Accessibility links

Шаруалар жерді аукционмен сатуға сақсына қарайды


Жерінде отырған дихан. Алматы облысы Қызылағаш ауылы, 23 шілде 2014 жылы.

Жерінде отырған дихан. Алматы облысы Қызылағаш ауылы, 23 шілде 2014 жылы.

Шаруалардың кейбірі жерді аукцион арқылы сату туралы Қазақстан үкіметінің шешімін мақұл көрсе, кейбірі күмәнмен қарайды. Сарапшылар жер 2003 жылдан бері сатылып келе жатса да, «нәтижесі шамалы болғанын» айтады.

Өткен аптада ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатынын хабарлаған соң әлеуметтік желілерде бұл реформаларға қатысты әртүрлі болжамдар айтыла бастады.

«Жер тағдыры – ел тағдыры» дейтін ұрандар пайда болып, жерді сатуға қарсылық білдірушілер де байқалды. Алайда Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылардың айтуынша, жер сатуға қарсылық білдірушілер де, оны қолдаушылар да әзірге жердің қалай сатылатыны жөнінде толық ақпарат білмейді.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тұратын шаруа Махамбет Байбосынов та жерді аукционмен сатудың мән-жайын әлі түсіне алмай жүргендердің бірі. Жиырма гектардан астам жерді 49 жылға жалға алып, күріш егіп отырған ол шілденің 1-і күні жері аукционға түсіп кете ме деп те қауіптенеді. Оның Азаттық тілшісіне айтуынша, әзірге шаруалар бұл жаңалықты толық түсінбегендіктен, жер сатуға ықыласты емес.

Кәсіпкер Алмасбек Садырбаев.

Кәсіпкер Алмасбек Садырбаев.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы шаруа қожалығының иесі Алмасбек Садырбаев «Жер кодексіне» былтыр күзде енген өзгерістерден кейін жердің сатылғаны дұрыс деп есептейді. Оның ойынша, бұл реформа игерілмей жатқан жерлерді жергілікті кәсіпкерлердің сатып алып игеруіне мүмкіндік береді.

- Бұрын банктер жерді кепілге алмайтын. Өйткені 49 жылға жалға алынғанымен, ол жер бәрібір мемлекеттікі еді. Енді бұл қатынас өзгереді. «Жер латифундистердің қолына өтеді» деп те қатты қауіптенбеу керек. Егер ол жерді игерсе, халыққа жұмыс берсе – алсын. Жерді алып, сақтап қоямын дей алмайды, ол да заңмен реттелуі керек, - дейді Алмасбек Садырбаев.

«ЖЕР САТЫЛҒАНЫНА ОН ЖЫЛДАН АСТЫ»

Қазақстанда жер сату мәселесіне байланысты даулар 1990-жылдардың соңына қарай туған, 2003 жылы Иманғали Тасмағамбетов басқарған үкімет осыған ұқсас даудан кейін отставкаға кеткен.

2003 жылы «Жер кодексі» қабылданғанда парламенттегі жұмыс тобының мүшесі болған, жер қатынастарына байланысты бірнеше зерттеу авторы Тоқтар Есіркепов жерді жекеменшікке беру тетігін үкімет әлі таба алмай отыр деп санайды. Оның сөзінше, «Жер кодексі» қабылданар алдында да үкімет ұсынған бірнеше заң жобасы түрлі себеппен кейін қайтарылған.

- Иманғали Тасмағамбетов үкіметі «Жер кодексін» ұсынғанда депутаттар қарсы шығып, жерді тегін беруді сұрады. Бірақ президент үкіметті таратты да, үкіметтің «Жер кодексін» бәрібір өткізді. Ол «Жер кодексінің» бұрынғыдан айырмасы – ауыл шаруашылық жерлерін сату, жекеменшік енгізу болатын, - дейді Есіркепов.

Шөп шауып жүрген фермерлер. Ақтөбе облысы, 8 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Шөп шауып жүрген фермерлер. Ақтөбе облысы, 8 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Зерттеушінің сөзінше, сол кездегі үкіметтің 10-15 миллион гектар ауыл шаруашылық жері сатылады деген жоспары жүзеге аспай, бір жарым миллионы ғана сатылған. Есіркепов қазіргі үкіметтің жер сату идеясын шеттегі капиталын елге кіргізіп, заңдастыру науқанымен байланыстырады.

