Accessibility links

Астананың инвесторларға "беретін" жер көлемі Голландияның аумағына тең болады


Батыс Қазақстан облысының Ұзынкөл аулындағы қосалқы шаруашылықтың ірі-қара малдары. қараша, 2008 жыл.

Батыс Қазақстан облысының Ұзынкөл аулындағы қосалқы шаруашылықтың ірі-қара малдары. қараша, 2008 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстандағы егістік жерлерге Қытайдың қызығып отырғанын жазады, ал, қазақстандық билік ондай жердің 3,5 миллионнан астам гектарын шетелдік инвесторларға бере алатынын мәлімдеуде. Ауыл шаруашылығының экс-министрі «инвестордың» тек Қытайдан ғана келетініне сенімді.

ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫ ЖӘНЕ ЖАНДЫ МӘСЕЛЕСІ

Жер мәселесі қазақ тарихының 500 жылдық тарихында, 1920-1930 жылдарға дейін көшпелі қоғамның шешілуі күрделі ұш дауының бірі болып келді. Бұл – бір жағынан.

Екінші жағынан, 20-ғасырдың басында орыстың отаршыл билігі қазақ даласының есебінен столыпиндік аграрлық реформаны жүргізген кезеңде бұл - әлі де көшпелі халық үшін өмірлік мәселеге айналды. Тұтас бір халықтың сақталып қалуы және жеке ұлт ретінде өмір сүруі жер мәселесімен тікелей байланысты болды.

Қазақстанда советтік-коммунистік режим күшпен орнатылғаннан кейін «жер — шаруанікі» деген ұран ескерілместен, әсіресе, қазақ үшін маңызды осынау мәселе кейінге қалдырылды.
Николай II-ші патшаның тұсындағы Министрлер кеңесінің төрағасы Петр Столыпин.


Тура сол сияқты коммунистік режим де әлгі мәселені тәуелсіз Қазақстанның солқылдақ иығына артып, қапияда ғайып болды. Бұл, әрине, жақсылық еді. Ұлттық егемендік алғанда қазақ халқы әділеттіліктен үміттеніп, жер мәселесінің түбегейлі тарихи шешімін күтті.

Бірақ та, тәуелсіз Қазақстан іріп-шіріген бұрынғы режимнен тек қордаланған шешусіз мәселелерді (бұлардың қатарындағы ең зоры, әлбетте, жер мәселесі) ғана емес, сонымен бірге бүкіл халықтың игілігі үшін шешім қабылдауға ниеті де, тәжірибесі де жоқ кешегі партиялық-комсомолдық номенклатура кейпіндегі саяси элитаны да мұраға алып қалғаны бүгіндері белгілі болып отыр.

Соңғы 4-5 жыл ішіндегі оқиғалардан көріп отырғанымыздай, жер мәселесінен де ауыртпалығы зор «мұра» болып шыққан елдің жаңа да ескі басшылығының қазақ халқының ең маңызды және қажытқан мәселесін жауаптылықпен әрі әділетті шешуге деген ниеті жоқ.

Ондай оқиғалардың бірі ретінде 2005 жылы қабылданған жерді жеке меншікке сатуға мүмкіндік беретін жер туралы заңды айтуға болады. Мұндай іс жүзінде халыққа қарсы заңның қабылдануы сол бір есте қалған жылы, біріншіден, бүкіл қоғамның наразылығын тудырды. Ол заңға қарсы жазылған хатқа миллионнан аса қол қойылды.

Алайда, сол наразылыққа тұрпайы түрде нүкте қойды: қол жинау жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы Балташ Тұрсымбаевтың жеке автокөлігі өртелді, бұл турасында Азаттық радиосы кезінде хабарлаған болатын. Сол уақыттарда оппозиция жетекшілері мәлімдегендей, ол тұрпайылықтың артында Ақордадағы билік тұрды.

Сөзімізге дәлел болатын тағы бір оқиға — 400 шаршы километрлік байырғы қазақ жерінің Қытайға берілуі. Және үшіншісі әрі әзірге соңғысы — шетелдік инвесторларға ауыл шаруашылығына арналған 3,5 миллион гектар жер беруге дайын екендігі туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесі.

«ҚҰДАЙҒА ШҮКІР, ӘЙТЕУІР, ЖЕР ЧЕМОДАНҒА САЛЫНБАЙДЫ, СЕЙФКЕ СЫЙМАЙДЫ!»

Азаттық радиосына берген сұхбатында ауыл шаруашылығының вице-министрі Арман Евниев аграрлық мекеменің сондай ниеті барын растады. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр жер төңірегіндегі ахуалды талқыға салып, шетелдік инвесторларға жеке кәсіпорынын немесе бірлескен кәсіпорын ашуы үшін, не болмаса жер игеру мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға қаражат салу үшін жер беруге бүгін даяр нақты жер пайдаланушыларды анықтаған.

Арман Евниев республиканың он облысында, негізінен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қайсыбір себептермен ауыл шаруашылық айналымға қосылмаған 3,5 миллион гектардан астам жер анықталғанын жеткізді. Оның айтуынша, ол жерлер мемлекет меншігі болып табылады. Бірақ, министрліктің шенеунігі әлгі жерлердің 49 жылға жер пайдаланушыларға бекітілген жерлер екенін мойындады.

3,5 миллион гектардан аса жер көлемі 35 мыңнан астам шаршы шақырымға тең болады. Бұл:

Люксембург мемлекетінің аумағынан 13,5 есе көп;

Израиль елінің жер көлемінен 1,5 есе артық;

Бельгияның аумағынан 1,15 есе көп;

Голландияның жерінен аумағынан 1,03 есе артық.

Алайда, тіпті, парламенттің биік мінберінде тұрып жоққа шығара беретіні секілді (ал, оппозиция жетекшілері керісінше айтады) Ақорданың жоғары лауазымдыларының емес, шынымен-ақ жер пайдаланушыларға берілген жерлер болса, онда не үшін ол пайдаланушылар шетелдіктерге беруге құлықты? Вице-министр бұл турасында ауызын ашпады.

Мұның орынына ол бүкіл Қазақстан бойынша «жердің қайсыбір пайызы ғана жеке меншікке сатылғанын, ал, қалғаны түгел ұзақ мерзімге немесе орта мерзімге жалға берілгеніне» сендіруге асықты.

«Өйткені, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылар пайдаланып отырған жерлерін 49 жылға жалға алуға болатын болса, оны сатып алып не қылады? Ақша жұмсап, айналымнан қаражат шығарып немесе несиелік қаражатқа сатып алудың не керегі бар? Сондықтан да жерді ешкім сатып алмайды», - деп түсіндірді вице-министр.

Арман Евниев сондай-ақ кейбір қазақтың ақпараттық агенттіктерінің «Қазақстанның Жер кодексі шетелдіктерге Қазақстан азаматтарымен, заңды тұлғаларымен және азаматтығы жоқ тұлғалармен тең дәрежеде жерге деген жекеменшік құқығын береді» деген хабарларын «түсінбестікке» балады.

Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шенеуніктің айтуы бойынша, шетелдіктерге 10 жылға жалға алу құқығы мерзімді ұзарту мүмкіндігімен қоса беріледі. Бірақ, Арман Евниевтің келесі сөздері арқылы өзіне қарсы шығады:

«Өзінің белгілі бір қатыстылығымен Қазақстанда жаңадан заңды тұлға құрған шетелдік компания іс жүзінде Қазақстанның резидентіне айналады да өзге де резиденттер сияқты барлық құқықтарды пайдалана алады».

Азаттықтың анықтамасы: Жер кодексіне сәйкес «мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жекеменшігінде тауарлық ауыл шаруашылық өндіріс, ағаш өсіру, құрылыс үшін берілген (берілетін) және ғимаратты қамтамасыз етуге қажетті жер телімдері болуы мүмкін».

Дей тұра, вице-министр шетелдік инвесторларға өздері жер беруге немесе бірлесе пайдалануға ұсынуға дайын кәсіпорындардың нақты тізімі бар екенін мәлімдеді. «Жер бәріне жетеді. Құдайға шүкір, жер чемоданға салынбайды, сейфке сыймайды!» - дейді Арман Евниев.

«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ІСІ ҚАТЕЛІК ЖӘНЕ ХАЛЫҚҚА КЕРЕҒАРЛЫҚ ДЕП САНАЙМЫН»

Ал, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі және Қазақстанның астық қоймасы боп саналатын Қостанай облысының бұрынғы әкімі Балташ Тұрсымбаев ауыл шаруашылығы жерлерінің шетелдіктерге берілуін «Қазақстанның аграрлық секторының егемендігіне қол сұғушылық» деп біледі.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Балташ Тұрсымбаев бұл мәселеге деген көзқарасын егжей-тегжейімен ортаға салды:

«Тарихи тұрғыда да, іс жүзінде де Қазақстан аграрлық ел. Бірақ, солай бола тұра, бүгіндері біздің аграрлық сектор өз халқын қамтамасыз ете алмай отыр. Бізге сырттан әкелінетін ет өнімдері ендігі 46 пайызды, сүт өнімдері 10 - 15 пайызды құрап отыр, ал, жеміс-жидек, көкөністі айтпай-ақ қояйын, оның 40 – 50 пайызы көрші елдерден әкелінеді.

[Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанға сүт өнімдері 40 пайызға дейін, ет өнімдерінің 29 пайызы және 43 пайызға жуық жеміс-жидек, көкөніс сырттан әкелінеді.]

Және де, мұның бәрі халықтың барынша үнемді тұтынуы жағдайындағы көрсеткіш, елімізде әр адамның әлгі өнімдерді тұтыну мөлшері медициналық нормадан төмен.

Және бір ескеретін маңызды нәрсе — Қазақстан халқының 40 пайызы ауылда тұрады, ал, оның негізгі бөлігі – қазақтар. Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдік жер пайдаланушыларға берілетін болса, ауыл жұртының дені дымсыз қалады.
Оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев, Алматы, 20 наурыз, 2009 ж.


Бүгінгі ауыл халқы немен күн көріп отыр? Мал басы шектеулі, оны өріске жаяды. Шамасынша ет пен сүт өнімдерін шығарады. Оны қолдан қолға өткізеді немесе базарларда сатады. Сол нәпақаға күн көреді. Ал, мемлекеттің көмегі мен қолдауынан күдер үзген.

Егер сол жерлерді де шетелдік жер пайдаланушыларға беретін болса, онда мемлекет ауыл жұртын соңғы ризығынан да айырады. Сол себепті, мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің көздегенін өрескел қателік және халыққа кереғарлық деп білемін».

Жуырда өткен Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде, егер ресми ақпаратқа сенер болсақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің қаралуы да Балташ Тұрсымбаевтың пікірінің дұрыстығын қуаттайды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді «Қазақстанның алдағы 10 жылдағы стратегиялық міндеті» деп белгіледі.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің шетелдік жер пайдаланушыларға берілуі мәселесінің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қаралған-қаралмағаны беймәлім. Бірақ, біздің Азаттық радиосына сұхбат берген вице-министр Арман Евниев Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға әлі бір де бір шетелдік компанияның не елдің ниет білдірмегенін мойындады.

Балташ Тұрсымбаев болса, бір нәрсеге сенімді: ешқашан Еуропадан бір де бір аграрлық инвестор Қазақстанға келмейді, өйткені, қазақ жерінде жұмыс істеу жағдайы Еуропамен салыстырғанда жер мен көктей.

Оның сөзіне қарағанда, еуропалық елдер өз аграрлық секторына дотациялар бөліп, мықты қолдау көрсетеді, ал қазақтағы ауыл шаруашылығы жерлеріне тек қана Қытай, жалғыз ғана Қытай «инвесторлары» қатты қызығуы мүмкін.

«ҮШ МЫҢНАН АСА ҚЫТАЙ ШАРУАЛАРЫ АЛАКӨЛ АУДАНЫНА БЕТ ТҮЗЕДІ…»

Бүгіннің өзінде, «Монд» деген беделді француз газетінің ақпараты бойынша, қытайлық шаруалар қазақтың егістік жерлерін өңдеп жатқан көрінеді. Азаттық радиосына сұхбат берген ауыл шаруашылығының вице-министрі Арман Евниевтің бұл төңіректегі мәлімдемесі бізді қанағаттандырмады: «Мен бұл жайында ештеңе білмеймін. Ондай мәлімет жоқ».

Арман Евниев «теориялық тұрғыда қауіптенеді», бірақ, «әзірге, қауіптенуге еш негіз жоқ, яғни, Қытай тарапынан әлдебір әрекет байқалмайды» деп есептейді.
Қытайдың Юнань провинциясында фермерлер астық жинау гауқанында.


Бірақ, кейбір батыстық басылымдар сөз еткендей, «көршілес Қытай өзін азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның мүмкіндіктерін пайдалануға деген мүддесі, бір қарағанда, энергия ресурстары секілді айқын болмай тұр».

Атап айтқанда, француз газеті «Ле Монд» 2009 жылдың 21-інші сәуіріндегі материалында былай деп жазды:

«Мәселе 2003 жылдан бері пікірталас тудыруда: көршілес Қазақстанның егістік жерлерін Қытайдың жалға алуы туралы «Чайна Дейли» газеті таратқан ақпарат Қазақстандағы билікті алғашында мұны жоққа шығаруға мәжбүр етті.

Мұндай жоба бәрібір іске қосылды: 7 гектардан астам жер қытай-қазақ бірлескен акционерлік қоғамына жазылды, ал 3 мыңнан аса қытайлық шаруалар Қытаймен шекаралас Алакөл ауданына өз егісін егуге бет түзеді».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG