Accessibility links

«Туыстың үйінде тұрамыз» дейді жеті балалы отбасы


Нәзира Сабралиева жеті баласымен бірге тұр.
Нәзира Сабралиева жеті баласымен бірге тұр.
Жеті баланың анасы, 26 жастағы Нәзира Сабралиева – «Күміс алқа» иесі. Ол «Алтын алқаны» биыл желтоқсанда, жетінші перзенті бір жасқа толғанда ғана алуы керек.

14 жасында босаға аттаған Нәзира Сабралиева 15 жасында ана атанып, оқуын кешкі мектепте жалғастырған. Күйеуі Самат ол кезде 17 жаста екен.

«ҒАШЫҚТЫҚ СЕЗІМ СЕБЕП БОЛДЫ»

– 2001 жылы тұңғышымды босандым. Білмеймін солай болған шығар. Күйеуім ағамның достарының бірі болатын. Сол кезде таныстық. Ата-анам естіген кезде жылады. Алғаш келін болып түскенде қиын болды, – дейді Нәзира Сабралиева.

Нәзираның енесі Гүлқанат Жанқуатқызы баласы Саматтың 14 жасар қызбен ерте отау құруына «балалар арасындағы ғашықтық сезімі себеп болды» дейді.

– Алдымен ата-анасымен келісімге келгеннен кейін, балам келінді алып қашып келді. Тараз қаласының әкіміне, оқу бөліміне, мектеп директорына өтініш жазып, кешкі мектепке ауыстырдым. Өзім үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіргенмін. 14 жасар келінімді алтыншы бала қылып, балаларыммен бірге тәрбиеледім, – дейді Гүлқанат Жанқуатқызы.

«БАЛАЛАРЫМНЫҢ ТАМАҒЫНА ЖЕТЕДІ»

Нәзира Сабралиеваның тұңғыш баласы – 11 жаста, кенжесі – бес айлық. Ол күйеуі Саматпен заңды некеге тек балалары бірінші сыныпқа барған кезде тұрғанын айтады.

– Біз некеге балалар бірінші сыныпқа баратын кезде тұрдық. Өйткені балаларға куәлік қажет болды. Оған дейін балалар тіркеуде болған жоқ. Қызылордадағы АХАЖ бөліміне жағдайымды айтқан соң, екі аптаның ішінде құжаттарымызды жасап берді, – дейді.

Самат жеке көлігімен жолаушы тасып, таксист болып жұмыс істейді екен. Нәзира Сабралиеваның айтуынша, ерінің тапқаны балаларының тамағына жетеді.

– Көп ақша таппаса да, балаларының тамағына жетеді. Қайын апаларым да көмектесіп тұрады. Енемнің зейнетақысы бар. Ал мен балаларыма 27 мың теңге жәрдемақы аламын, – дейді ол.

Жеті баланың (төрт қыз, үш ұл) анасы Нәзира Сабралиева сегізінші баланы да дүниеге әкелу ойында бар екенін айтты.

«НЕМЕРЕЛЕРІМНІҢ АТТАРЫ «НҰРДАН» БАСТАЛАДЫ»

Енесі Гүлқанат Жанқуатқызының айтуынша, келіні жетінші перзентін дәрігерлердің рұқсат етпегеніне қарамастан босанған. Ол кісінің сөзіне қарағанда, «Нәзира соңғы үш баласын операциялық жолмен дүниеге әкелген».

– Келінімнің өзі кіп-кішкентай. Дәрігерлер алтыншы баланы 2010 жылы операциялық жолмен алғандықтан 2011 жылы босануға рұқсат етпеді. Мен өзім жастайымнан әке-шешемнен жетім қалғандықтан баланы көп санамаймын. Күйеуім де өмірден ерте кетті, – деді ол.

Гүлқанат Жанқуатқызы немерелерінің есімін өзі қойғанын айтады. Оның айтуынша, егіз немерелерінің бірін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атауды жөн көрген.

– Егіз немерелерімнің атын Нұрсұлтан және Нұрсара деп қойдым. Жалпы, немерелерімнің аттары «Нұрдан» басталады, – дейді ол.

Келінінің көп балалы болғанын қалағанмен, көпке жария қылғысы келмеген Гүлқанат Жанқуатқызы немерелерін бағуға өзі көмектеседі екен.

«ЖӘРДЕМАҚЫДАН ҮНЕМДЕП, ОҚУҒА ТӨЛЕЙМІН»

Қазір Нәзира Сабралиева – Қызылордадағы педагогикалық колледждің екінші курс студенті.

– Мен ақылы күндізгі бөлімде оқимын. Жылына 70 мың теңге төлейміз. Балаларыма беретін жәрдемақыдан үнемдеп бөліп төлеймін. Алайда биылғы жылдың оқу ақысы әлі төленген жоқ, – дейді көп балалы ана.

Нәзира мен Саматтың отбасы туысқандарының ипотекаға алған пәтерінде тұрады.

– Мына үйді інім төрт-бес жыл бұрын ипотекалық несиеге алған. Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылған соң бізге «төлеп тұра беріңдер» деген. Жақында келіп, айына 14 мың теңге төлеп отыру керектігін айтып кетті, – дейді енесі Гүлқанат Жанқуатқызы.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Манат Шәймерденова әкім Назира Сабралиеваның жағдайынан толық хабардар екенін айтады.

– Үй беру мәселесі қаралып жатыр. Бұл мәселені алдағы уақытта демеушілердің көмегімен шешуді жоспарлап отыр. Өйткені бюджетте ақша жоқ, - деді Манат Шәймерденова.
XS
SM
MD
LG