Accessibility links

Алғашқы вице-президенттің соңғы жылдары


Ерік Асанбаевтың "Эпоха" газетінде жарияланған суреті. Қараша, 2002 жыл. Фотокөшірме.

Ерік Асанбаевтың "Эпоха" газетінде жарияланған суреті. Қараша, 2002 жыл. Фотокөшірме.

Саясаткерлердің кейбірі: «Ерік Асанбаев президент Назарбаевтың жетегінде кетіп, қатесін кейін түсінді» десе, енді бірі: «ол Әкежан Қажыгелдинмен келісімге келгенде, мүлде басқа демократиялық қозғалыс пайда болатын еді» деп санайды.


Биыл наурыздың 10-ы күні Қазақстанның алғашқы және әзірге соңғы вице-президенті Ерік Асанбаевтың туғанына 76 жыл толды. 1990 жылдардың бас кезінде республикадағы жоғары лауазымды қызметтер атқарып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен пікірлес ретінде танылған ол көп ұзамай елшілікке жіберіліп, кейін мемлекеттік қызметтен шеттетілді.

Ерік Асанбаевтың 2000 жылы Германиядағы елшілік қызметтен қайта оралғанда Қазақстанның саяси жүйесі жөніндегі сыни көзқарастарын біршама ашық айта бастағаны байқалды. Бірақ кейбір сарапшылар оның елшілікке жіберілуіне де сол көзқарастары түрткі болды деп ойлайды.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ БИЛІККЕ ЖЕТУІНЕ КӨМЕКТЕСТІ»

20 жылға жуық Қазақ ССР министрлер кеңесі мен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің аппаратында жұмыс істеген Ерік Асанбаев 1988-1989 жылдары Қазақ ССР Министрлер советі төрағасының, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың орынбасары ретінде қызмет етті.

Дегенмен саяси сарапшылар бұл екеуінің кейін тағы да жалғасқан тандемі одан әрірек басталатынын айтады.

Ерік Асанбаев (сол жақта) Қазақстан жоғарғы кеңесінің төралқасында. Мінберде Нұрсұлтан Назарбаев. Сурет "Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности. 1992-1993" кітабынан алынды.

Ерік Асанбаев (сол жақта) Қазақстан жоғарғы кеңесінің төралқасында. Мінберде Нұрсұлтан Назарбаев. Сурет "Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности. 1992-1993" кітабынан алынды.

- Бас хатшы Михаил Горбачевтің Дінмұхамед Қонаевты ығыстыратыны сезіле бастағанда Қазақстанның саяси элитасы республиканың келешек бірінші хатшысына ыңғайлы адам туралы ойлай бастады. Сол кезде кәнігі аппаратшылардың бірі Ерік Асанбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолайлы көргенге ұқсайды,- дейді публицист Сейдахмет Құттықадам Азаттық тілшісімен сұқбатында.

- Назарбаевтың билікке келуіне екі адам көп көмектесті. Біріншісі - Ерік Асанбаев, екіншісі - Балташ Тұрсымбаев. Оңтүстіктің өзін қолдайтынын білген Назарбаев солтүстікті де қамтуды ойластырды. Сол кезде Қостанай өңірінің екі беделді азаматы Назарбаевқа ерекше қолдау көрсетті. «Басқалармен салыстыра келе, Қонаевтан кейін билікке Назарбаев келуі керек деп қолдау көрсеткенім рас» деп Асанбаевтың өзі де айтқан еді» дейді ол.

1986 жылы көктемде өткен съезде баяндама жасаған сол кездегі министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевты күтпеген жерден сынап шыға келгені мәлім. Мұны сарапшылар Горбачевтің Қонаевты кетіру үшін жасаған алғашқы емеуріні деп бағалаған-тын.

Алайда Асанбаевтың Назарбаевқа қолдау көрсеткені жөнінде басқа да саясаткерлер айтқанымен, «бұл съездегі баяндамаға Асанбаев үлес қосты» дейтін дәйек келтіргендер болған жоқ.

«ЖЕТЕКТЕН ШЫҒА АЛМАДЫ»

Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығына сайланғанда Ерік Асанбаев та орталық комитеттің хатшысы, саяси бюро мүшесі болды. Қазақстан егемендік алар қарсаңда жоғарғы кеңеске төрағалық етті.

1991 жылы өткен президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге вице-президент болып сайланды. «Экономика мәселесімен тікелей шұғылдану үшін вице-президенттікті қаладым» деп жазады Асанбаев өз мақалаларының бірінде.

Ерік Асанбаевтың мінез-құлқы мен біліктілігін сөз еткен саясаткерлер оны тасада жүргенмен республикадағы саяси-экономикалық реформалардың бастауында тұрған, 1990 жылдардың бас кезінде билікке жаңа буын кадрлар шоғырын әкелген ықпалды саясаткер ретінде сипаттайды.

Cаясаткер Төлеген Жүкеев баспасөз мәслихатында. Алматы, 28 желтоқсан 2011 ж.

Cаясаткер Төлеген Жүкеев баспасөз мәслихатында. Алматы, 28 желтоқсан 2011 ж.

Оның ғалымдығын сөз еткенде «Егер ол Америкада болғанда Колумбия, немесе Чикаго университетінің профессоры болып, Нобель сыйлығын алған болар еді» дейді кезінде Ерік Асанбаевтың қол астында жұмыс атқарған Төлеген Жүкеев.

Ал Серікболсын Әбділдин: «Замандас әрі пікірлес азамат ретінде сыйласып тұрдық. Ол кісі адал адам болды. Парақорлықты, «алыс-берісті» онша жаратпайтын адам еді. Бірақ өкінішке орай ол қызметте жүргенде Назарбаевтың жетегінен шыға алмады» дейді.

«ШЕТКЕ ҚАҒУ»

1995 жылы қабылданған жаңа конституция бойынша вице-президенттік лауазым жойылғанымен, іс басындағы вице-президентке өз мерзімі аяқталғанша отыру мүмкіндігі берілген еді. Бірақ 1995 жылдың көктемінде Әбіш Кекілбаев төрағалық ететін парламентті таратып, ізінше өз өкілеттігін референдум арқылы ұзартқан Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсан айында Ерік Асанбаевты «Отан» орденімен марапаттады да, бір жарым айдан кейін, яғни 1996 жылдың ақпанында Германияға елшілікке жөнелтті.

«Мәртебелі елшілік қызметке жіберу» - өзімен бәсекелесуі мүмкін саяси тұлғаны республика аумағынан жырақта ұстаудың бір амалы деп санайтын саясаткерлер президенттің бұл тағайындауын «Асанбаевты шетке қағу» деп түсінеді.

Бұл тұрғыдан келгенде Серікболсын Әбділдин «Ерік Асанбаев Назарбаевқа өз билігін нығайтып алғанша ғана қажет болғанын, кейін оның вице-президент ретінде өзі жоқта билік жүргізгенін қаламағанын» айтады.
Саясаткер Серікболсын Әбділдин тәуелсіздік күніне арналған шеруге қатысып тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2009 жыл.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин тәуелсіздік күніне арналған шеруге қатысып тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2009 жыл.


- Назарбаевқа қолынан іс келетін адамдар керегі жоқ. Ал вице-президент Асанбаев «олай болмасын, былай болсын» деп өз пікірін айтуы ықтимал еді. Ал құлағына маза бермейтін ондай адамды Назарбаев жақтырмайды. Өз бетімен жұмыс берсе ол да қауіп, сол себепті шетелге жіберді, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадам елшілікке не себептен кеткенін көзі тірісінде Асанбаевтың өзінен сұрағанын айтады. «Нұрсұлтан мені шақырып алып, сізді парламентке қайта жіберсек деді. Бірақ елшілік қызметті жөн көрдім» деген еді Асанбаев. Әйткенмен Назарбаев мұндай ұсынысқа Асанбаевтың келіспейтінін біліп, сыпайыгершілік үшін ғана айтуы мүмкін. Өйткені Асанбаев оған келешек бәсекелес болып көрінді, - дейді Сейдахмет Құттықадам.

«ДОСМҰХАМЕДОВ АСЫРА СІЛТЕДІ...»

Ерік Асанбаев Германияға елшілікке барғаннан кейін шетелдік баспасөзде Қазақстанға, түптеп келгенде Назарбаевқа сілтенген шоқпар секілді бірнеше мақалалар жарық көрді. Мақала авторы - Ерік Асанбаев өзіне кеңесші етіп қамқорлығына алған Ержан Досмұхамедов болатын деп жазады қазақстандық кейбір ресми ақпарат құралдары.

Азаттық тілшісіне атын-атамауды өтінген саясаткерлердің бірі «Ерік Асанбаев өзінен бұрынғы елшінің шетелдегі әрекеттерін көріп қатты күйзелгенін» әңгімелеген еді. Сейдахмет Құттықадам болса кейбір елшілердің заңға қайшы әрекеттері туралы мақаланы Қазақстан баспасөзіне өзі де шығарғанын, ақпаратты Ержан Досмұхамедовтен алғанын айтады.
Ержан Досмұхамедов Азаттық радиосының студиясында. Прага, 23 мамыр 2011 жыл.

Ержан Досмұхамедов Азаттық радиосының студиясында. Прага, 23 мамыр 2011 жыл.


- Елшіліктегі былық-шылықтарды әшкерелейтін бұл мақаланың соңы үлкен шуға айналып, елшілердің аяғын аңдап басуына ықпал етті. Ерік Асанбаевтың оған түрткі болғаны рас, бірақ Ержан Досмұхамедов кейін асыра сілтеп жібергендіктен, Асанбаевтың одан көңілі қалды, - дейді Сейдахмет Құттықадам.

«БИЛІК БЕТПЕРДЕСІН СЫПЫРДЫ...»

2000 жылы шілде айында Ерік Асанбаев Қазақстанның Германиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылып, зейнетке шығарылды. Арада бір жыл өткен соң «Панорама» газетіне берген алғашқы сұқбаты Асанбаевтың Қазақстандағы саяси жүйеге қатысты көзқарасын әйгіледі.

«Саясат – лас іс» дегенді өз былығын ақтауды көздейтін адамдар айтады. Ашық жүргізілген саясат қашан да құрмет туғызады» деген ол республикада жүргізілген жекешелендіру саясатының әуелгі бағытынан ауытқып, талан-таражға айналғанын сынады.

«Тұралап қалған кәсіпорындарды сатып алған инвесторларға рақмет айту керек» деген сөз – «иіс алмастарға» айтылған сөз. Түкке тұрмайтын бағаға сатып алу үшін кәсіпорындарды әдейі тұралатты» деген еді ол осы сұқбатында.

Ерік Асанбаевтың жыл аралатып берген тағы бір сұқбаты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылып, одан «Ақ жол» партиясы бөлініп шыққан кезге сай келді.

2002 жылы қыркүйекте аталған партияның «Эпоха» газетінде жарияланған «Время и думы Асанбаева» деп аталатын сұқбатында ол «1996 жылға дейін-ақ республикада регресс белгілері біліне бастаған еді, ал қазір тіпті бетімен кетті. Билік бетпердесін сыпырып, өзінің кім екенін көрсетті» деген еді.

Сол сұқбатта ол: «Билік тізгінін ұстағандар тоқтаусыз баюмен қатар, хандық құру, билікті мұрагерлік жолмен тапсыру деген сияқты тағы да басқа саяси алжыған әңгімелерді қоздатып адамдардың санасын улауға көшті...

Одақ құлағаннан кейінгі егеменді басқару органдары қоғамның саяси және экономикалық проблемаларын шешкісі келгенімен, оған ой-өрісі жетпеді, бірақ билікке тас кенедей жабысып, халықтың әлеуметтік азабына айналды...» деген Асанбаев енді билікке оралу ар-ұяттан жұрдай болумен тең деген пікірлер айтты.

Асанбаев аталған сұқбатында «жеке бастарының саяси амбициясын жеңе алмай отырған оппозицияны да түйреп өтіп, оның қатарын толықтырудың мәні жоқ екендігін ескертті. Бірақ «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының реформашыл жартысы мен «Ақ жол» партиясына түсіністікпен қарайтынын білдірді.

«ТИТАНДАРДЫҢ ТАРТЫСЫ»

Саяси сарапшылар бұрынғы вице-президенттің бұл сұқбаты саяси дүрбелеңдерді бастан өткеріп отырған Қазақстан билігіне ауыр тиді деп есептейді. Өйткені Асанбаевтың бұл сұқбатына оған бұрынғы премьер-министр Сергей Терещенконың қолымен жауап беруге тырысқанын айтады.
Сергей Терещенко, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі.

Сергей Терещенко, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі.


Өйткені жоғарыда аталған сұқбатында Асанбаев 1993 жылы Назарбаев, Терещенко үшеуінің «галстуксыз кездесуі» кезінде «Терещенко: «Я служу одному человеку! Я служу одному человеку!» деп қайталап айта берді. Ақыры шыдамым таусылып: «Ну, что вы повторяете одно и то же? Служите – и служите себе на здоровье, а вот я одному человеку служить не могу!» дегенім бар» деп естелік айтқан еді.

«Экспресс-К» газетінде жарияланған «Не могу молчать» атты қарсы мақаласында Терещенко Ерік Асанбаевты саяси импотентке теңеп, тағы да басқа эмоционалды-экспрессивтік реңдегі сөздерді аямай жұмсады.

«Егер Назарбаев қолдамаса Асанбаев кім болатын еді? Министрлікке әкелді, орталық комитетке хатшы қылды, жоғарғы кеңеске төраға, тіпті вице-президент етті. Сондағы алғысы осы ма? Президентіміздің адамгершілігі мен мейірімділігін опасыз асанбаевтар қалай пайдаланады десеңізші» деп Терещенко таңғалды.

Терещенко мақаласының ізі суымай тұрып «Эпоха» газеті арқылы Ерік Асанбаев: «Румяный критик мой, насмешник толстопузый...» деген қарсы мақаламен жауап жазып, бұрынғы премьер-министрдің қызметін экономикалық тұрғыдан талдауға тырысты.

Өзінің саяси мансап жолы 1975 жылдан басталатынын, ал Терещенко «қолдау көрсетті деп отырған адамды» ол кезде біреу білсе, біреу білмейтінін» ескертіп өтті. «Сол адамға менің де қолдауым қажет болған кездер аз болмағанын әділеттілік үшін айта кеткенім жөн болар, бірақ бұл басқа әңгіме, оған Терещенко араласпай-ақ қойсын» деп жазады Ерік Асанбаев.

Бұрынғы вице-президент пен вице-премьердің жауаптасуын жергілікті тәуелсіз басылымдар «титандардың тартысы» деп жазып жатты.

«АСАНБАЕВ ОППОЗИЦИЯҒА ОЙЫСТЫ МА?»

«Екі сұқбат, бір жауаптан» кейін Асанбаев оппозицияға ойысты ма деген сауалдарды Азаттық тілшісі бірқатар саясаткерлерге қойып көрді. Аты-жөнін атауды қаламаған саясаткерлердің бірі «2001 жылы Тоқаев үкіметінен кеткен «киндерсюрприздер» қалталы бизнесмендерге иек артты. Билікті иліктірдік деп есептеген олар бұрынғы вице-президентті керек қылған жоқ. Оның үстіне олардың интеллектуалдық ой-өрісін Асанбаевпен салыстыруға да келмейтін еді» дегенді айтады.
Ерік Асанбаев көптеген адамдармен салыстырғанда қолы да, жүрегі де таза азамат болатын. Қазақстандағы былық-шылық пен шетелдегі елшілеріміздің қалай құныққанын көргендіктен шыдамай айтқаны болар.

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин болса «Ерік Асанбаев көптеген адамдармен салыстырғанда қолы да, жүрегі де таза азамат болатын. Қазақстандағы былық-шылық пен шетелдегі елшілеріміздің қалай құныққанын көргендіктен шыдамай айтқаны болар. Бірақ президентке қарсы шыға қоятындай батыл адам болды деп айта алмаймын» дейді.

Серікболсын Әбділдин сонымен қатар Асанбаев елшіліктен келгеннен кейін өзімен жолығуға біреулер арқылы сөз салғанын, бірақ жолығудың сәті түспегенін айтты.

«АШУЛАНҒАНЫН СЕЗДІ...»

- Асанбаевтың Терещенкоға жауабынан кейін билік жым болды. Билік Асанбаевтың ашуланғанын сезді, - дейді Сейдахмет Құттықадам. Оның айтуына қарағанда 2001 жылы шыққан «жас демократтар» Асанбаевтың «тамырын басып көрген».

Ал 2000 жылдың жазында Әкежан Қажыгелдиннің Ерік Асанбаевпен кездесуге жол іздегені рас. Әміржан Қосанов пен Петр Своик Қажыгелдиннің кез-келген шет мемлекетте кездесуге дайын екенін айтты. Ол әуелі қарсы болды, бірақ көп ойланып барып, келісті. Бірақ кездесуге мені де қатыстыруды талап етті. Бірақ олар Асанбаевпен жеке сөйлескісі келді. Содан кейін Асанбаев ренжіді де, қолын бір-ақ сілтеді. Егер Қажыгелдинмен келісімге келгенде, мүлдем үлкен демократиялық қозғалыс болатын еді, -дейді Ерік Асанбаевпен «Эпоха» газетінде сұқбаттасқан Сейдахмет Құттықадам.

Тіркелмеген "Алға, ДВК" партиясының логотипі. Алматы, 19 қаңтар 2009 жыл.

Тіркелмеген "Алға, ДВК" партиясының логотипі. Алматы, 19 қаңтар 2009 жыл.

Қазіргі «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам Ерік Асанбаевтың көп нәрсеге өкінгенін, бірақ оны әзір толық айта алмайтынын жеткізді. Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихын жазып жүрген публицист сонымен қатар 2001 жылы пайда болған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы мен «Ақ жол» партиясының жетекшілеріне де Ерік Асанбаев түрлі мінездемелер бергенін әңгімеледі. Бірақ оны да ашып айтуға ерте деп санайтынын айтты.

1992 жылы «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму стратегиясын» жасаған Ерік Асанбаев біртіндеп биліктен кетіскенімен, оппозицияға да қосылмай Қазақстанның саяси жүйесін сырттай бақылаушыға айналып, 2004 жылы 68 жасында өмірден өтті.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG