Accessibility links

Алматыда жалғыз лагерь бюджетке қарайды


«Связист» лагеріндегі оқушылар . Алматы, 25 маусым 2013 жыл.

«Связист» лагеріндегі оқушылар . Алматы, 25 маусым 2013 жыл.

Алматы қаласы мен маңындағы 27 балалар және скауттер лагерінің біреуі ғана мемлекетке тиесілі. Ата-аналардың көбі қымбат лагерьге балаларын жібере алмай отыр.

Алматы тұрғыны Жәмила Қошқарованың екі баласы бар. Жазда оларды ылғи ауылдағы ата-әжесіне жіберетін еді. Бірақ биыл ол әдетінен айнып, лагерьге бермек болды.

Алайда лагерьдің бағасын естігенде жас ананың еңсесі түсіп кетті. 10 күндік демалыс кем дегенде 45 мың теңге (шамамен 300 доллар) болып шықты.

Жәмила Қошқарова тек үлкен ұлы – 10 жасар Арланды ғана лагерге берді де, 7 жасар Кәмиланы ауылға жіберді.

- Бағасын қалтам көтермеді. Жалақымыз біріне тартсаң, біріне жетпейді – деді Жәмила Қошқарова Азаттық тілшісіне.

Жәмила Қошқарова қызы Кәмиланы құшақтап отыр. Алматы, 20 маусым 2013 жыл.

Жәмила Қошқарова қызы Кәмиланы құшақтап отыр. Алматы, 20 маусым 2013 жыл.


Кәсіпкер Дархан Төлеповтің үш баласы бар. Бәрі 12 күнге Іле-Алатау ұлттық саябағындағы «Маралсай» лагеріне кеткен. Ол үш баланың демалысына 200 мың 160 теңге (1 мың 330 доллар шамасында) төледі.

БАҒА МЕН ЖЕҢІЛДІК

Әр лагерьдің бағасы, онда демалатын күн саны әртүрлі. Мәселен, «Сарыарқа» лагерінде бір маусым - 12 күн, «Горное солнце» лагерінде - 8-10 күн. Ал «Жас құрылысшы» тек 7 күн демалуға мүмкіндік береді.

Лагерьде өткен бір күннің бағасы 1 мың 860 теңгеден басталып 7 мың теңгеге дейін барады, бұл баға әдетте демалыс орнының тұрған жеріне байланысты анықталады. Лагерьлер - жеке меншік, сондықтан құнын кәсіпкердің өзі анықтайды.

«Тау-Тұран» лагерінде тек бірінші маусымда жеңілдіктер бар – бір күнге 4 мың 500 теңге (30 долларға жуық). Қалған маусымда бір күннің бағасы 6 мың 500 теңге (43 доллар) деп белгіленген.

«Қазақтелеком» мен «Қазпошта» мемлекеттік компанияларының қызметкерлері жолдаманы жеңілдікпен алады. Олар негізгі бағаның 25 пайызын ғана төлейді.

- Байланыс қызметкерлерінің «Связист» деген сауықтыру лагерлері бар. Бұрыннан қызмет етіп келеді. Лагерь жеке меншік болса да, бағасы келісімді. Жұмыс беруші балалар демалысының 50 пайызын төлейді, 25 пайызын ата-анасы, қалған 25 пайызын кәсіподақ көтереді. Әйтпесе біздің балалар онда бармас еді, - дейді «Қамқоршы» байланыс қызметкерлерінің Алматы кәсіби одағының төрайымы Тамара Глазкова Азаттық тілшісіне.

"Связист" лагерінің бір бөлмесі. Алматы, 25 маусым 2013 жыл.

"Связист" лагерінің бір бөлмесі. Алматы, 25 маусым 2013 жыл.


Бұл лагерьдегі бір күндің демалу құны – 4 мың 500 теңге. Балалар мұнда 10 күн болады. Жұмыс беруші бұл лагерьмен 25 жылдан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді.

- Лагерьдің 20 гектар жасыл алаңы мен бассейні бар. Бір маусымда 7-16 жас аралығындағы 500 бала демалады. Лагерьде адамдармен тіл табысу, төзімділік насихатталады. Тәртіп бұзуға тыйым салынады, - дейді Тамара Глазкова.

15 жасар Маша Орлова "Связист" лагеріне осымен үшінші рет келіп жатыр.

- Бұл жақтың бағдарламасы тамаша, мұғалімдері де жақсы. Ескі достарымды көруге келдім. Қаланың шуынан демаласың. Билегенді ұнатамын. «Х-фактор» шоуына қатыстым, оған сол шоудың нағыз финалистері төреші болды. Қауіпсіздік қызметі де жақсы. «Батырлық күні», «Би кеші», «Әзіл күні», «Коммерциялық ойын» сияқты әртүрлі шаралар жиі өтеді, – дейді ол.

10 жасар Богдан Алакучуков та осы лагерьдің тұрақты демалушыларының бірі. Оған футболға арналған үлкен алаң ұнайды.

БЮДЖЕТТІК МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БАЛАЛАРЫ

Көптеген балалар лагерьлері – бұрынғы «пионерлердің» советтік кезеңде салынған демалыс орны. «Жас құрылысшы» лагері бұрынғы атауын сақтаған. Таудағы лагерьде 7-16 жас аралығындағы балалардың 7 отряды бар. Бұл лагерь жұмысын басқалардан ерте - 27 мамырдан бастайды. Себебі 12 маусым бойы қызмет көрсетеді (бір маусым – 7 күн). Жазғы маусымның басы мен соңындағы жолдаманың құны – 13 мың теңге (шамамен 85 доллар). Маусым ортасындағы бағасы – 22 мың теңге.

"Юный домостроитель" лагері. Алматы, 26 маусым 2013 жыл.

"Юный домостроитель" лагері. Алматы, 26 маусым 2013 жыл.


- Лагерь бюджет қызметкерлерінің балаларына арналған. Яғни ата-анасының жалақысы шағын балалар демалады. Бес мезгіл тамақ береміз. Күніне екі шара өткізіледі. Кинофильмдер көрсетіледі, әр бейсенбі сайын цирк тобы келеді. Бізге Қазақстанның барлық аймағынан балалар келеді, - деді лагерьдің аға тәрбиешісі Анна Путинцева Азаттық тілшісіне.

Лагерь Алматыдағы балалар үйінің біреуін қарамағына алған. Директоры демеушілер тауып, әр жазда балалар үйінің 25 баласын осында жібереді. «Ұстаз» мемлекеттік қоры да әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларын әкеледі. Олардың шығынын қордың өзі көтереді. Алматы қаласының білім басқармасы мектепті үздік бітірген екі-үш баланы демалысқа жібереді.

Қаскелең қаласының 14 жасар тұрғыны Юля Щеголева «Жас құрылысшы» лагеріне екінші рет келіп отыр. Юляның айтуынша, оған тәрбиешілерден бастап, ойын-сауық бағдарламасына дейін бәрі ұнайды.

ЖАЛҒЫЗ МЕМЛЕКЕТТІК ЛАГЕРЬ

Алматыдағы жалғыз мемлекеттік лагерь - «Өрнек» дарынды балаларға арналған Әбілхан Қастеев атындағы мектепке тиесілі. Лагерьдегі балалар сурет салып, қолданбалы өнермен айналысады, шеберлік сабақтары өтеді. Бұл демалыс орны Алматы қалалық білім басқармасына қарайды. Лагерьде 15 күннен 3 маусым бар, әр маусымда шамамен 100 баладан демалады. Бұл жерге балалар үйінің тәрбиеленушілері де келеді.

- Алматыда тек біздің лагерь ғана жеке меншік емес. Оған қол жеткізу де оңай болмады. Мектеп директоры Ханзада Есенова осы лагерді іске қосу үшін талай табалдырықты тоздырды. Ол үшін тамыр-таныс қана емес, шыдам да керек, - деді Қастеев атындағы мектеп директорының орынбасары Бекайдар Тәжиев Азаттыққа.
Алматыда тек біздің лагерь жеке меншік емес. Оған қол жеткізу үшін талай табалдырықты тоздырдық. Тамыр-таныс қана емес, шыдам да керек болды.

Алматы қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі бөлімінің маманы Индира Қасенова Азаттыққа балалар лагерінің мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтынын айтты. Тек балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жағдайы төмен отбасының балаларына ғана қаржы бөлінеді.

Ғылым және білім министрлігінің ақпараты бойынша, 2013 жылдың мамыр айында Астанада өткен үкімет отырысында жетім балалар үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге, ал жағдайы төмен отбасының балалары үшін 2,7 миллиард теңге бөлінетіні айтылды.

Балалар лагерінің өзін өзі ауызсумен қалай қамтамасыз ететінін мына видеодан көре аласыз:


Мақаланы аударған – Динара Әлімжан
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG