Accessibility links

Билік жер мәселесіне келгенде «тарихтан сабақ алмады»


Жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбай. (Жеке мұрағаттан алынған сурет)

Жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбай. (Жеке мұрағаттан алынған сурет)

Қазақ АССР Орталық атқару комитеті осыдан 90 жыл бұрын – 1921 жылы 19 сәуірде «Жерлерді еңбекші қазақ халқына қайтарып беру тақырыпты Заң» шығарды.


«Семей губерниясының Өскемен, Семей, Кереку үйездеріне қараған һәм Ақмола губерниясының Омбы, Қызылжар үйездеріне қараған, Ертіс өзенінің сол жақ (оңтүстік) жағасындағы Жаңабағланнан (Звериноголовский) Қызылжарды басып Омбыға баратын ескі пошта жолының оңтүстігіндегі көлденеңі он шақырымдық жер 1907 жылғы майдың 31-інде Министрлер советі ұсынып, патша бекіткен жарлық бойынша Сібірдің казак-орысына беріліп еді. Бұл жерді баяғыдан бері еңбекші қазақ халқы Сібірдің казак-орысынан жалдап алып, пайдаланып келеді. Енді бұл жер түгелімен еңбекші қазақ халқына қайтарылады» делінген Қазақ АССР Орталық атқару комитеті шығарған заңда.

Бұл заң бойынша Жайық өзенінің сол жақ бетіндегі казак-орыстарға 1882 жылы берілген жер де Қазақ АССР-іне қайтарылды.

Осы атаулы күнге орай Азаттық радиосына сұқбат берген, Совет билігі тұсындағы қазақ тарихының маманы, тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы Бейбіт Қойшыбай Қазақстанның көршілес елдермен 90 жылдан бергі алыс-беріс жері туралы әңгімелейді.

– Бейбіт мырза, 1921 жылы 19 сәуірде қазақ еліне қайтарылған жерлер патша үкіметіне қашан, қандай қисынмен кеткен? Жалпы, ондай жерлерді қайтару қай кезде басталды?

– Қазақ хандығы таратылып, қазақ елі Ресей империясының отарына айналғаннан бері жердің бәрі орыс мемлекетінің меншігіне өтіп кетті ғой. Алғаш 1888 жылғы реформа бойынша жерді мемлекеттік меншік деп жариялады. Одан кейін 1891 жылғы Дала ережесі бойынша қазақ жерінің бәрі Ресей империясының мемлекеттік меншігі болып жарияланған. Одан кейін де қазақтың шұрайлы жерлерінің бәрін алу шаралары жүзеге асып жатты.

Большевиктер 1917 жылғы 7 қарашада төңкеріспен билікке келгеннен кейін совет үкіметін жариялаған ІІ сьезде Жер декреті қабылданған болатын. Сол декрет бойынша жерге жеке меншік жойылып, жерді помещиктер мен патша әулетінен тартып алады да, халыққа, шаруаға беретін болды.

ТҮРКІСТАНДЫ БӨЛУ САЯСАТЫ

– Совет үкіметінің Жер декреті жер мәселесін бірден шешіп тастады ма?

– Қазақтың мүддесі онымен ескерілген де, шешілген де жоқ. Себебі ол кезде қазақ өз мемлекетін құра қойған жоқ еді.

Әуелі 1918 жылғы ақпанда Қоқан (Түркістан) автономиясын қанға бөктіріп құлатқаннан кейін, большевиктер сол жылғы 1 мамырда Кеңестік Түркістан автономиясын жариялады. Түркістандағы қайраткерлердің көбі, ең
Жер туралы декрет қазақтың мүддесін ескерген де, шешкен де жоқ. Себебі ол кезде қазақ өз мемлекетін құра қойған жоқ еді.
мықтылары – қазақтар еді. Тұрар Рысқұлов бастаған топ Түркі республикасын, түркі халықтарының коммунистік партиясын құру туралы шешім қабылдатқан болатын. Ондағы мақсаты – «өлкені жергілікті халықтың өзі билеуі керек» деген мәселе.

Алайда Ташкенттегі Түрккомиссия, Мәскеудегі Ленин оны қолдаған жоқ. Лениннен бастап оны қолдаған жоқ. Ленин Рысқұловты қабылдап, ол пікірі қате екенін «түсіндіріп», өз серіктеріне: «Мына Түркістанды Өзбекия, Қазақия, Түркменияға бөлу мәселелерін ойластырыңдар» деп нұсқау берген болатын. Өйткені орталық үкімет түркі халықтарының бірігуінен қорыққан еді. Орталық комитет содан кейін – жергілікті халықты разы қылу мақсаты болуы ғажап емес – 1920 жылдың жазында помещиктердің жерін «жергілікті езілген халыққа» алып беру туралы қаулы қабылдады.

Ал Қырғыз (Қазақ) Автономдық Советтік Социалистік Республикасы 1920 жылы құрылды. 1921 жылы жерге байланысты екі үлкен қаулы қабылданды. Ақпан айындағы қаулы бойынша «барлық жер-су – қазақтың меншігі, қазақ мемлекетінің жер қоры» деген шешім қабылдады. Екі айдан кейін, 19 сәуірде өзіміз сөз еткен қаулыны қабылдады. Бірақ бұлар – құжат қана. Іс жүзінде орындала қойған жоқ. Өйткені Қазақ республикасы алғаш құрылған кезде екі-ақ облысты – Торғай мен Оралды ғана біріктіргені мәлім. Ақмола мен Семей жағы Сібір революциялық комитетінің қарамағында болған. Оны қайтарып алуға байланысты көп келіссөздер жүргізілді, қайта қосып алуға біраз уақыт кетті.

Одан Орта Азиядағы межелеуге келдік. Ол науқаннан кейін қазақтың оңтүстіктегі жерлері Қарақалпақ облысымен бірге Қазақ республикасына қайтқаны мәлім. Оңтүстік өңірдегі Қожанов комиссиясы орыс кулактарынан жерді тартып алып, қазақтарға қайтару ісімен қатты шұғылданғаны сондай – орыстар Мәскеуге арызданып, сол жақтан арнайы комиссия келіп, Қожановтың комиссиясын кері шақырып алып, оларға «ұлтшыл» деп айдар таққан. Ондай оқиғалар Қазақстанның солтүстік жағында да болды. «Ұлтшыл» деп айдар тағу сол кезде басталды. Сондықтан жер мәселесіне абайлап кірісетін болды.

ЕСКІ ДАУ МЕН ЖАҢА ҮКІМЕТ

– Совет үкіметі Қазақстанға жерін қайтарып беру ісін соңына дейін жүргізді ме?

– Патша тұсында алынған қазақ жерлері қайтарылды деп айтуға болмайды. Жер, керісінше, біртіндеп кетіп жатты. Қазақстанның оңтүстігі пен солтүстігі біріккен уақытта, Орта Азиядағы межелеу науқанының қорытындысы бойынша, біраз жер қазаққа тиген еді. Бірақ кейін қазақтың біраз жері кетті.

Қазақтың шекарасы Ташкенттің түбінен, 7 шақырым жерден өтетін. Қазақ қайраткерлері Ташкенттің әу баста, тарихи негізде қазаққа тиесілі екенін айтып, үлкен күрес жүргізді. Бірақ оларды да «ұлтшыл» атандырып, Ташкентті Өзбекстанның құрамына берді. Ол кезде Өзбекстанның астанасы Самарқанд еді. Ташкентте бәлен жылдан кейін көшіп келді ғой. Қазақ Ташкенттен айрылғаны аздай оның маңындағы біраз жерден де айрылды. Өзбекстанға әуелі Бостандық ауданы берілді. Одан кейін тағы біраз аудан берілді. Кейін 3 ауданды қайтардық дегенмен, ауданның атын ғана алды – жерінің жартысы Өзбекстанда қалды.

Омбы мен Орынбор да орыста қалды. Екеуінің де айналасы – қазақтар. Бірақ қалаларда орыстар отырғандықтан Ресей жерді беруге мүдделі болмады. Екеуі де Ресейдің құрамына кетті.

Менің ойымша, тәуелсіздіктің тұсында бізден үлкен қателік кетті. Жерге жеке меншіктік құқық енгізу мәселесі соншалықты дұрыс болған жоқ, халықтың мүддесіне жарап жатқан жоқ. Бұл – жаңа үкіметтің, тәуелсіз елдің үкіметінің тарихтан сабақ алмай кіріскен жері. Тәуелсіз үкіметіміз талай жерді «бұл даулы жер болатын» деп Қытайға беріп жіберді. Бұл – қате. Дәлелдеуге тырысу қажет еді. Ол халықтық талқылауға салынған жоқ. Әрі-беріден кейін парламент те оны талқылаған жоқ, дауысқа салып бекіте салды.

«БІЗДЕ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ОРНАҒАН ЖОҚ»

– Сонда Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін де шекаралық аймақтарға байланысты жер дауын өз пайдасына шеше алмады ма?

– Менің ойымша, өз пайдамызға шеше алған жоқпыз. Қытайға берген жердің «даулы жер» дегеннен басқа себебі айтылған жоқ. Қазақ Шығыс Түркістанда ғасырлар бойы өз атамекенінде, өз жерінде тұрып келеді.
Жеріміздің үлкендігін алға ұстап, ұтылып жатырмыз ба деп қорқамын. Жер үлкен екені рас. Бірақ Совет өкіметі халықты ұлттық апатқа ұшыратпағанда, халқымыздың саны да соған сай болар еді ғой.
Кезінде екі империя салған шекара Батыс және Шығыс Түркістанда тұратын қазақ халқын екіге бөліп тастады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін олардың дауы қаншалықты заңды? Сол сияқты, шекараны нақты жүргізген кезде Өзбекстанға да біраз жер бердік. Ресеймен шекараны нақтылағанда да солай болды. «Бір телімнен алып, келесі бірінен бердік» дегенді айтады. Бірақ іс жүзінде бізге тиімді болған жоқ.

Жеріміздің үлкендігін алға ұстап, ұтылып жатырмыз ба деп қорқамын. Жер үлкен екені рас. Бірақ Совет өкіметі халықты ұлттық апатқа ұшыратпағанда, халқымыздың саны да соған сай болар еді ғой. Совет өкіметі ұрындырған жасанды ашаршылықтар құрбандарын да жоқтай алмай жүрміз.

Аз халықтың орнын толтыру жайын үкімет жете ойластыра алмай отыр ма деп күдіктенемін. Өйткені оралмандарды көшіріп әкелу мәселесі де, халықтың табиғи өсімін арттыру да мәселесі де әлі күнге дейін жеткілікті түрде шешімін тапқан жоқ.

Бұл жәйттердің оң шешілуіне лайықты саяси ерік-жігер де білдірілмеді, тиісті заңдық тұғыры кемшін, мәселені зерттеп отыру ғылыми жолға қойылған жоқ, Жалпы бұл проблемалар белгісіз емес. Мәселе – биліктің құлақ асуында, оны орындаудың жолын таба білуінде.

Егер қазақтың ұлттық мүддесін ойласа, 1990 жылғы мемлекеттік тәуелсіздік Декларациясында көзделген ұлттық мемлекетті толық мәнінде құруға мүдделі болса – жолын табуға болады. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге ұлттық мемлекет орнаған жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет.

(Сұқбаттасымыздың пікірі Азат Еуропа/Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG