Accessibility links

Белсенділер ҮЕҰ туралы заң жобасына тыйым салуды сұрайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолданған үндеуге қол қойған 50-ден аса үкіметтік емес ұйым ҮЕҰ туралы заң жобасына қол қоймауды және оны конституциялық кеңес сараптамасына жіберуді талап етеді.

Белсенділер «жаңа заңда құқымыз тым шектелген» деп санайды. Олар бірінші кезекте бірігу еркіндігі, айналысатын қызмет түрін таңдау еркіндігі, көзқарас еркіндігі, сөз еркіндігі мен пікір білдіру еркіндігі сияқты негізгі құқықтар шектеледі деп алаңдайды. Хаттың көшірмелері беделді халықаралық ұйымдарға жолданбақ.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ҚАЛМАЙ МА?

Азаматтық белсенділер өткен аптада Алматыда қол қойған үндеуінде жуырда мәжіліс депутаттары бір күн ішінде екі оқылым өткізіп қабылдаған заң жобасы конституция талаптары мен Қазақстанның адам құқығы саласындағы халықаралық міндеттемелеріне қайшы деп мәлімдейді. Белсенділердің жазуынша, егер ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар) туралы қазіргі заңдарға парламент мақұлдаған түзетулер енгізілсе, гранттар «Қазақстан территориясында құрылатын бірыңғай оператор арқылы әрі халықаралық ұйымдар, дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық коммерциялық емес ұйымдар сияқты грант бөлушілердің еркі ескерілмей бөлінеді».

Бұдан бөлек, үкіметтік емес ұйымдар өздері туралы мәліметтерді әлдебір дерек қорына өткізіп отыруы тиіс. Деректерді беруден бас тартқан немесе дұрыс бермеген белсенділерге айыппұл салынады яки үш айға дейін қызметі тоқтатылады. Бұл талапты «қасақана орындамаған» ҮЕҰ келешекте жабылады. Жобаға сәйкес, ҮЕҰ өткізген деректерді мәдениет және спорт министрлігі тексереді. Белсенділердің пікірінше, кімді жауып, кімді қалдыратынын да осы министрлік шешеді.

Белсенділердің үндеуінде «Заң жобасы осы қалпында қабылданса, үкіметтік емес тәуелсіз ұйымдар, тіпті, гранттан қағылса да жұмыс істей алмайды. Біз мемлекеттен ғана емес, кез келген ұйымнан грант алатын ҮЕҰ жұмыс аясын шектейтін 5-ші бапқа үзілді-кесілді қарсымыз. ҮЕҰ-ның айналысуына рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне адам құқығы мен демократияға қатысты, мигранттар, босқындар, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың құқығын қорғау енбеген. Яғни адам құқығы мен еркіндігін қорғаумен айналысатын құқық қорғау ұйымдар заң аясынан шеттеп қалады да, заң қабылданғаннан кейін кез келген сәтте жабылып қалуы мүмкін» - деп жазылған.

САЯСИ АКТ

Заң жобасын талқылауға қатысқан белсенділер «депутаттар талап-тілектерімізді ескермеді» деп санайды.«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық ұйымы сарапшысы Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, мәжіліс заң жобасын «асығыс-үсігіс, атүсті қарап» қабылдай салған.

- Біз талап еткен нәрселердің ешқайсысы ескерілген де, қабылданған да жоқ. Онсыз да мәдениет министрлігінен шала шыққан жобаны парламент тіпті түкке алғысыз етіп жіберіпті. Жобаға тәуелсіз ҮЕҰ, әсіресе құқық қорғау ұйымдарын мүлде жұмыс істей алмайтындай немесе мемлекетпен ғана бірлесіп жұмыс істейтіндей ететін бір емес, толып жатқан өзгерістер енгізілген, - дейді Амангелді Шорманбаев.

- Мына жағдайда әлдебір саяси акт жүріп жатыр, яғни әлдебір бөлім бе, топ па, мәдениет министрлігіне қосымша өкілеттік беріп қоймақ. Әлгі ауқымды қосымша өкілеттіктерге монополия, ал ҮЕҰ қызметіне бақылау орнатпақ, - дейді Амангелді Шорманбаев.

Оның пікірінше, кез келген ұйымды қалаған кезде жауып тастауға мүмкіндік беретін мұндай қатаң түзетулерді қазіргі заңдарға енгізуге ешқандай мұқтаждық жоқ.

«БІР КҮНДЕ ҚАБЫЛДАЙ САЛДЫ»

Мәжіліс депутаттары дау тудырған заң жобасын қыркүйектің аяғында бір күнде екі оқылым өткізіп қабылдады. Бірақ парламенттің баспасөз қызметі әр сейсенбі сайын журналистерге жолдап отыратын апталық пленарлық отырыстар анонсында заң жобасы көрсетілмеген. Мәжілістің жұмыс тобында талқыланған кездегі сияқты бұл жолы да заң жобасы туралы ақпарат таратылған жоқ әрі журналистерді жұмыс тобы отырыстарына шақырмады. Ал журналистер қолында баспасөз қызметі тарататын әлгі анонс болмаса, парламент отырыстарына кіруге аккредитация алған журналистер жұмыс топтарының отырысына қалауынша қатыса алмайды, оларға «талқылау баспасөз өкілдерінсіз өтеді» деп хабарлауы мүмкін.

Бірақ парламент депутаты Мейрам Бегентаев заң жобасы жария түрде қабылданды, оған қатысқан «әйгілі журналистерді» де, өзге жұртшылық өкілдерін де көрдім дейді. Бегентаевтың айтуынша, дәл сол тұста өзге де «өмірлік маңызды» заң жобаларын қабылдап жатқан депутаттардың уақыты шектеулі болған.

- «Ойбай, өрт шықты», «мемлекет бақылайды екен» немесе кейбіреулер айтқандай, «енді ҮЕҰ-ды қыспаққа алғалы жатыр екен» деп байбалам салуға әлі ерте. Ондай жағдай болып жатса, құқық қорғаушы ұйымдар бар емес пе? Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың арасында тепе-теңдік болуы тиіс, - дейді Мейрам Бегентаев.

Заң жобасы жөніндегі жұмыс тобы жетекшісі, парламент депутаты Айгүл Нұркинадан сұхбат алудың сәті түспеді. Оның көмекшісі Азаттықтың қоңырауына екі күн бойы «депутат қазір кабинетінде жоқ, мәжіліс жұмыс топтарының отырыстарына қатысып отыр» дегеннен танбады.

ҮЕҰ туралы заң жобасының авторы - мәдениет және спорт министрлігі «ресми сауалды жазбаша жолдаңыздар» деген уәжбен әлдебір комментарий беруден бас тартты.

Қазір Қазақстанның үкіметтік емес ұйымы белсенділерінің көбі заң жобасының 2015 жылдың маусымында жарияланған нұсқасымен таныса алады. Жалпы, бұл құжатқа қатысты дау екі жыл бұрын басталған болатын.

Сол кезде белсенділер арасында «құжат үкіметке бағынышты ҮЕҰ-ға арналған, ал тәуелсіз ұйымдар заң аясынан біртіндеп шеттеп қалуы мүмкін» деген пікірлер айтылған.

Қазақстанда ресми тіркелген 27 мыңға жуық ҮЕҰ-ның бір бөлігі мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастырумен айналысады. Мұндай жасанды ҮЕҰ-ні белсенділер «ГОНГО» - GONGO (Government-Organized Non-Governmental Organization – үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар) деп атайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG