Accessibility links

Заңсыз ойынхана ашып, миллиондап пайда тапсаңыз, шартты түрде ғана жазаланасыз


Алматыда астыртын ойынханалар мен заң ережелерін сақтамайтын ойын автоматтары көбейді, қаржы полициясы ойын бизнесіндегі кері тенденцияны заңның әлсіздігімен түсіндіріп отыр. 2009 жылдың екі айында ғана Алматыда 3 жасырын ойынхананың жұмысы тоқтатылған.

Қазақстанда арнайы белгіленген аймақтар – Шортанды және Қапшағайдан басқа жерлерде ұтысты ойын бизнесіне заң бойынша тыйым салынған. Салық комитеті ойын үстелдері мен автоматтарына лицензия береді және ол бойынша меншік иесінен салық ұстайды. Заң бойынша, мұндай құрал-жабдықтарды іске қосуға тыйым жоқ, бір ғана талап – олар ұтыс бермесе болғаны.

Алайда соңғы уақыттары Алматыда заңсыз ойын бизнесімен айналысушылар саны күрт өсті дейді қалалық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Алия Тубина:

- Алматы қаласы бойынша қаржы полициясының департаменті астыртын ойынханалармен күресті үздіксіз жүргізіп отыруға мәжбүр. Мәселен, 2008 жылы департамент қызметкерлері «Ойын бизнесі туралы» заңның ережелеріне қайшы 15 факті тіркеді. Ол бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды, ал қалғандары әкімшілік жауапқа тартылды,-деген деректерді алға тартты ол.

Департамент өкілінің айтуынша, қазіргі күні заңсыз ойын бизнесімен айналысушылар полиция тарапынан қолданылатын қандай да бір шарадан тайсалып отырған жоқ.

- Заң бойынша, айыпкердің заңсыз табысының көлемі 500 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқанда ғана қылмыстық іс қозғалады (2009 жылы айлық есептік көрсеткіш – 1273 теңге). Ал одан аз болса айыпкер әкімшілік жауапқа тартылады, яғни айыппұл төлейді. Сондықтан, бұл мекеменің қожайыны үшін айыппұл төлеп, заң бұзушылық әрекетін әрі қарай жалғастыра бергені тиімді, - деді Әлия Тубина.

Заңсыз табыс көлемі 500 АЕК аспаған жағдайда, заңды тұлғалар 200 АЕК, жеке тұлғалар 100 АЕК айыппұл төлейді. Ал заңсыз кәсіпкердің заңсыз табысы айыппұл көлемін әлденеше есе орап кетеді.

Мысалы, Алматы қаласындағы бұрынғы «Мулен Руж» ойынханасының қожайыны 2007 жылдың қазаны мен 2008 жылдың ақпаны аралығында мекемені астыртын жұмысқа қосып, айналдырған төрт айдың ішінде ғана 2 822 750 доллар пайда тапқан. Қаржы полициясының қызметкерлері былтыр ақпанның 20-ы күні бұл мекемені жапты. Ал астыртын ойынхана қожайынына қарсы қылмыстық іс қозғалды. Сот айыпкерді 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған. Шартты түрде, бірақ миллионер.

- Бізге ойын мекемелерін неге жауып тастамайсыңдар деп тұрғындар үнемі өтініш жасап жатады. Ал қаржы полициясының қызметкерлерінің ойын бизнесіне тиым салатын құқығы жоқ. Қаржы полициясы бар болғаны ақшалай ұтысы бар ойын мекемелерімен ғана күресе алады, - дейді қаржы полициясының өкілі Әлия Тубина.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ҚР Қылмыстық кодексінің заңсыз кәсіпкерлікке қатысты 190-ы бабы бойынша, аса ірі көлемде, яғни 2000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары табыс күреген заңсыз кәсіпкердің мүлкі тәркіленеді. Бұдан шығатын қорытынды, ойын құрал-жабдықтары өз меншігінде қалған меншік иесі ертеңгі күні заңсыз әрекетін қайта жалғастырмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Шортанды мен Қапшағайдан басқа жерлерде ойын бизнесіне тыйым салуды қарастыратын «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданғанға дейін Қазақстанда 132 ойынхана, 2000-нан астам ойын залдары жұмыс істеген еді.

Қазіргі таңда республикада, атап айтқанда Қапшағайда заңды түрде тіркелген жалғыз ойынхана бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG