Accessibility links

Бір "уһ" демей оқытады, кейін үнсіз ғана сыртыңнан тілеуіңді тілеп, табысыңа сүйсініп отырады. Оны саған кеп және ешкім айтпайды, алыста жүріп жүлге-жүлгеңмен сезесің.

Заманымыздың көзі тірі ғаламат лингвисі Ноам Хомски адам баласын өзге сүт қоректілерден ерекше етіп тұрған негізгі қасиеттердің бірі - оның бойына туа сала бітетін тіл үйрену қабілеті, миына әу бастан белгісіз құдырет жазып қойған "әмбебап грамматика" деп санайды. Бұл теорияға сәйкес, адам баласы ешкім оқытпаса да, грамматиканы генетикалық түйсікке сүйеніп, өмірлік тәжірибе жинау арқылы игеріп алады.

Санадағы табиғи тіл меңгеру құралы туралы теориясы тұрмақ, Хомскидің атын естіп көрмеген мектеп жасымда генетикалық кодымның әліппесі қазақша жазылғанын сезетінмін. Қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббатым қандай да бір лингвистикалық, этникалық, я басқа саяси ұлтшылдық сипатынан ада сезім болып қалыптасты. Осы махаббаттың арқасында өзге тілдерге деген ынтызарлығым артты. Урду мен парсы болсын, орыс пен ағылшын болсын, қуана қауыштым, саяхаттап барған елдердегі әрбір вернакулярдің дыбыстары мен дифтонгтарын ашқарақтана жұтып, қазақ тілінің әуен-ырғағымен салыстыруға тырыстым, көркем әдебиеті арқылы жан-дүниесін таныдым, түптеп келгенде адамзаттың бір-ақ тілде сөйлейтінін ұқтым.

Бұл мінезді бойыма сіңірген адам - Алматы мен Оксфордтағы ұстаздарым емес, Семей облысының бір қиянында жатқан, Барлық Арасан курорты мен Алакөлдің ортасындағы ойпатта орналасқан Қарабұлақ ауылындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Төкен апайым - Төлеу Кенжалиева. Ашаң жүзді, бидай өңді, бәкене бойлы, шағын денелі, мығым жүрісті ұстазым тіл стихиясын тудыру шебері болатын. Ол кісі екі жеңін түріп алып, класс бөлмесіне екпіндей кіріп, қолдарын сермей жүріп сөзден дауыл тудырғанда қазақ тілі мен әдебиеті хандығының территориясында қалғандай сілтідей тынатынбыз. Төкен апай Бұқар Жырау мен Махамбеттің, Абай мен Мағжанның рухтары қонған медиумдай түрленіп, шүңіректеу әдемі көздері оттай жанып, жырлар мен үзінділерді жатқа соғатын. Мұндай халде отырып Төкен апайдың классикалық: "Құй оқы, құй оқыма" деп басталатын сөйлеміндегі кейбір сөздерді басқа тілдік контексте (мысалы, орысша) қарастырып, мырс ету ойымызға да келмепті. Кейде бөлме ішінде бұл сиқырлы халге елітпейтін жалғыз жан иесі пайда болатын, ол - балабақшадан шығып анасымен үйге қайтуға асығып тыпыршыған ұстазымыздың кішкентай ұлы. "Көсемше, көсемше дейді ғой" деп жаратпай отырушы еді.

Тілшінің тыныс белгілеріне дейін "сөйлеп тұратынын" үйреткен, грамматикаға қатысты талабы қатаң мұғалима апайымыз қанша шәкіртін шығарма жазудың да шебері етіп шығарды. Жазбаның құрылымына қатысты нақты кеңес айтып, мөлшерлі шекті белгілеп бергенімен оқушының дискуссиялық формада ой өрбітуіне, жеке көзқарасын жеткізуіне шектеу қоймапты. Тілдік-генетикалық түйсігімізді маман ретінде әбден қызықтапты. Қазір ойлап отырсам Англия мектептеріндегі эссе жазу еркіндігі бізге сол кезде-ақ бұйырыпты. Студент кезі Брежнев заманында өтіп, университет жолдамасымен туған ауылына қайтып, совет кезеңінде жар сүйіп, бала-шағалы болғанымен, Төкен апайымның туа біткен мінезі де Еуропа ұстаздарының менталитетіне ұқсайды. Соның бірі - еңбегін бұлдамау, бала оқытуды тек кәсіби міндет емес, азаматтық парыз деп санау. "Әй, Пәленшені өзім оқытып адам қылып ем, енді танымай жүр ғой пәтшағар, сонша еңбегім сіңгенде бір бұйымтай айтып, өтініш қылуыма болмай ма?" деп сөйлейтін шала молдалық дейміз бе, советтік дейміз бе, тұрпайы әдет ұстазыма мүлдем жат. Бір "уһ" демей оқытады, кейін үнсіз ғана сыртыңнан тілеуіңді тілеп, табысыңа сүйсініп отырады. Оны саған кеп және ешкім айтпайды, алыста жүріп жүлге-жүлгеңмен сезесің. Хомскидің теориясы сипаттайтын генетикалық кодыңдағы "әмбебап грамматика" ұстазыңмен әркез сымсыз жалғап тұрады.

Осы аптаның соңында Төкен апайым зейнетке шығып жатыр. Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту майданының шын қаһармандарының бірі шалғай ауылда ұжымымен һәм шәкірттерімен қоштасып, мектеп ауласындағы жиында көзіне бір жас алады да, үйіне беттейді. Ал республикалық деңгейдегі "мемлекеттік тілді қолдау" атты ресми есеп науқандары ары қарай қызыл сөзін сапырып, еш өзгеріссіз дүрілдей береді. Өйткені олар не Төкен апайымды, не Хомскиді білмейді ғой.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG