Accessibility links

Қарсылық кезінде қамалған Арайлым


"Митингіге шақырды" деген айыппен 15 тәулікке қамалған Арайлым Шакарова. Алматы, 7 маусым 2016 жыл.

"Митингіге шақырды" деген айыппен 15 тәулікке қамалған Арайлым Шакарова. Алматы, 7 маусым 2016 жыл.

«Жер мәселесіне байланысты заңсыз митинг өткізуге шақырды» деген айыппен 15 тәулікке сотталған Арайлым Шакарованы туыстары төрт күннен кейін абақтыдан тапқан.

Қостанай облысының Амангелді ауылында туып-өскен 32 жастағы Арайлым Шакарованың Алматы қаласына көшіп келгеніне 10 жыл болған. Қазір Алматының түбіндегі Іргелі ауылында, туыстарының үйінде тұратын оны мамырдың 16-сы күні Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің полицейлері «заңсыз митингіге шақырды» деген айыппен ұстап әкеткен.

– Жерді сатпау, жалға бермеу туралы әлеуметтік желілердегі талқылаулардан кейін белсенділердің WhatsApp-тағы тобына қосылдым. Сөйтіп «бейбіт митингіге шақыратын» үгіт-насихат қағаздарын таратуға қатысқым келді. Сол мақсатта «Алтын Орда» базарына келгенімде құқық қорғау органдарының онға жуық қызметкері ұстап әкетті, - дейді ол.

АДВОКАТСЫЗ СОТТАУ

Арайлым Шакарова конституцияда кепілдік берілгендіктен Қазақстанда бейбіт шеруге шығу қылмыс деп есептемегенін әрі митингіге тыйым салынғанын да білмегенін айтады. Бұрын істі болып көрмеген ол қатысып үлгермеген митингі мен таратып үлгермеген үгіт-насихат қағаздары үшін Алматы қалалық полиция департаментінен бір-ақ шыққан. Арайлым өзін қай ауданның полицейлері ұстап, қай соттың судьясының алдына әкелгенін де түсіне алмай қалған. Азаттық тілшісі оның әкімшілік ісін Алматының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Гүлшахар Чинибекова қарағанын кейін анықтап білді.

Судья маған сұрақ қойып, өзі жауап беріп тұрды. Үндемей, сескеніп тұрдым. «Айыппұлды төлей алмайсыз, жалақыңыз аз» деді. Мен «иә» деп келіскендей бас изедім. Ескерту берер деп күткем, сөйтсем 15 тәулікке қамау туралы үкім шығарды да, кетіп қалды.

– Күні бойы тергеуде болдым. Кешкі сегіз-тоғыздарда сотқа әкелді. Сот залында судьядан өзге прокурор мен полиция қызметкерлері болды. Адвокат жоқ. Судья (Гүлшахар Чинибекова - ред.) маған сұрақ қойып, өзі жауап беріп тұрды. Үндемей, сескеніп тұрдым. «Айыппұлды төлей алмайсыз, жалақыңыз аз» деді. Мен «иә» деп келіскендей бас изедім. Ескерту берер деп күткем, сөйтсем 15 тәулікке қамау туралы үкім шығарды да, кетіп қалды. Айыппұл салса, қарыз алсам да, төлейтін едім, түрмеде қорқынышты дегенді жиі естиміз ғой, - дейді ол.

Сот залынан шыға бере жылап жіберген Арайлымды полиция қызметкерлерінің бірі «осыған қуан, 3-4 жылға сотталуың да мүмкін еді» деп жұбатқан. Түн ортасында жас әйелді әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орнына апарған полицейлер күні бойы аш жүрген Арайлымға тамақ сатып әперген.

АБАҚТЫДА

Арайлым Шакарова абақты камерасының қолайсыздығын көрген.

– Кезекшілер сағатымды, моншағымды, сырғамды, аяқ киімімнің бауын да алып қалды. Сөйтіп баусыз жүрдім. Камерада бес әйел бар екен. Темекі шегеді, түтін далаға шықпайды. Тор сыртындағы терезені кейін аштырдық. Шай сұрағанда бес литр пластмасса ыдысқа қайнаған су құйып береді, - дейді ол.

«Заңсыз митингіге шақырды» деген айыппен сотталған Мөлдір Адылованың 15 тәулік әкімшілік қамаудан босап шыққан беті. Алматы, 2 маусым 2016 жыл.

«Заңсыз митингіге шақырды» деген айыппен сотталған Мөлдір Адылованың 15 тәулік әкімшілік қамаудан босап шыққан беті. Алматы, 2 маусым 2016 жыл.

Арайлым мамырдың 18-і күні өзі түскен камераға және бір белсенді Мөлдір Адылова келген соң еңсесін көтергенін айтады. Адылова да жер мәселесіне қатысты толқу кезінде «заңсыз митингіге шақырды» деген айыппен 15 тәулікке қамалғандардың бірі. Азаттық тілшісі Мөлдірдің сотына белсенділер де қатысқанын, кейін артынан тамақ апарып жүргенін көрген еді.

– Мөлдірді іздеушілер көп болды. Олар әкелген азық-түлікті көршілес камерадағыларға да бердік. Мөлдір әкелген кітапты оқып тауыстық. Мені туыстарым мамырдың 20-сында ғана тауып, керек заттарымды әкелді. Оған дейін абақтыда отырғанымды ешкім білмеді. Тергеу кезінде де, абақтыда да полиция қызметкерлері бір рет телефон шалып, қайда екенімді айтуға рұқсат бермеді, - дейді ол.

"Митингіге шақырды" деген айыппен 15 тәулікке қамалған Арайлым Шакарованың әпкесі Гүлфариза Шакарова. Алматы, 7 маусым 2016 жыл.

"Митингіге шақырды" деген айыппен 15 тәулікке қамалған Арайлым Шакарованың әпкесі Гүлфариза Шакарова. Алматы, 7 маусым 2016 жыл.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Арайлымның әпкесі Гүлфариза Шакарова да «бір рет телефон шалу құқығы болуы тиіс еді, оны неге бермеген?» деп таңырқайды.

– Біз оны мамырдың 17-сінен бастап іздедік. Жұмыс орнындағы күзетші полиция әкеткенін айтты. Бірақ қай полиция, қайда әкеткенін ешкім білмейді. Бірнеше аудандық ішкі істер бөлімдеріне хабарласып таба алмадық. Қамалғандар туралы Азаттық радиосы ақпараттар жариялағанын естіп, сайтын аштық. Арайлымның қамалған жерін сол арқылы шамалап, тауып алдық. «Таптық» дегенде жүрегім ауырып, «жедел жәрдем» шақырдық, - дейді Гүлфариза Шакарова.

Гүлфариза сіңлісі Арайлымның жоғалғаны туралы Аманкелді ауылындағы анасына хабарламаған.

Тергеу кезінде де, абақтыда да полиция қызметкерлері бір рет телефон шалып, қайда екенімді айтуға рұқсат бермеді

Мамырдың 31-інде 15 тәулік қамаудан шықан Арайлым Шакарова қазір жұмыссыз. Қостанай университетін мұғалім мамандығы бойынша бітіргенімен кейін басқа салаларда жұмыс істеген. Алматыдағы соңғы жұмыс орны – букмекерлік кеңседен шығып қалғанын абақтыдан босағанда бір-ақ білген. Ол бұрынғы жұмыс берушісін кінәламайды.

– Мені бірнеше күн күтіп, хабарсыз кеткен соң орныма басқа адам алған болуы керек. Жұмыс компьютерім мен принтерімді полиция алып кеткен. Соны қайтара алмай жүрмін. Иесіне апарып берсем, анама барып қайтам, сосын тағы жұмыс іздеймін, - дейді ол.

Арайлым Шакарова 15 тәулікке қамалғанда туыстарынан ұрыс естимін бе деп сескенгенін айтады. Оның сөзінше, жер мәселесіне байланысты қамауға алынғанын естіген жақындары ұрыспаған.

Полиция "митингі болады" делінген алаңға өтпекші болған азаматтарды көшеде ұстап жатыр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

Полиция "митингі болады" делінген алаңға өтпекші болған азаматтарды көшеде ұстап жатыр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

Биыл көктемде Қазақстан билігі «жерді аукцион арқылы сату» туралы шешімін жариялаған соң бірнеше облыс орталығы мен елдімекендерде наразылық акциялары өткен. Осыған байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіне былтыр енген өзгерістерге мораторий жариялап, арнайы жер комиссиясын құрған. Алайда «жерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге» қарсы наразылық акцияларын жалғастыру идеялары сонда да тоқтамаған. Мамырдың 21-інде белсенділер Қазақстанда жаппай бейбіт шеру өткізу жөнінде ұсыныс айтқан соң ірі қалалардағы белсенділер мен тұрғындар жаппай алдын-ала қамауға алынған еді. Полиция мен арнайы жасақ ұстап әкеткендердің ішіне ондаған журналист те болған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG