Accessibility links

«Көшетін» ауылдың шарасыз тұрғындары қайыққа қорқа мінеді


Қалғандария ауылының 100 шақты тұрғыны Қызылордаға жету үшін Сырдариядан күнде қайықпен өтеді. Ал әкімдік ондағы халықтың қалаға көшірілетінін айтып жұбатады.

Қызылорда қалалық әкімдігі аумағындағы Ақжарма ауылдық округіне қарасты Қалғандария ауылының тұрғыны, аяғы ауыр Бақытгүл Тибрикова босанар кезде өзеннің арғы бетіндегі Қызылордаға жете алмай қаламын ба деп қорқады.

– Қазір жер батпақ, үйден шыға алмай отырмыз. Менің күнім таяп қалды. Ауруханағада бара алмай отырмын. Бүйте берсе ертең үйде босанып қалуым әбден мүмкін, – дейді ол.

«ӘКІМДІК ОСЫ ЖЕРДЕ АУЫЛ БАРЫН БІЛМЕЙДІ ДЕ»

Облыс орталығы Қызылордаға барып-қайту – Бақытгүл Тибрикованың ғана емес, Қалғандария ауылындағы 28 отбасының бәрінің уайымы. Сырдарияның сол жағалауында тұрған бұл ауылда дүкен де, мектеп те, емхана да жоқ. Сондықтан ауыл балалары Қызылордадағы мектепке барып оқиды, ересектер жұмыс істеуге не керек-жарақ алуға сол қалаға барады. Тұрғындар Қызылордаға жету үшін жазда дарияны қайықпен кесіп өтеді, қыста мұздың бетімен жетеді.

Қайық кейде жүреді, кейде жүрмейді. Дауыл болса, өте алмаймыз.

– Қайық кейде жүреді, кейде жүрмейді. Дауыл болса, өте алмаймыз. Қайығы барлар өтеді де, қайығы жоқтар қалады, – деп наразы болады Қалғандария ауылының 70 жастағы тұрғыны Арап Ағыбаева.

Ауылдан қалаға авто көлікпен жету үшін 20-30 километр жер жүріп барып Сырдариядағы көпірден өту керегін айтқан тұрғындар «жаңбырлы күндері жер лайсаңға айналып, көліктің жүруі мұң болады – сондықтан жанымызды шүберекке түйіп қайықпен өтеміз» деп түсіндірді.

Қалғандария тұрғындары басқа тұрмыс игіліктерін айтпағанда ауыз суға да жарымай отырғандарына наразы.

– Ащы болса да дарияның суын ішіп отырмыз, амал жоқ. Әкімшіліктен бізге ешқандай көмек жоқ. Тіпті әкім осы жерде ауыл бар екенін білмейді де. Өйткені осы күнге дейін ауылға әкімдіктен ешкім келген жоқ. Біздің ешкімге керегіміз жоқ, – деп мұңаяды Арап Ағыбаева.

«БҰЙЫРТСА, АУЫЛ ТҮГЕЛ КӨШЕДІ»

Қызылорда қалалық әкімдігі аумағындағы Ақжарма ауылдық округінің әкімі Асқар Әділбеков облыс орталығынан 25 шақырым жердегі Қалғандария ауылының тұрмысымен таныс екенін, тұрғындардың қиындық көріп отырғанын білетінін айтады.

Сырдария. 19 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Сырдария. 19 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Дарияның сол жағалауына үлкен қала түседі, оның құрамына Қалғандария аулының жері де кірді. Қазір сол Талдыарал деп аталатын ауылдық округтің даму сызбасы сызылып жатыр, жыл аяғына дейін бітеді. Даму сызбасы дайын болғаннан кейін Қалғандария ауылы тұрғындарына Талдыралдан тегін жер беріледі. Бұйыртса, ауыл халқы толығымен сол жерге көшіріледі, – дейді Ақжарма ауылдық округінің әкімі.

Асқар Әділбековтің сөзінше, бұрын облыстық орман шаруашылығы мекемесіне тиесілі болған, кейін Ақжарма ауылдық округіне қосылған Қалғандарияның 28 үйінде 121 адам бар.

– Ауыл жастарының 30 пайызы орман шаруашылығында жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қысы-жазы айран, құрт-ірімшіктерін қала шетіндегі ескі базарға әкеп сатады, – деді Ақжарма ауылдық округінің әкімі.

Ал Қалғандария тұрғындары Талдыаралға көшкенге дейін Қызылордаға қайықпен амалдап қатынай бермек. Олардың қайықтары – облыстық төтенше жағдайлар департаменті құтқару қызметінің техника жөніндегі бөлім басшысы Сәбит Үсеновке де уайым.

– Қалғандария халқының қайықтарының бәрі ескірген, талапқа келмейді. Сол себепті су құтқару қызметі бұл жердегі қайықшыларды бақылап отыр, – дейді Сәбит Үсенов.

Оның сөзінше, қайықтарда құтқару құрал-жабдықтарының (суға батпайтын шеңбер, арнайы кеудеше) ешбірі жоқ, қайық иелері адам тасымалдауға рұқсат ететін арнайы куәлік те алмаған.

Қызылорда облысының орталығы Қызылорда қаласына жақын маңдағы Қалғандария ауылының жайы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Билік әуелі ондағы тұрғындардың мемлекетке тиесілі жерге құжат рәсімдемей үй салып алғанын, сондықтан олардың мәселесін шешу мүмкін емесін мәлімдеген. Кейін қала мен ауыл арасына көпір салу мәселесі айтыла бастаған. Қала әкімдігі ендігі жоспары – Қалғандария тұрғындарын да көшіретін қалашықтың құрылысы 2015 жылдың көктемінде басталатынын хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Оңғар САЙМОСАЕВ

    Оңғар Саймосаев - Азаттықтың Қызылорда облысындағы тілшісі.

XS
SM
MD
LG