Accessibility links

Гептилден зәрезап жұртты аспандағы жолақ шошытты


Қызылорда жұрты аспаннан көрген жолақ. 8 шілде 2014 жыл.

Қызылорда жұрты аспаннан көрген жолақ. 8 шілде 2014 жыл.

Қызылорда тұрғындары шілденің 8-і күні кешке қарай аспаннан ашық түсті жап-жарық жолақтарды байқағандарын айтады. Жұрт оны зымыран отынының ізі деп жорысты.

Қызылордалықтардың кейбірі аспандағы бұл ерекше жолақтарды телефондарына түсіріп, фото мен видеоларын интернетке жариялады. Олар «елдің бәрі футболға айналғанда тағы да зымыран жарылып, елеусіз қалдық» деп уайымдасты.

Әуелхан Шонжан есімді қолданушының жазуынша, бұл жолақ Қызылорда аспанында бірнеше сағат бойы байқалған.

«ЗЫМЫРАН ҚҰЛАҒАН ЖОҚ»

Интернеттегі кейбір қолданушылар өздері «зымыран отыны гептилдің бұлты» деп жорыған бұл жолақ сәуленің тіпті Шымкенттен де көрінгенін хабарлады.

«Егер жарылыс дүмпуі Шымның (Шымкенттің – ред.) өзінде көрінген болса, онда улы газ және булар, бәлкім, Шымға да жететін шығар. Тағы да жабулы қазан жабулы күйде қалады» деп жазды қолданушылардың бірі Facebook әлеуметтік желісінде.

ВИДЕО: Қызылорда тұрғындарын шошытқан жолақ

Дәл сол күні Астана уақытымен сағат 21:58-де Байқоңырдан ғарыштық аппараттар тиеген «Союз-2.1б» ғарыш кемесі ұшырылған еді. Жергілікті сайттар «Қызылорда тұрғындары әуеден сол «Союз» кемесінің аспанға көтерілген кезде шашылып кететін бөлшектерін көрген болуы мүмкін» деп болжайды.

Бұған дейін Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігі ғарыш кемесінің бөлшектері есеп бойынша, Ресейдің Пермь өлкесі мен Свердлов облысына, Қазақстанның Ақтөбе мен Қостанай облыстарына құлауы керек болғанын мәлімдеген.

Азаттық тілшісі Қызылорда облыстық төтенше жағдай департаментіне хабарласқан кезде телефон тұтқасын көтерген қызметкер тұрғындардың сөздерін жоққа шығарып, ешқандай зымыран құламағанын айтты. Бұл оқиғаға байланысты Қазақстан ұлттық ғарыш агенттігінен жауап ала алмадық. Байқоңырға жақын орналасқан Төретам ауылының тұрғындарына хабарласқанымызда олар мұндай құбылысты байқамағандарын айтты.

БҰРЫНҒЫ АПАТТАР

Ресей жалға алған Байқоңырдан ұшырылған зымырандар апаты жиі болып тұрады. Соңғы рет биыл 16 мамырда түнде Байқоңырдан Ресейдің "Бриз-М" блокты зымыран тасығышы ұшырылып, 9 минуттан соң апатқа ұшыраған еді.

Зымыран апаттарының ең ірісі 2013 жылы шілде айында болды. Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы ұша бере жарылып кеткен. Апат орнындағы зиянды заттардың шектік

Байқоңырдан ұша бере жарылып кеткен зымыран. 2 шілде 2013 жыл.

Байқоңырдан ұша бере жарылып кеткен зымыран. 2 шілде 2013 жыл.

концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болған. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

2013 жылы қарашаның 22-сі күні Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Байқоңырда шілдеде болған апаттан экологияға 89 миллион АҚШ доллары (13 миллиард 690 миллион 747 мың 305 теңге) көлемінде зардап келгені туралы Ресейге хабарлаған еді. Қарашаның 28-і күні «Роскосмос» апат аймағында экспертиза жасайтынын, «компенсацияны экологияға келген зардап дәлелденген жағдайда ғана төлейтінін» мәлімдеді. Ресей тарапы өтемақы туралы қандай шешім қабылдағанын әлі хабарлаған жоқ.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді. Көп ұзамай 2013 жылғы шілде айында астаналық бір топ эколог пен белсенді «Антигептил» қозғалысы құрылғанын жариялаған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG