Accessibility links

Аудандық сот жоғарғы сотқа қарсы талап-арызды қабылдамады


Сот процесі. (Көрнекі сурет)

Сот процесі. (Көрнекі сурет)

Бастауыш сынып оқушысын ұрған мұғалімнің қылығын тергеуден бас тартқан полиция мен прокуратураның әрекетсіздігіне сотқа шағымдану мүмкін болмады. Қарапайым заңгер жиі кездесетін осындай шағымның көмегімен жоғарғы соттағы практиканы өзгертуге тырыспақ.

Оқушы қызды ұрып-соғуға қатысты шағымды қараудан бас тартқан полиция, прокуратура және соттардың үстінен шағымданған алматылық қарапайым заңгер Сәкен Шардаровтың әрекетінен ештеңе шықпады. Мектепте оқушы қыз баланы ұрып-соғу шағымын мойындамайды, ал полиция мен прокуратура «қылмыстық құрам» таппаған. Қарапайым заңгер «соттардағы былықтың себебі жоғарғы соттың өзінен басталатындықтан» тергеу амалдарын бастауға сот арқылы мәжбүрлеу мүмкін емес деп біледі.

ЖҮЙЕГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ЗАҢГЕР

Заңгер Сәкен Шардаров «соттардағы былыққа парламенттің құзырындағы нормативті қаулылар шығару қызметімен айналысып отырған жоғарғы сот кінәлі» деп есептейді. Ол жоғарғы соттың үстінен де шағымданып көрген. Бірақ төменгі соттар жоғары деңгейлі соттарға қатысты шағымдарды қарай алмайтын Қазақстанда оның бұл әрекетінен де түк шықпаған.

Сондықтан заңгер соттардың үстінен «төменнен жоғары қарай» біртіндеп шағымдануды бастаған. Енді ол жоғарғы соттың үстінен жолданған шағымды қабылдамаған аудандық сотқа қатысты шағым түсірген. Тамыз айының басында Астана қалалық сотында Шардаровтың Есіл аудандық сотының осындай әрекетіне қатысты апелляциялық шағымы қаралған. Апелляциялық алқа судьясы Ермек Сисембаев заңгер Сәкен Шардаровтың уәжін негізсіз деп тапқан. Бүкіл сот жүйесіне жалғыз қарсы шыққан заңгер Азаттық тілшісіне апелляциялық алқа шешіміне қатысты кассациялық шағым беретінін айтты.

Заңгер Сәкен Шардаров. Алматы, 16 шілде 2014 жыл.

Заңгер Сәкен Шардаров. Алматы, 16 шілде 2014 жыл.

Қарапайым заңгер мен бүкіл сот жүйесінің арасындағы өзгеше сипаттағы даудың барысын бақылап отырған азаматтық белсенділер бұл тартыстан бала зардап шекпеуі тиіс деп санайды. Мектеп оқушысын ұрып-соқты деген шағымды тексеру ісінен олар көп үміт күтпейді.

Оқушы қыздың анасы З.-ның Азаттық тілшісіне айтуынша, 2010 жылдың сәуірінде дене және психологиялық жарақат алғаннан бері қызы жыл сайын санаторийде емделеді. Оқушының анасы мұғалім әйелді қылмыстық жауапқа тарту туралы өтініштерін полиция мен прокуратура ескерусіз қалдырғанын айтады.

– Алматы қаласы Әуезов аудандық прокуроры Сейсембинов менің арызыма қатысты 2013 жылдың 14 тамызында жазған сырғытпа хатында қызымды ұрып-соғуға байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы тергеушісінің «қылмыс құрамы жоқ» деген қаулысын қолдады, – дейді қыздың анасы.

Мұғалімнің оқушы қызды ұрғанын мектеп те жоққа шығарып, оның мінезін тек жағымды жағынан сипаттайды. Мұғалім туралы тек мақтау сөз естіген Азаттық тілшісіне оқытушының өзімен жеке сөйлесудің сәті түспеді.

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛУ

Азаматтық белсенділер мен Сәкен Шардаров сияқты заңгерлер мектепте оқушыға қол көтеру оқиғаларына қатысты шағымдармен жиі кездеседі. Ал оларды тексерудің қиындығы енді сот-құқық жүйесіндегі дауға себеп болды.

Қазақстан жоғарғы сотының ғимараты. Астана, 17 сәуір 2014 жыл.

Қазақстан жоғарғы сотының ғимараты. Астана, 17 сәуір 2014 жыл.

Жоғарғы соттың нормативті қаулылары жеке тұлғалардың сот, прокуратура мен полиция органдары әрекетіне қатысты шағымдануға мүлде мүмкіндік бермейді. Қазақстандағы адам құқығы бюросы қызметкерлерінің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл жағдай Қазақстан қол қойған азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пактілерге қайшы.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, жоғарғы сот парламент құзырындағы заң шығару қызметімен айналысатындықтан, жоғарғы соттың нормативті қаулылары ел конституциясына қайшы.

ТЫҒЫРЫҚТАН ЖОЛ ІЗДЕУ

Қазақстандағы адам құқығы бюросы директорының орынбасары Денис Дживаганың айтуынша, заңгер Сәкен Шардаровтың прокуратура мен полицияның әрекетсіздігіне қатысты шағым түсіре алмауы – заң олқылығының нақты көрінісі.

Ал ұлттық заңдар арқылы тергеу амалдарына қол жеткізудің заңды мүмкіндіктері сарқылған жағдайда не істеуге болады? Мұндай тығырыққа тірелген қарапайым азаматтар кейде БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымдануға тырысады. Бірақ бұл арада екі жайтты ескеру қажет.

Қазақстандық адам құқығы бюросы директорының орынбасары Денис Дживага. Алматы, 16 шілде 2014 жыл.

Қазақстандық адам құқығы бюросы директорының орынбасары Денис Дживага. Алматы, 16 шілде 2014 жыл.

– Біріншіден, мұндай шағымдардың ұзақ қаралатынын әрі шағымдардың бәрі бірдей қабылданбайтынын ескеру керек. Екіншіден, Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің ұсыныстық сипаттағы шешімдерінің бірін қабылдаса да, бірін қабылдамайды. Мысалы, өзбек босқындарын Қазақстаннан экстрадициялау кезінде Қазақстан билігі БҰҰ комитеті ұсыныстарын елемей қойған, – деп түсіндіреді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы «елдегі процессуалдық заңдарды баяғыда жетілдіріп, өзгерту керек еді» дейді.

– Заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр, бірақ азаматтарға олардың пайдасы жоқ. Қылмыстық-процессуалдық кодекс пен қылмыстық кодекске жуырда енгізілген өзгерістер адамның негізгі құқықтарын шектей түсті. Билік «заңдарды ізгілендіріп жатырмыз» дейді, ал іс жүзінде көптеген мәселелер бойынша шектеу күшейіп келеді. Оның үстіне шектеулердің көбі шенеуніктер емес, қарапайым азаматтарға қысымды күшейтті, – дейді құқық қорғаушы.

Бұл өзгерістерді «қарапайым азаматтардың объективті тергеу және құқығын қорғау құқығын шектейді» деп санайтын халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін әкімшілік және қылмыстық кодекстерге енгізілген өзгерістерден бас тартуға шақырады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG