Accessibility links

Қамалғандардың үй-жайын тінтіп жатыр


Белсенді Талғат Аянның ата-анасының пәтерін тінтіп жатыр. Атырау, 20 мамыр 2016 жыл.
Белсенді Талғат Аянның ата-анасының пәтерін тінтіп жатыр. Атырау, 20 мамыр 2016 жыл.

Атырауда "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деген айыппен қамалған белсенділердің үйлерін тінтіп жатыр. Ал бас прокуратура рұқсат етілмеген акцияға шыққан азаматтарды жауапкершілікке тартатынын ескертті.

Атырауда бүгін "рұқсатсыз митинг ұйымдастыру" айыбымен (әкімшілік кодекстің 488-бабы) 15 тәулікке қамалған белсенділердің үй-жайларын тінтіп жатыр.

Талғат Аянның пәтерін тінтуге келгендер бұл шараға прокуратура рұқсат бергенін айтқан. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкен тінтуге келгендердің пәтерді ішінен жауып алғанын, адвокат Бақберген Айтмамбетовтың оған кіре алмай тұрғанын хабарлады. Тінтіп жатқан пәтерге жедел жәрдем шақырылған, өйткені Талғат Аянның анасының денсаулығы нашарлаған. Кейін Талғат Аянның өзінің және әке-шешесінің үйін тінтушілер "ондағы адамдардың ұялы телефондарын, дискілерді, флэш-жады құрылғыларын, банк карталарын мен ноутбукты алып кеткені" хабарланды.

Атырауда Ерлан Башақовтың да кеңсесін тінтіп жатыр. Мұны Азаттыққа кәсіпкердің әйелі Айгүл Бекбембетова хабарлады. 36 жастағы Ерлан Башақов жұма күні сот шешімімен 15 тәулікке қамалған еді. Айгүл Бекбембетованың сөзіне қарағанда, ордерде Башақовтың пәтері көрсетілген, бірақ оның кеңсесін тінтіп жатыр.

Полиция Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі қаралып жатқан Атырау облысының мамандандырылған әкімшілік соты аумағына ешкімді жібермей тұр. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.
Полиция Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі қаралып жатқан Атырау облысының мамандандырылған әкімшілік соты аумағына ешкімді жібермей тұр. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Атыраулық белсенді Макс Боқаевтың пәтерін де тінтіп жатыр деген ақпарат бар. Боқаев мамырдың 18-іне ауған түні 15 тәулікке абақтыға жабылған. Тінтулерді нақты қай орган (полиция әлде ҰҚК) жасап жатқаны белгісіз.

Макс Боқаев,Талғат Аян және Ерлан Башақов Атырауда сәуірдің 24-і күні өткен жер мәселесіне қатысты митингіге қатысқан. Жер реформасына қатысты акциялардың ішінде осы Атыраудағы митингіге жұрт көп жиналған еді. Бұл наразылық акциялары үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру жоспарына қарсы өткен.

Атыраудағы митингіден кейін Қазақстанның басқа қалаларында да наразылық жиындары болған. Билік осы қарсылық жиындарынан соң жер кодексінде жасалған өзгерістерді күшіне енгізуге мараторий жариялаған. Мараторий жарияланған баптар ішінде ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беруді 10 жылдан 25 жылға ұзартқан тармақ та бар.

КЕМІНДЕ 25 АДАМ ҚАМАУДА ОТЫР

Қазір елдің бірнеше қаласында кемінде 25 адам "митингіге шақырды" деген айыппен қамауда отыр. Солардың бірі, Оралдағы азаматтық белсенді, жергілікті «Уральская неделя» газетінің бұрынғы бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров дүйсенбі күні кешке 15 тәулікке қамалған.

Белсенді Лұқпан Ахмедьяров (оң жақта) сот залында тұр. Оған "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды" деген айып тағылды. Орал, 19 мамыр 2016 жыл.
Белсенді Лұқпан Ахмедьяров (оң жақта) сот залында тұр. Оған "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды" деген айып тағылды. Орал, 19 мамыр 2016 жыл.

Кейбір белсенділер прокуратура мен полициядан шақырту, "рұқсат етілмеген митингіге қатыспау туралы" ескерту алғандарын айтады. Мұның бәрі "мамырдың 21-і күні ел бойынша митинг болуы мүмкін" деген хабар тарағалы өтіп жатыр.

Бүгін Қазақстанның бас прокуратурасы рұқсат етілмеген акцияларды ұйымдастыру мен оған қатысудың жауапкершілігі туралы айтты. Астанада бас прокурор Жақып Асанов "органдар кез келген тәртіп бұзушылықты тыйып, заң бойынша жедел шара қолдануы керек" екенін ескертті. Ол шараның арасында митингіге шақырған және оған қатысқан адамдарға қылмыстық және әкімшілік шара да болуы мүмкіндігі жоққа шығармайды. Бас прокуратура кейбір азаматтардың "заңды елемей", "конструктивті диалогтан" қашып, халықты заңсыз қарсылық акциясына "арандатып", "мәселені саясиландырып", "әлеуметтік және ұлттық араздық тудыру белгілері бар жалған ақпарат таратып" жатқанын айтты.

Алматыда бүгін түске дейін полиция Республика алаңы маңындағы ауданды қоршап алды. Жергілікті БАҚ дерегінше, полиция ол маңдағы канализация құдығынан арматура таяқтар мен жанғыш сұйықтық құйған бөтелкелер "тапқан". Полиция ол жерден түстен кейін кетті.

Жер мәселесіне қатысты Атырауда өткен рұқсат етілмеген митинг. 24 сәуір 2016 жыл.
Жер мәселесіне қатысты Атырауда өткен рұқсат етілмеген митинг. 24 сәуір 2016 жыл.

Алматы қаласы ішкі істер департаменті қаладағы екі тұстағы - Республика және Астана алаңдары маңындағы "жасырын жерден" жанғыш сұйықтық құйған бөтелкелер, ондаған арматура таяқ, металл істік пен бензин құйған канистрлер табылғанын хабарлады. Полиция бес адамның ұсталғанын, қаладағы екі пәтерден "бірнеше қару мен төрт граната, 5 миллион теңге табылып, тәркіленгенін" айтады.

Freedom House және Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы азаматтық белсенділердің жаппай тұтқындалуын айыптап, ел билігін оларды тез босатуға шақырған. Қазақстан билігі кеше жұртшылықты жер кодексінің даулы тұстарын талқылауға, комиссия аясында сөз етуге шақырған. Үкімет құрған жер реформасы комиссиясының екінші отырысы мамырдың 21-і Астанада өтеді.

XS
SM
MD
LG