Accessibility links

Мұнайшылар «мәжіліс талабымызды ескермеді» дейді


Маңғыстаулық мұнайшылардың парламент мәжілісіне биыл 7 қыркүйекте барған кездегі суреттері.

Маңғыстаулық мұнайшылардың парламент мәжілісіне биыл 7 қыркүйекте барған кездегі суреттері.

Мәжіліс қабылдаған еңбек кодексі жобасымен таныса алмаған мұнайшылар «ұсыныстарымыз ескерілмеді» деп өкпелі. Ал депутаттар ондай ұсынысты талқылауға тырысатындарын айтады.

Парламент мәжілісі қазанның 7-сінде қабылдаған еңбек кодексінің жаңа жобасына алаңдаулы маңғыстаулық мұнайшылардың 12 адамдық тобы (Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» компаниясынан – Совет Төкенов, Назар Әбішев, Бекқали Уақбаев, Ибрагим Сатыбаев, Ибадулла Амелов, Марат Жуаспаев, Жанболат Қыдырғалиев, Бақтыбек Мергенбаев, «Емир ойл» серіктестігінен – Берік Сартов, Oil Construction Company компаниясынан – Әмин Елеусінов, Валерий Пахомов, Нұрбек Қошақбаев) сол күні Астанаға барып қайтты.

«БІЗДІҢ ҰСЫНЫМЫЗ ҚАЙДА ҚАЛҒАН?»

Мұнайшылар делегациясы мәжіліске Маңғыстаудан сайланған депутат Серік Оспановпен кездесіп, еңбек кодексі жобасына енгізілген өзгерістермен таныстыруды талап еткендерін айтады.

– Біз алдын ала Серік Оспановпен телефонмен сөйлесіп, жобадағы өзгеріспен таныстыруды сұрағанымызда: «Келіңдер көрсетеміз» деген. Алайда парламент ғимаратына келгенімізде: «Ол әлі шикі, сендер түсінбей қалуыларың мүмкін. Ол ешкімге көрсетілмейді, сенатқа жіберіледі» деді. Неге біздің жобамен танысуға құқымыз жоқ? Оны енді қалай көреміз? – дейді Астанаға барған мұнайшылардың бірі Берік Сартов.

Мұнайшылар Маңғыстаудан сайланған мәжіліс депутаты Гүлнар Сейітмағамбетовамен де, сенат депутаты Бақтыбай Шелпековпен де жолығып, олардың жауаптарына көңілдері толмай қайтқандарын айтады.

Бәрінің айтатыны – «жобаны талқылауға кәсіподақ федерациясы өкілі қатысқан». Сонда біздің ұсынысымыз қайда қалған?

– Бәрінің айтатыны – «жобаны талқылауға кәсіподақ федерациясы өкілі қатысқан». Сонда біздің ұсынысымыз қайда қалған? – дейді Берік Сартов.

Мұнайшылар Маңғыстаудағы 16 кәсіподақ ұйымы еңбек кодексінің жаңа жобасын қабылдамауды сұрап қол қойып, шілденің 31-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер министр Кәрім Мәсімовке жолдаған хаттарына жауап ала алмағандарын да айтады.

– Премьер-министр кеңсесіндегілер «жауапты денсаулық сақтау министрлігі береді» деп шығарып салды. Ол айтып отырғандары Маңғыстаудағы облыстық кәсіподақтар федерациясына келген жауап болып шықты. Оны білеміз, – дейді Берік Сартов.

Денсаулық сақтау министрлігінің жауабында «Қазақстан еңбек кодексіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар жоба бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысында ескерілетіні» айтылған еді.

ДЕПУТАТТАР ЖАУАБЫ

Мұнайшылар жолыққан парламент мәжілісі депутаты Гүлнар Сейітмағамбетова өзіне «жаңа еңбек кодексін қабылдамау туралы екі ұжымдық хат келіп түскенін» айтады.

– Мұнайшыларға «өтпеген нормаларды сенаттағы депутаттарға қайта ұсыныңдар» деп ақыл-кеңес бердім. Әлі уақыт бар, сенатта бірінші, екінші оқылым бар. Солар арқылы тырысулары керек, – дейді Гүлнар Сейітмағамбетова.

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттары. (Көрнекі сурет)

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттары. (Көрнекі сурет)

Ол еңбек кодексінің мәжілісте қабылданған нұсқасы мұнайшылардың қолына берілмеу себебін «ол әлі шикі, әрі жұмыс документі болған соң берілмеген» деп түсіндірді.

Өз тарапынынан еңбек кодексіндегі демалыс және мереке күндеріндегі үстеме жұмыс ақысын 1,5 коэффициентімен қалдыруды ұсынып, соған қол жеткізгенін айтқанГүлнар Сейітмағамбетова «маңғыстаулық мұнайшылар ұсынған салыстырмалы кесте Серік Оспановта» екенін хабарлады.

Мәжіліс депутаты Серік Оспановтың мұнайшылар ұсынысы туралы пікірін білу мүмкін болмады. Оның көмекшісі депутаттың іссапарда жүргенін айтты.

Маңғыстаулық мұнайшылар кездескен адамдардың енді бірі – сенат депутаты Бақтыбай Шелпеков олардың «еңбек кодексі парламентте әбден талқыдан өтіп қойған соң келгенін» айтады.

– Ол кодекс ұзақ талқыланды, партиялар талқылады. «Елдің бәріне таныстырып, ақылдассын» деген заң жоқ. Мен оларға қағазға жазып әкеліп беріңдер дедім. Әкелсе, ұсынуға тырысамын, – деді Бақтыбай Шелпеков Азаттыққа.

МҰНАЙШЫЛАР ҰСЫНЫСЫ

Oil Construction Company мұнайшылары мәжіліске жолдаған ұсыныстарында «Қазақстан Республикасының еңбек кодексінің жобасы бойынша салыстырма кесте» жасап, онда кодекстің жаңа жобасының 16 бабына қатысты наразылықтарын баяндаған.

Мұнайшылар «жаңа кодекс жұмыс берушіге жұмысшылардың құқығын шектейтін актілер шығаруға, өздеріне ыңғайлы кәсіподақ арқылы жұмысшылардың құқығын бұзуға, ұжымдық еңбек дауын шешуде жұмысшылардың құқығын шектеуге тиімді» деп білген.

Мұнайшылар еңбек шартының жасалу мерзіміне де наразы болып, «жұмыс беруші екі жылдан кем мерзімге еңбек шартын жасақтау арқылы жұмыс орындарын табыс көзіне айналдыруы мүмкін» деген күдіктерін жазған.

Маңғыстаулық мұнайшылардың облыс әкімімен кездесуі. Қаламқас, 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстаулық мұнайшылардың облыс әкімімен кездесуі. Қаламқас, 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Олар «ірі өндіріс компаниясындағы жұмыс берушілер мен орта кәсіпорындар өзара мәмілеге келіп, ұйымның экономикалық ахуалының төмендеуін қолдан жасау арқылы әлеуметтік төлемдер төлеуден бас тартуға тырысуы, кәсіпорынның кей бөлігін аутсорсингке шығаруы мүмкін» деп қауіптенеді.

Еңбек кодексінің жаңа жобасына қатысты наразылыққа қосылған Ақтаудағы «КазСтройСервис» мұнай-газ құрылысы компаниясы филиалының жұмысшылары жобадағы «қағазбастылықтың көптігін» сынайды. «Егер компанияда 8 мың адамның тек 1 мыңы ғана кәсіподақ мүшесі болса, қалғандары өз құқын қорғауды кәсіподақтан өтіну үшін не істеуі керек – келісім-шарт жасауы керек пе немесе өтініш жазуы керек пе? Әр объектіде шашырап жүрген жұмысшыларды жинауға қаншама уақыт пен күш кетеді» деп жазады «КазСтройСервис» компаниясы кәсіподағының төрағасы Орынғали Мұсаев мәжіліске жолдаған ұсынысында.

Еңбек кодексі жобасына наразы Маңғыстау мұнайшылары бұдан бір ай бұрын, қыркүйектің 7-сінде де Астанаға барып, мәжіліс депутатымен кездесіп қайтқан.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары елдегі кәсіподақтар арасында белсенді талқыға түскен және кейбір белсенділердің сынына қалған еңбек кодексі жобасын қазанның 7-сі күні екінші оқылымда мақұлдаған.

Жобаны әзірлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің хабарлауынша, құжатта жұмыс берушілер үшін қызметкерді жалдау, кадр ауыстыру, жұмыстан босату, жұмыскерлер еңбегіне ақы төлеу мен еңбек жағдайына қатысты процедуралар жеңілдетілген. Заң жобасында еңбек келісім-шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзуге негіздер кеңейтілген. Жобада жұмыс берушіге зейнет жасына жеткен жұмысшымен келісім-шартты тоқтатуға, кәсіпорын жұмысы тұрып қалғанда жұмысшыларды олардың денсаулығына зиян емес кез-келген басқа жұмысқа өздерінің келісімінсіз ауыстыра беруге құқық берілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG