Accessibility links

Жеті жыл бұрын зымыран құлаған ауылдар


Ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышының құлаған сәті. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышының құлаған сәті. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

2006 жылғы шілдеде Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Көмекбаев ауылының тұсына «Днепр» зымыраны құлап, ондаған тонна гептил мен амил төгілген еді. Ауыл тұрғындары апат зардабы туралы айтады.

Шілденің басында Байқоңырда жарылып кеткен ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы осыдан дәл 7 жыл бұрын шілде айында болған «Днепр» зымыран апатын еске түсірді. 2006 жылғы шілдеде Қызылорда облысының Қармақшы ауданына ресейлік-украиналық «Днепр» зымыран тасығышы құлап, ондаған тонна гептил мен амил жерге төгілген еді. Азаттық тілшісі осы аймаққа арнайы барып, тұрғындар мен қоршаған ортаның қазіргі жайын көріп қайтты.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауыл мен Қуаңдария ауылы – Байқоңыр қаласының төңірегіндегі елді мекендерге жатады. Азаттық тілшісі екі ауылды аралап, жергілікті адамдармен бірге зымыран құлаған жерге барды.

«АЙТАТЫН АДАМ ІЗДЕУ»

Облыс орталығы Қызылорда қаласынан 250 шақырым, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен 150 шақырым жерде жатқан Көмекбаев ауылына күніне бір мезгіл «Газель» қатынайды. Үш сағаттық жолда үш-төрт ауылды көктей өтетін «Газель» ішіндегі жолаушылар Азаттық тілшісіне ауыл-аймақтың өткен-кеткенін әңгімелеп отырды.

Жаңадан салынып жатқан Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолынан құм ішіндегі ауылдарға бұрылған жол біршама тегіс. «Бұл жолды салғанына бірер жыл ғана болды. Бертінге дейін қара жолды шаңдатып жүрдік» дейді тұрғындар.

Көмекбаев ауылындағы су құйылатын құдыққа бара жатқан әйел. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Көмекбаев ауылындағы су құйылатын құдыққа бара жатқан әйел. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Ресми атауы Көмекбаев болса да ел ауызында Жаңақала деген бұрынғы атауы сақталып қалған ауыл Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас өңірінде. «Газельден» түскенде көшеде қарусыз, «тәпішкемен» жүрген шекарашыларды көрдік. Ауыл тұрғындарының айтуынша бұлар - «көршілес Қуаңдария ауылындағы шекара заставасының солдаттары».

Азаттық тілшісін Әбду деген кісінің үйіне ертіп барған Жақсылық Нұрғалиев төңіректегі көршілерді шақырып, тілшіге «зымыран құлағаннан кейінгі жағдайды айтып беруін сұрады. «Адам ауырып, мал қырылып жатқаны» туралы сөйлей жөнелгендер соңында аты-жөндерін атағысы келмей қалды. «Артық сөз айтып қоюымыз мүмкін» деп уәж айтқандардың бірінің келіні, бірінің құдасы, енді бірінің інісі ауыл әкімдігі мен мектебінде жұмыс істейтін көрінеді.

Осы ауыл тұрғыны Алтынбай Оразбаевтың сөзіне қарағанда 2006 жылы шілденің 27-сі күні құлаған зымыран ауыл тұрғындарының есінен әлі кетпеген.

– Түн ішінде гүрс еткен дауысты бәріміз естідік. 40 шақырым жерде жарылса да, үйіміздің терезесі сылдырады, - дейді ол.

Алтынбай Оразбаев пен басқа да ауыл тұрғындарының айтуынша зымыран құлаған күні таң ата Көмекбаев ауылына 20-ға жуық «Жедел жәрдем» көлігі, полиция мен әскери қызметкерлер келіп, ауыл тұрғындарын сыртқа шығармай қойған.


Көмекбаев ауылы тұрғындарының бірімен Азаттық тілшісі «Днепр» зымыраны құлаған жерді арнайы барып көрді. Бұта, сексеуіл өскен құм ішіндегі трактормен тегістелген 1 гектарға жуық тақыр жерде зерттеушілер топырақ сынамасын алған тесіктер көрінеді. Бізбен бірге барған Көмекбай ауылының тұрғыны зымыран сынықтарын да тауып алды.

«КӨШУ»

Ауыл тұрғындарының айтуынша, «зымыран құлағалы» түсік тастайтын әйелдер, кемтар туған балалар пен ауру-сырқау көбейген.

Олар кемтар туған баланы көрсете алмаса да, Әуезхан Әкім мен Жаңагүл Аймаханова сияқты тұрғындар түсініксіз аурудан өлген мал саны көбейгенін айтады. Олар малдың жаппай өлімін зымыран апатының салдары деп санайды.