- Яғни шетелдегі ірі қаржысын әкелгендер ақшасын жер сатып алуға жұмсауы ықтимал,- деп топшылайды ол.

«ЕЛБАСЫ АЙТҚАН СОҢ КЕЛІСТІК»

Азаттық тілшісімен сөйлескен Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дарынов та жерді аукционмен сату арқылы әлдекімдер шетелден әкелетін қаржысын заңдастыруды көздеп отыр деп күдіктенеді. Ерболат Досаев басқарған ұлттық экономика министрлігінің жер сатуға қатысты шешімін талқылауға қатысқан Дарынов шенеуніктердің ауыл шаруашылығының кейбір ерекшеліктерін түсінбейтініне налиды.

- Жерді жекеменшікке берсек, шаруа қожалығы оны кепілге қойып, кредит алады деп сендіргеніне талай уақыт өтті. Сөз күйінде қалды. Енді сол жерді инвесторларға береміз деп уәж айтып отыр үкімет, - дейді ол.

Әуезхан Дарынов Қазақстандағы 100 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылық жерін аукцион арқылы сатуға қарсы емес. Бірақ бұл шешім бойынша қолданыстағы жердің де сатылғалы тұрғанына алаңдайды. Оның сөзінше, фермерлер одағы үкімет шешімін барынша жұмсартуға тырысқан.

Сөйтіп жерді дәл қазір пайдаланып отырғандарға 50 пайызға дейін жеңілдікпен алып, оны 10 жылда бөліп төлеуге мүмкіндік берілді.

- Ауыл шаруашылық жерін сатып алуға жеңілдік сұрадық. Сөйтіп жерді дәл қазір пайдаланып отырғандарға 50 пайызға дейін жеңілдікпен алып, оны 10 жылда бөліп төлеуге мүмкіндік берілді. Бірақ министрлік жер салығын ұлғайтуды көздеп отыр. Егер салықты көтерсе, шаруа жерін аламын деп бар қаржысын салып титықтайды, не болмаса біржола тастап кетеді. Біз ең болмаса 49 жылға жалға беруді қалдыру үшін үкімет шешімінің басқа шарттарына көндік. Министрлік «Елбасының тапсырмасы» деген соң амалсыздан келістік, - деді ол.

Фермерлер одағының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нияз Ибраев та Азаттыққа үкімет пен шаруалар одағының келісуі қиын болғанын айтады. Бірақ ол үкімет шешімінің шаруаларға пайдалы жағы бар деп санайды.

Ибраевтың сөзінше, жер сату кезінде ең бірінші жерді пайдаланушыларға басымдық беріледі. Ал «жер шетелдіктерге сатылады» деген сөзді ол қауесетке жатқызады.

Шаруа қожалығының мал қорасы. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылы, 17 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Шаруа қожалығының мал қорасы. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылы, 17 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

- Бұл мәселе оңтүстікке қарағанда солтүстік облыстарда басқашалау. Мысалы 5 мың гектар жері бар шаруашылықтар өз жерін игере алмауы мүмкін. Ондайда шаруашылық мүшелерімен келісіп, 500 гектарын сатуына болады. Ал ондай ауқымды жерді кез келген адам ала алмайды. Инвесторлар, қаржысы бар адамдар игерсе, жергілікті тұрғындарға да пайдалы, - дейді ол.

Биыл наурыздың 30-ы күні ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2016 жылы шілденің 1-інен бастап сауда-саттыққа 1,7 миллион гектар жер аукционға шығаралатынын, оның 645 мың гектары дайын тұрғанын хабарлаған. Бұл ақпаратта «жалға алушыларға жерді сатып алуға 10 жылға бөліп төлеу арқылы, оның кадастрлық құнының 50% мөлшерінде жеңілдіктер берілетіні» айтылған.

«Жердің аукцион арқылы сатылатыны» туралы хабардан кейін елдің әр жерінде әлеуметтік наразылық байқалып, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылдық округінің тұрғындары әкімдіктен жер даулаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG