қайруллаев Қызылорда қаласында апатты жағдайда саналатын 25 тұрғын үй барын айтты.

– Биыл жыл соңына дейін аяқталатын 60 пәтерлік үй мен 2016-2017 жылдары аяқталатын 60 және 100 пәтерлік үйлер осындай апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Ал қазір құлағалы тұрған жатақханаға күрделі жөндеу жасалады. Ол үшін жұмыс тобы құрылған, - деді әкім орынбасары.

Қызылорда қалалық әкімдігінің ақпараты бойынша, Титов ықшам ауданындағы осыдан 54 жыл бұрын салынған жатақханада қазір 123 отбасы тұрады. Оның 98-і – пәтер кезегінде тұрғандар.

XS
SM
MD
LG