Қуаңдария ауылы. Қызылорда облысы, 17 шілде 2013 жыл.

Қуаңдария ауылы. Қызылорда облысы, 17 шілде 2013 жыл.

Көмекбаев ауылына көршілес Қуаңдария ауылы да «зымыран апатынан зардап шектік» деп отырған ауылдың бірі. Осы ауылдың тұрғыны Роза Мұстафаеваның айтуынша, 2006 жылы зымыран құлағаннан кейін Қуаңдария ауылынан 30 үй көшіп кеткен.

– Тіпті, дәл сол құлаған күннің ертеңіне көшіп кеткен үйлер болды. Біраз адам балаларын басқа жаққа оқытты. Тексеріп келген комиссия «апаттың денсаулыққа зияны жоқ» деп жұбатып кетті. Бірақ сол жылы қатарынан 5 адамның өзіне-өзі қол салғаны да үрейлендірді. Таяудағы зымыран апаты («Протон-М» зымыран тасығышының жарылуы – ред.) «жығылғанға жұдырық» болды, - дейді ол.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Қуаңдария тұрғыны, жүргізуші Серікбай Есіркепов те «халықтың денсаулығының нашарлауына Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан зымыран апаты тікелей себеп» екеніне сенімді екенін айтып өтті.

«ҒЫЛЫМИ ДӘЛЕЛ ЖОҚ»

Қуаңдария ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Зәуреш Ембергенованың пікірінше «жүрегі, бүйрегі, басы ауыратындар мен қан қысымы жоғарылар көбейген, алайда оның зымыран апатына тікелей қатысы бар-жоғына дәлел жоқ». Сол ауылдағы орта мектепте он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медбике Зульза Мугаева «соңғы үш жылда мектеп оқушыларының, әсіресе жас балалардың қан қысымы жоғарылап кеткеніне» алаңдайтынын айтты.

Белгісіз аурудан өлген сиыр (фото түсірілерден 20 минут бұрын өлген). Көмекбаев ауылы, Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Белгісіз аурудан өлген сиыр (фото түсірілерден 20 минут бұрын өлген). Көмекбаев ауылы, Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Көмекбаев ауылында ұзақ уақыт мал дәрігері болып жұмыс істеп келе жатқан Үмәткәрім Досымов малдың еті мен жүнінен, шөптен сынама алып үш жыл бойы Қызылордадағы мал дәрігерлік лабороториясына жіберген.

– Ғарыш агенттігінің мамандары мен Алматыдан келген дәрігерлер ауыз суды да тексеріп, залалсыз деп кетті. Былтыр 20 сиыр өлген, биыл әзірге жетеуі өлді. Менің ойымша, кене шаққаннан өліп жатыр. Мал иесі кенеге қарсы уақытында ем жасатпайды, - дейді ол.

Бұл пікірді Қуаңдария ауылдық әкімдігінің бас маманы, мал дәрігері Әнуарбек Есбаев та қостап, мал аурулары зымыран апатына дейін де болғанын, оны зымыран апатымен байланыстыруға дәлел жоқтығын қайталады. Қызылорда облыстық ауыл шаруашылық басқармасының мал-дәрігерлік бөлімінің бастығы Манас Шәтенов «аталған ауылдардағы мал өлімі туралы мәлімет түспегенін, бірақ қалай болғанда да мал өлімінің гептилге қатысы жоқтығын» баяндап берді.

2006 жылы «Днепр» зымыраны құлап, гептил төгілген жердегі шұңқыр трактормен тегістелген. Бұдан 39 шақырым жерде Көмекбаев ауылы бар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

2006 жылы «Днепр» зымыраны құлап, гептил төгілген жердегі шұңқыр трактормен тегістелген. Бұдан 39 шақырым жерде Көмекбаев ауылы бар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің Байқоңыр аймағы және Қармақшы ауданы бойынша мемлекеттік экология инспекциясы бөлімінің бастығы Мархабат Досова іссапарда жүргенін айтып комментарий беруден бас тартты.

2006 жылғы шілденің 27-сі күні «Днепр» зымыран тасығышы Қызылорда облысының Қармақшы ауданына құлаған болатын. Диаметрі 50 метрлік шұңқыр қалдырған апат орны келесі күні табылып, шілденің 30-күні Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі зымыран құлаған жердегі топырақтың құрамында гептил улы заты қалыпты жағдайдан мың есе жоғары екенін хабарлаған еді. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен комиссиясының хаттамасында құлаған «Днепр» зымыранында 90 тонна өте улы жарылғыш зат болғаны көрсетілген.

Көмекбаев ауылы туралы Азаттықтың фотогалереясын қараңыз

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG