Accessibility links

Франциядағы сайт арқылы қазақ тілін де үйренуге болады


langoland.free.fr сайтының скриншоты. Алматы, 16 мамыр 2012 жыл.
langoland.free.fr сайтының скриншоты. Алматы, 16 мамыр 2012 жыл.

Франциялық азамат Франсуа Пенце – әлемнің 120 тілін үйрететін Langoland веб-сайтының иесі. Он жыл бұрын құрылған осы сайттан қазақ тілін де үйренуге болады. Сайтта қазақ сөздері латын транскрипциясымен қатар жазылып, ағылшын, француз тіліндегі аудармасымен берілген.


Бұл сайтқа кіргендер баннерден өзіне керекті тілді таңдап алып, күнделікті тұрмысқа қажетті сөздердің аудармасымен танысады. Сайттағы аудио-видео жазбалар арқылы сөздің дыбысталуын да тыңдап, үйренуге болады.

Осы сайтта әлемдегі өліп бара жатқан көптеген тілдердің сөздігі де бар.

САЙТТЫҢ МҮМКІНДІГІ


Бірнеше тілді меңгерген Франсуа бар уақытын осы «Ланголанд» сайтына арнап отырғанын айтады.

«Бұл расында хобби болғанымен де, таңертеңнен кешке дейінгі бүкіл уақытымды осы вебсайтқа жұмсаймын. Мен бір тілде сөйлеушіден жаңа мәліметтерді алып, екінші бір тіл маманын оны тексеріп, қатесі болса, түзетіп беруін сұраймын. Сонымен қоса, өз тілін үйрете алатын адамдарды сөздік құрып, сөйлемдер тізбегін жасауға шақырамын»,-дейді Азаттыққа берген сұқбатында Франсуа Пенце.

«Ланголанд» вебсайтына кірген адамдар әлемнің 120 тілінің ішінде өздері қызығушылық танытқан тілді үйрену үшін бір-бірімен байланыс құрып, сөздік қорын жасап, жиі қолданылатын қысқаша сөйлемдер құруына болады.

Сайт жұмысын ең бірінші араб және орыс тілдерінің сөздігін жасаудан бастаған Франсуа Пенце бұл сайтты құрғанда, «Ланголанд» әлемдік тілдер арасындағы көпір болып, түрлі ұлт өкілдері өздері қалаған елдің тілін үйреніп, мәдениетінен хабардар болып жатса деген ой болды дейді.

«Мен араб және орыс тілдері сияқты айрықша ерекшеліктері бар тілдерді үйренгенді жақсы көремін. Мен кириллица мен араб қарпін жақсы көремін. Басында маған бұл тілдердің сөздік қорын құру ойын сияқты көрінген. Кейін өзім де тілдерді үйреніп, оны басқалармен бөлісетін болдым. Бұл сайттың екі мүмкіндігі бар - сөздік қор құру және тілді үйрену»,-дейді ол.

ТІЛ МАМАНДАРЫН ІЗДЕУ

Франсуаның ана тілі – француз, мектепте ағылшын мен испан тілдерін меңгерген. Кейін университетте достарымен араласып және кітаптар арқылы орыс және араб тілдерін үйренген.

Ол «Ланголандтағы» қазақ тілінің сөздігін жасау үшін қазақ тілді сайттарды қарап, сол жерден тіл мамандарын іздегенін айтады.

«Мен қазақтілді көптеген адамға хат жолдап, оларға өзімнің жобам туралы айтып, олардан көмек сұрадым»,- дейді Франсуа.

Оның айтуынша, 120 тілдік вебсайттағы қазақ тілінің сөздік қорын жасауға 6-7 адам тартылған. Франсуа кейде сайтқа итальян немесе неміс тілін үйренуге кіргендер көп тіл ішіндегі қазақ тілін де көріп, оның сөздігін қарап, үйренуге қызығушылық танытып жатады дейді.

Ол өзінің «Ланголанд» сайтына қазақ тілін енгізу үшін Қазақстан туралы біраз мәліметті интернеттен алып, зерттегенін айтты.

Франсуа Пенце қазақ тілін үйренгісі келетіндер мен қазақ тілінде сабақ бере алатын мамандарды осы сайтқа шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG