Accessibility links

Мұнайлы өңірдің мектептерінде оқулық жетіспейді


Абай атындағы орта мектеп. Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкин ауылы. 5 ақпан 2013 жыл.
Абай атындағы орта мектеп. Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкин ауылы. 5 ақпан 2013 жыл.

Ата-аналар «Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы мектептерде негізгі пәндерге арналған оқулықтар қат» дейді. Облыстық білім басқармасы «тапшылық жоқ» дейді.

Атырау облысы Құрманғазы ауданында оқулық тапшылығы білінгелі бірнеше жыл болған. Мұғалімдердің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, «аудандық білім бөлімі бұл жағдайды білгенімен, әр оқушыны толық қамтамасыз етуге қауқарсыз».

63 ОҚУШЫДА 25 КІТАП ҚАНА БАР

Аудан орталығы Ганюшкин селосындағы мектеп-интернаттың тәрбиешісі Гүлмара Бердімұханованың айтуынша, қызы оқитын Абай атындағы қазақ орта мектебінің 7-сыныбындағы 63 оқушының қолында барлық пәндерді қосқанда бас-аяғы 25 кітап бар.

– Мәселен, менің қызым көшірмемен оқып жүр. Үлкен қызымның жасы қазір 25-те, бұл соның [мектепте оқып жүрген] тұсында басталған проблема болса да, әлі ештеме өзгерген жоқ, – дейді ол.

Гүлмара Бердімұханованың бастауыш сыныптарға сабақ беріп келе жатқанына отыз жылдан асқан. Ол өзі жұмыс істейтін Ганюшкиндегі жетім және отбасы жағдайы нашар балаларға арналған мектеп-интернаттың төртінші сынып оқушылары «математика пәнінің жаңа оқулығын көрмегендеріне алты жыл болғанын» айтты.

– Төртінші сынып 2009 жылдан бері математиканы Кучер деген автордың кітабымен оқуы тиіс еді. Бірақ оны осы уақытқа дейін балалар түсінде де көрген жоқ. Қаражанов, Оспановалардың авторлығымен шыққан ескі оқулықтармен оқып жатыр. Олар саудаға шыққан, бірақ біздің балалардың қолы оған жетпей (қымбаттығын айтады – ред.) отыр, – дейді мұғалім.
Ағылшын тілі жүргенімен, кітап жоқ. Мұғалімдер білгенін оқытады. Ал «Өзін-өзі тану» жетпейтін мектеп жоқ.

Ұстаздың айтуынша, «үшінші-төртінші сынып оқушыларының қолында «Дүниетану» оқулығы мүлде жоқ. «Еңбек», «Сурет» пәндерін әр бала әр автормен оқып жүр».

– Ағылшын тілі жүргенімен, кітап жоқ. Мұғалімдер білгенін оқытады. Ал «Өзін-өзі тану» (Сара Назарбаева жетекшілік ететін авторлар тобы шығарған кітаптар - ред.) жетпейтін мектеп жоқ. Оқулық мәселесін ұстаздар былтырғы оқу жылы алдындағы педагогтардың тамыз мәслихатында көтергенімізбен, өзгеріс жоқ, – дейді Гүлмара Бердімұханова.

Ұстаздың айтуынша, «Мемлекетіміздің заңына сәйкес барлық мектеп оқулықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Оны сатып алу үшін әр оқулыққа кем дегенде 1000 теңгеден қаражат керек».

Оқулықтың жетіспеуі Атырау облысындағы Құрманғазы ауданына ғана тән проблема емес, Еңбекші ауылының орта мектебі тәрізді аймақтағы көптеген ауыл мектептеріне тән құбылыс.

«АУДАНДА ОҚУЛЫҚСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛА ЖОҚ»

Құрманғазы ауданындағы оқулық тапшылығы туралы Азаттық сауалына Атырау облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Шәкежан Мұрзағалиев таңғалды.

– Бізге түскен мониторингке сәйкес, тапшылық жоқ, – деді ол.

Шәкежан Мұрзағалиев басқарманың бас маманы Роза Қабдоловамен сөйлесуге кеңес берді. Бас маман Құрманғазы ауданында оқулық тапшы екенін теріске шығарған жоқ. Оның ойынша, «мәселені тек аудандық әкімдіктің араласуымен шешуге болады».
Үйлеріне қайтып бара жатқан оқушылар. Қазақстан, 15 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Үйлеріне қайтып бара жатқан оқушылар. Қазақстан, 15 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

– Құрманғазы ауданының контингенті үлкен. 2005 жылдан бері жергілікті бюджеттен жыл сайын тек 22 миллион теңге бөлініп келеді. Жаңа пәндер қосылып, кей оқулықтар жаңарып жатқандықтан бұл қаржы аз. Аудандық оқу бөлімі әкімдіктен мәселені шешуге көмек сұрау орнына «ақша жетпейді» дегенді айтады, – деді Атырау облыстық білім басқармасының бас маманы Роза Қабдолова.

Ол оқулық мәселесін шешу үшін «аудандық әкімдікке хат жолдаудан шаршағанын» айтты.

Ал Құрманғазы аудандық оқу бөлімі бастығы Болатбек Шуриннен оқулық жайы туралы сұрай алмадық, демалыста болып шықты. Оның орынбасары Өркен Тәжібаевтың айтуынша, «ауданда оқулықсыз қалған бала жоқ».

– Республика бойынша жаңадан шыққан оқулықтардың 40 пайызы аймақтарға бөлінеді. Облыстан бөлінгені бізге тиеді. Аудандағы 5761 жартылай жетім, аз қамтылған отбасы балаларын жаңа оқулықтармен 100 пайыз қамтыдық. Ал қалған оқулықтарды барынша бөліп беріп отырмыз, – деді ол.

Өркен Тәжібаев өзінің бюджет және қаржылық мәселелерге қатысы жоқ екенін ескертіп, [оқулықтар үшін бөлінетін] 22 миллион теңге туралы нақтылайтынын айтты.

– Ағылшын тілі оқулығы туралы айтқаныңызды да анықтаймын. Қай мұғалім ол шағынып жүрген? – деді Құрманғазы аудандық оқу бөлімі бастығының орынбасары Азаттық тілшісіне.

"БҰЛ - БЮДЖЕТТІ ДҰРЫС ЖОСПАРЛАМАУ"

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Асқар Мұфтах мәселенің шығу төркінін қайтадан облыстық әкімдікке сілтеді. Оның айтуынша, «Бұл (оқулықтың жетіспеуі – ред.) – облыс тарапынан бюджетті дұрыс жоспарламаудан шыққан мәселе. Негізгі қаражат облыстық трансферттен бөлінеді. Жоғарыда айтылған 22 миллион теңге де - облыс бөлген ақша».
Облыс әкімдігі ауданда қанша мектеп бар, қанша кітап керегін есептеп, қаржыны бөлулері керек. Бұл - қанша сұрасақ та артық бөлмейді деген сөз.

– Біз субсидиялық ауданбыз. Бюджетіміздің 87 пайызын қарызға аламыз. 857 миллион теңге салық жинаймыз, ол алған субсидияның 16 пайызын ғана өтейді. Сондықтан облыстық білім басқармасының айтқаны дұрыс емес. Олар ауданда қанша мектеп бар, қанша сынып бар, қанша бала бар (12 мың 687 оқушы) және оларға қанша кітап керектігін есептеп, қаржыны тиісінше бөлулері керек. Бұл - біз қанша ақша сұрасақ та олар одан (22 миллион теңгеден – ред.) артық бөлмейді деген сөз, – дейді Асқар Мұфтах.

Ал Құрманғазы ауданындағы жетім және әлеуметтік жағдайы аз қамтылған балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі Гүлмара Бердімұханова:

– Келер жылы оқушылар 5-сыныптың математикасын Кучердің авторлығымен шыққан жаңа оқулықпен жалғастырады деп жатыр. Ескі оқулықпен бастаған бала онымен қалай жалғастырады? – дейді.

Құрманғазы ауданы – Атырау облысының Ресеймен шекаралас жатқан әкімшілік аумағы. Оның орталығы Ганюшкин селосы қаладан 250 шақырым жерде. Ауданға қарасты селолық округтерде 38 орта мектеп бар. Ганюшкиндегі Абай атындағы орта мектепте 800-ден аса бала оқиды.
XS
SM
MD
LG