Accessibility links

Қызылорда мал ұрлығы жағынан алда келеді


Қазақстанның өзге облыстарында мал ұрлығы фактісі азая түссе, Қызылордада керісінше мұндай қылмыс көбейіп кеткен.

Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Қарашеңгел ауылдық оругінің тұрғыны Бейбіт Жанхан былтырдан бері бері мал ұрлығы көбейіп тұрғанын айтады. Оның сөзінше, «өткен жылы төрт сиырынан айрылса, биыл тағы екі сиыры мен 22 жылқысын ұрылар өрістен қолды қылған».

– Заң орындарына өтініш түсіргенмін. Бірақ былтырғы жоғалған малымды да, биылғы жоғалған малымды да тапқан жоқ. «Табылады, табылады» деумен уақыт өткізіп жатыр. Не ұры ұсталмайды, не жоғалған мал табылмайды, – дейді Бейбіт Жанхан.

«СЕБЕП – МАЛДЫҢ ҚАРАУСЫЗ КЕТУІ»

Бейбіт Жанханның ауылдасы Александра Ибраева да жоғалған малынан күдер үзген тұрғындардың бірі.

– Осыдан бір ай бұрын біздің ауылдан бір топ сиыр бірге жоғалған. Сол малдың жартысы Қазалы ауданының орталығында тұратын бір азаматтың қорасынан шығып тұр. Бірақ арасында менің сиырым жоқ. Ұры жоқ сиырды мойындамай отыр. Менің сиырым семіз еді, шамасы сойып жіберген болу керек, – деп күдіктенеді Қарашеңгел ауылының тұрғыны.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қарашеңгел ауылында мал ұрлығы көбейіп бара жатқанын, «мал тек өрістен ғана емес, қорадан да ұрланып жатқанын» ауылдық округ әкімі Алмат Әбілханов та растайды. Оның айтуынша, малдың жоғалуына кейде иелері де себепкер болады.

– Соңғы екі ай көлемінде қорадан он шақты қой ұрланды. Сонымен қатар өрістен сиырлар кетіп жатыр. Мысалы, Бейбіт Тәжібаев есімді ақсақалдың 13 бас сиыры өрістен жоғалып кетті. Мұның басты себебі – малдың қараусыз кетуі. Сондықтан мал бағатын кезек ұйымдастыру не бақташы тағайындау туралы тұрғындармен сөйлесіп жатырмыз, – деді ауылдық округ әкімі.

Алмат Әбілхановтың сөзінше, ұрланған малдың жайын көршілес екі ауылға тиесілі жалғыз уческелік инспектор Бектұрған Теміров анықтап жатыр.

Азаттық тілшісіне Бектұрған Теміровке хабарласып, тұрғындардың жоғалған малдарының дерегін сұрап еді, ол «Үлкен бастықтардың рұқсатынсыз ештеңе айта алмайтынын» мәлімдеді.

«ҚЫЗЫЛОРДАДА МАЛ ҰРЛЫҒЫ КҮШЕЙІП БАРАДЫ»

Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің есебінше, мал ұрлығы тек Қарашеңгел ауылында ғана емес, бүкіл Қызылорда облысы бойынша артып барады.

«2013 жылдың алғашқы тоғыз айында Қызылорда облысы бойынша 401 мал ұрлығы тіркелсе, 2014 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 513-ке жеткен. Облыста 2013 жылы мал ұрлығының 60,9 пайызы, 2014 жылы 77,8 пайызы ашылған» дейді комитет Азаттыққа жазбаша берген мәліметінде.

Қорада жатқан түйелер. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қорада жатқан түйелер. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, Қазақстанда 2014 жылдың тоғыз айында 6 мың 11 мал ұрлығы тіркелген – бұл 2013 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 1 мың 785-ге кем. Ел бойынша соңғы екі жылда ең көп мал ұрлығы тіркелген – Оңтүстік Қазақстан облысы (2013 жылдың алғашқы тоғыз айында – 1 мың 361, ал 2014 жылдың тоғыз айында 1 мың 26 бас мал ұрланған).

Комитет республика бойынша 2014 жылдың алғашқы тоғыз айында тіркелген мал ұрлығының 44,6 пайызы ашылғанын айтады. Ең төменгі көрсеткіш Атырау мен Қостанай облысына тиесілі – ол өңірлерде 2014 жылы жоғалған малдың ешбірінен дерек жоқ.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG