Accessibility links

Жер кодексіне мораторий жариялауды әрқилы бағалайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларының күшіне енуін тоқтатқаны туралы ұялы телефонға келген хабарлама. Алматы, 6 мамыр 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларының күшіне енуін тоқтатқаны туралы ұялы телефонға келген хабарлама. Алматы, 6 мамыр 2016 жыл.

Жер кодексіне 2015 жылы енгізілген өзгерістерді күшіне енгізуге мораторий жариялаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімін саясаттанушылар мен сарапшылар әрқилы бағалады. Олардың кейбірі «билік өзі тоқтады» десе, енді бірі «жалпыхалықтық толқудан сескенді» дейді.

Мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы резиденциясы Ақордада өткен кеңесте елдегі жаппай қарсылық акцияларынан кейін жер кодексінің даулы баптарының күшін уақытша тоқтатуға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ол «Мәселені зерттеп, халыққа түсіндіріп, парламентпен талқылап барып бірегей шешім қабылдап, сонан соң ғана мораторийді аламыз. Олай болмаса, мораторий алынбайды» деді. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев отставкаға кетті.

Мамырдың 6-сы күні Назарбаевтың «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» жарлығы шықты. Онда 2016 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін Жер кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң нормаларын қолдануға; шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға, жарғылық капиталында шетелдіктер және шетелдік заңды тұлғалар үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығын беруге; жеке және заңды тұлғаларға ондай жерлерге жеке меншік құқығын беруге мораторий жарияланатыны жазылған. Жарлықта жер реформасы жөнінде комиссия құрылатыны көрсетілді.

«БИЛІКТІҢ СЕСКЕНГЕНІ»

"Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай.

"Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай.

Азаттық тілшісімен сөйлескен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай Жер кодексінің кей нормаларына жарияланған мораторийді «Назарбаевтың халық толқуынан сескенгендігінің белгісі» санайды.

- Халық неге болса да дайын екенін білдірді. Биліктің күш көрсету тәсілдері қақтығыс, текетіреске апаратыны белгілі болды, - дейді ол.

Оның сөзінше, билік айтқан «мемлекет саясатын халық түсінбей қалды, не болмаса тиісті мекемелер өзі түсіндіре алмады» деген уәж «сылтау» ғана.

- Мемлекеттік БАҚ мұны Назарбаевтың көрегендігі деп көрсетеді - күлкілі нәрсе. Оған күйбең тіршілікпен жүргендер илануы да мүмкін. Билік Жер кодексі мемлекетке қарсы заң болғанын мойындауы керек. Халық ұсынған азаматтар комиссияға кірсін, - дейді ол.

Ал саясаткер Серікболсын Әбділдин ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевты «шахмат алаңындағы кезекті құрбандық» болды деп санайды.

- 2015 жылы Жер кодексі өзгерістеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қол қойған. Енді даулы баптарға кінәлі адам ретінде министр Ерболат Досаевты көрсетіп отыр. Бұл – оның бұрыннан келе жатқан амалдарының бірі, - дейді саясаткер.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Жоғарғы Кеңес төрағасы қызметін атқарған Серікболсын Әбділдин президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «жалпыхалықтық толқудан сескенгені байқалды» дейді.

- Назарбаевты сырт қарағанда қайратты, батыр деп есептеуге болады. Қасында 10 жыл қызмет істедім. Бірақ ішкі дүниесі ондай емес. Ол даулы мәселені ортаға тастап байқайды, ешкім қарсы болмаса әрі қарай шешім қабылдай береді. Бұл жолы әдеттегідей болмай қалды. Жағдай өзі ойлағандай түзелсе, заң қайта жұмыс істеп кетуі мүмкін, - дейді ол.

«ҚАБЫЛДАНАТЫН ЗАҢ БӘРІБІР ҚАБЫЛДАНАДЫ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен бұрынғы депутат Алдан Смайыл «билік халықтан сескенді деп бағалаудың қажеті жоқ» дейді. Мәжілісте депутат болған ол 2015 жылы күзде осы Жер кодексіне өзгерістер енгізілгенде өзі қатысқан депутаттар талқылауын еске алды.

- Өзгерістер қабылданғанда депутаттар халықтың осылай наразы болатынын сезбеді. Бұл заңға аса мән бермеді. Әрине «жалға берудің қажеті қанша?» деген сұрақтарды көтерді. Бірақ қабылданатын заң парламентте бәрібір қабылданады, - деді Алдан Смайыл.

Ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Саясаттанушы Ерлан Сайыров «бюджетке ақша толтыру мәселесін жерді сату, жалға беру арқылы шешпек болған үкімет ұсынысын парламент асығыс қабылдады» әрі «халық наразылығын көрген билік өзі тоқтады» деп ойлайды.

- Мораторий дер кезінде жасалды. Халық наразылығын көріп, билік өзі тоқтады. Қалай болғанда мәселені ушықтырмай шешті. Жер мәселесі болашақта бүкілхалықтық талқылауға шығуы керек, - дейді ол.

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өтті. Белсенділер мамырдың 21-і күні ел көлемінде наразылық шерулерін өткізетіні туралы мәлімдеген еді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG