Accessibility links

Артығымен өсірсе де, Қазақстан картопқа жарымайды


Елде мамыр айынан бастап картоп қымбаттады. Саудагерлер мұны «Қазақстанда былтыр жиналған картоп қоры таусылды» деп түсіндіреді. Базардағы арзан картоп – Ресейдікі.

Алматы қаласындағы «Құлагер» шағын ауданының тұрғыны Анар базарда картоп қымбаттап кеткенін айтып шағымданды.

– Бүгін таңертең базарға барсам, бір килограмм картоптың құны 250 теңгеге дейін көтеріліп кетіпті. Арзан дегенінің өзі – 200 теңгеден. Бірақ олардың көбісі босап кеткен, жарамсыз, – дейді ол.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ КАРТОБЫ ТАУСЫЛДЫ»

Қала орталығындағы базар саудагерлері картопты Алматының батысындағы «Алтынорда» базарынан көтерме бағамен арзанырақ алып, кейін Анар сияқты тұрғындарға қымбаттатып сатады. Бірақ «Алтынордада» он жылдан бері картоп сатып келе жатқан Марал есімді саудагер ол базарда да «соңғы төрт күннен бері картоптың бағасы күрт өсіп кеткенін» айтты.

– Күніне 5 теңге қосылады. Қазір көтерме бағасы 185 теңгеге жетті. Біз 185 теңгеден алып, көтермеге 190 теңгеге сатып тұрмыз, – дейді Марал.

Картоптың неге қымбаттап кеткенін сатушылардың бірі «Қазақстандағы картоп таусылды. Қазір тек сырттан ғана әкеп жатыр. Сондықтан қымбат» деп түсіндірді.

Нұржан есімді саудагердің айтуынша, Алматы базарларында Қарағанды облысының картобы да сатылып жатыр, бірақ көбі негізінен Пәкістаннан әкелінген.

"Барлық" базарының кіреберісі. Алматы, 3 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"Барлық" базарының кіреберісі. Алматы, 3 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​– Пәкістаннан келген картоп пен қарағандылық өнімдердің килограмы 185 теңгеге шықты. Бұған дейін Павлодар мен Нарынқолдың картоптары болған – бірақ олар қазір жоқ. Бұл жердегі ең арзан картоп – Ресейден әкелінгені. Оның бағасы 145 теңгеден, – дейді Нұржан.

Базардағы саудагерлер шетелдік картоптың Қазақстанға қандай жолмен келетінін білмейтіндерін айтты.


«ГӘП – ҚОЙМА ЖОҚТЫҚТА»

Қазақстанға көршілес Ресей мен алыстағы Пәкістаннан картоп әкелінетінін Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры Теміржан Айтбаев та растайды. Бірақ ол да не себепті бұл екі елдің өнімі Қазақстанда өтімді екенін білмеді.

Теміржан Айтбаевтың сөзінше, «Қазақстанда әр адам басына шаққанда картоптың жылдық медициналық нормасы 100 киллограмдай – сонда ел халқына бір жылға 1 миллион 700 мың тонна картоп керек».

– Қазақстанда жылына 190 мың гектар жерге картоп тұқымы себіліп, күзде 3 миллион тонна картоп жинап алады. Жиналған картоптың 600 мың тоннасын тұқымдыққа алып қалдық дегеннің өзінде артығымен жету керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр, – дейді Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры Теміржан Айтбаев.

Ол тұрғындарға артығымен жетуі тиіс картоптың тапшылығын көкөніс сақтайтын қоймалардың жетіспеуінен деп түсіндіреді.

– Елде көкөніс сақтайтын қоймаларының жалпы көлемі 700 мың тонна ғана. Бұлардың 600 мың тоннасы – совет заманынан қалған қоймалар. Онда сақталған картоптардың 20 пайызы шіріп, босап кетеді, – дейді Теміржан Айтбаев.

Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директорының айтуынша, әсіресе картопты көп егетін солтүстік облыстар қойма жетпегеннің кесірінен өнімдерін Ресейге асығыс-үсігіс сатып, кейін Қазақстан ол елден қайта сатып алады.

"Алаш" базары. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, 6 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"Алаш" базары. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, 6 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​– Сондықтан осындай келеңсіздікті болдырмау үшін Қазақстанға көлемі 2 миллион тонналық заманауи қойма қажет, – дейді маман.

Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының мәліметіне қарағанда, Қазақстанның Кеден Одағы мен Еуразия экономикалық одағындағы әріптестері – Ресей жылына 35 миллион тонна, Беларусь жылына 10 миллион тонна картоп жинайды.

Азаттық тілшісі Қазақстанға картоп бағасы жайлы, нарықтағы шетелдік өнімнің үлесі туралы ауыл шаруашылығы министрлігінен де дерек сұраған еді. Министрлік өкілі «ол сауалдарға бірнеше күннен кейін жауап беретіндерін» айтты.

Картоп – Қазақстан үкіметі 2013 жылы бекіткен тұтыну қоржыны тізімінде тұрған 43 тағам түрінің ең қомақтысы. Ол тізім бойынша, елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінде (айына 19 966 теңгеге) өмір сүретін адамның өзі жылына кемінде 95 килограмм картоп жеуі керек.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG