Accessibility links

Жер комиссиясы күдікке де, үмітке де себеп


Жерге байланысты митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Жерге байланысты митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Жер реформасы комиссиясы туралы әрқилы пікір айтыла бастады. Оған енгізілген азаматтардың бірі «жер мәселесін қозғаған белсенділерді қудалау тоқтамаса, комиссияға қосылмайтынын» мәлімдеді.

Кеше жер реформасы жөнінде комиссия құрылып, оған енген 75 адамның аты-жөні белгілі болған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық ететін бұл комиссияға парламент депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері, ғалымдар мен қоғам белсенділері кірген. Комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-інде Астанада өтпек.

«БИЛІКТІҢ ҰСТАНЫМЫ ЖЕҢЕДІ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар әзірге комиссияның нақты ережесі мен жұмыс тәсілі белгісіз екенін айтады. Қазақстанның саяси өмірінде биліктің бастамасымен осыған дейін де бірнеше комиссия құрылғанын еске түсірген адамдар «комиссия билік тапсырмасын орындаумен шектелуі мүмкін» деп те қауіптенеді.

Жер реформасына жөнінде комиссияның әрекетіне күмәнмен қарайтын адамдардың бірі – оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин. «Билік әр кезде комиссияны көз алдау, уақыт ұту үшін ғана құрып келді» деген саясаткер жер туралы комиссия да соның кебін киюі мүмкін деп қауіптенеді.

Серікболсын Әбділдин. Алматы, 22 тамыз 2012 жыл.

Серікболсын Әбділдин. Алматы, 22 тамыз 2012 жыл.

– Жер туралы комиссияға президент Нұрсұлтан Назарбаевқа не керек болса, соны дайындайтын адамдар жиналды. Биліктің шешімімен келіспейтіндер шешімге көпшілік дауыс бергенде жеңіледі. Сол себепті бұл комиссиядан үміт күтпеймін, – дейді ол.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев «комиссия көпшілік дауысқа жүгінсе, билік өзіне ыңғайлы шешім шығара алады» деп есептейді. Ол бұл комиссияны халықтың жер мәселесіне байланысты ашу-ызасын басу үшін жасалған әрекет деп бағалайды.

– Биліктің комиссия арқылы халықпен диалог орнатуға ұмтылысы дұрыс. Бірақ комиссияның құрылғаны емес, шешімнің қалай қабылданатыны маңызды. Ресми БАҚ-тар «бұл комиссияның мақсаты – жер кодексіндегі өзгерістерді түсіндіру» деп жазып жатыр. Комиссияда жер кодексіне қарсы митингілерге қатысқан қоғамдық белсенділер аз. Сондықтан жеме-жемге келгенде көпшілік дауыспен биліктің ұстанымы жеңуі мүмкін, – дейді ол.

Қазбек Бейсебаев. Алматы, 5 қыркүйек 2015 жыл.

Қазбек Бейсебаев. Алматы, 5 қыркүйек 2015 жыл.

Қазбек Бейсебаевтың болжамынша, билік өз ұстанымын қорғап қалу үшін комиссиядағы агробизнес өкілдеріне арқа сүйейді.

– Билік «шын мәнінде жермен шұғылданатын адамдар жер кодексіндегі өзгерістерді қолдап отыр» дегенді алға тартады. Агробизнес өкілдері қалай болғанда билікке тәуелді, – дейді саясаттанушы.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин мен саясаттанушы Қазбек Бейсебаев 2000 жылдардың бас кезіндегі саяси оқиғалардан кейін президент Назарбаевтың бастамасымен «елді демократияландыру, елеулі саяси реформа жасау үшін құрылған» ұлттық комиссия жұмысы нәтижесіз аяқталғанын еске алады.

КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІНІҢ ПІКІРІ ӘРҚИЛЫ

Ал саясаттанушы,жер реформасына жөнінде комиссияға енген адамдардың бірі Дос Көшім ол комиссияға әлден-ақ күмәнмен қараушылармен келіспейді. Өзінің осыған дейін де жоғары деңгейдегі бірнеше комиссияға мүше болғанын айтқан саясаттанушы «дәлелді ұсынысты өткізуге мүмкіндік бар» деп санайды. Бірақ ол комиссияның мақсаты не екенін, статусы қандай екенін білмейтінін айтады.

Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.

Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.

– Бірінші отырыста біраз нәрсе анықталатын шығар деп үміттенемін. Кейде комиссияның мақсаты айқындалады да, алғашқы жұмыс күні жұмыс тәсілі анықталады. Содан соң бұл комиссиясының статусы да белгісіз. Қоғамдық комиссия ма, мемлекеттік комиссия ма? Қоғамдық комиссия халыққа жақынырақ болар еді, – дейді ол.

Жер реформасына комиссиясы жер кодексіне былтыр енген өзгерістерді ғана талқылай ма, әлде жер кодексін тұтас талқылауға хақылы ма – Дос Көшім одан да хабарсыз.

– Комиссияның шешімі ұсыныс ретінде қала ма, әлде заңдық мүмкіндігі бола ма? Шешім көпшілік дауыспен қабылдана ма? Келіспеген комиссия мүшесінің жеке пікірін жариялауға құқығы бар ма? Осындай мәселелер нақтыланса, комиссияның қай бағытта жұмыс істейтінін белгілі болады, – дейді Дос Көшім.

Жер реформасына жөнінде комиссияға енген азаматтардың енді бірі – 24 сәуірде Атырауда жерге қатысты өткен жиынды ұйымдастырушылардың бірі Макс Боқаев бірнеше талабы орындалмаса, бұл комиссияға қосылмайтынын мәлімдеді.

Макс Боқаев митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Макс Боқаев митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Макс Боқаев Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған видеода «жер кодексіндегі өзгерістерге қарсылық білдірген азаматтар қудаланбасын, жұмыс берушілер мен билік тарапынан қысым көрсетілмесін», «халық комиссияға өз өкілдерін өздері жіберсін, билік өкілдері комиссия құрамының жартысынан аспасын», «халық наразылық білдірген жер кодексінің талаптары қашан, қандай тәртіппен жойылатынын комиссия нақты белгілесін» деген шарттар қойған.

Қазақстанда наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын» хабарлаған. Одан кейін сәуірдің 24-інен бастап Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Орал сияқты қалаларда жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне жыл соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG