Accessibility links

Істі «сотты шыбынөлтіргішпен ұрған видео» шиеленістірді


Тұтқында отырған заңгер Евгений Танков. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл.

Тұтқында отырған заңгер Евгений Танков. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл.

Қарағандыда өткен сотта прокурор Евгений Танковқа үш жыл түрме жазасын сұрады. Болжам бойынша, ол судьяны шыбынұрғышпен сабағысы келген. Бұл оғаш оқиғаның видеосы интернетке де шықты.

Қарағандылық заңгер Евгений Танковтің ісі Қазыбек би аудандық сотында наурыздың 19-ы күні қаралған. Сотты шыбынөлтіргішпен ұру оқиғасы осы сот отырысы кезінде болған әрі бақылау камерасына түсіп қалған.

ВИДЕО

Видеода Танков екі шыбынөлтіргіш ұстап тұр. Ол жол оқиғасына ұшыраған бір клиентінің мүддесін сот алдында қорғауға келген. Судья Арай Алшынбеков заңгердің орнына отыруын бірнеше рет сұрайды. Бірақ Танков отырмай қояды, бірнеше секундтан соң судьяға қарай жүріп, шыбынөлтіргішті оның үстеліне қояды.

Бұл - сотты құрметтемеу, алыңыз, - дейді оған судья және хатшыға сот жасауылын шақыруды бұйырады.

Оған Танковтың не дегені естілмейді. Судья орнынан атып тұрады, осы сәтте Танков оны бірнеше рет тартып жіберуге тырысып, шыбынөлтіргішті сермейді. Бірақ сотқа шыбынөлтіргіштің тиген-тимегені белгісіз. Судья қағаз бумасымен қорғанады.

Танков бір кезде шегінеді, осы сәт оны жауапкердің өкілі ұрады. Бұл төбелеске судья Алшынбековтің өзі де араласып кетеді, арасында «Жасауыл!» деп айқайлап та қояды.

Бір мезетте төбелесіп жатқандар залдың бейнекамера түсіре алмайтын бұрышына барып біраз жұлқыласады. Әрмен қарай видеоның кадры ауысып кеткен - Танков сот мәжілісі залында ашулы күйде шылым шегіп отыр. Бір минуттан соң оны тұтқындайды. Енді оған «сотты құрметтемеді» және «судьяға күш көрсетті» деген айып тағылып отыр. Үш жылға сотталуы мүмкін.

Танковтың айтуынша, судьяны мертіктіруді ойламаған, егер оны істегісі келсе, «аса қиындықсыз-ақ жасайтын еді». - Судьяның үстеліне барып, іс-әрекеттеріне эстетикалық-құқықтық баға бергім келетінін айттым. Ол жасауыл шақырды. Алшынбеков орнынан тұрған кезде шыбынұрғышпен бетінен үш рет қақтым. Қол тигізген жоқпын, бірақ шыбынөлтіргішпен сол жағынан бір, оң жағынан бір, иегінің астынан бір қағып қалдым, - деді.

СУДЬЯНЫҢ ҚАУПІ

Енді айыпталушы болып отырған заңгер Танков қазақстандық сот жүйесінің мағынасыздығын көрсетпек болып, судьяны «шыбынөлтіргішпен жекпе-жекке» шақырғанын айтады. Алайда оның бұл әрекетін билік «ресми тұлғаға нақты шабуылға» жорып отыр.

Сотта жауап берген судья Арай Алшынбеков те солай ойлайды. Ол Евгений Танков шыбынөлтіргішті оңды-солды сермей жөнелгенде, қорқып кетіп, орнынан тұрғанын айтады.

Сол сәтте ол бетімнен, басымнан үш рет ұрып жіберді. Бұдан соң ол маған судьяларға арналған дене жазалары ережесін жетілдіріп жатқанын түсіндірді. Ол орнына барып отырған соң, сөмкесінен қауіпті бір зат алып шыға ма деп қорықтым, - дейді Арай Алшынбеков.

Осыны айтқан соң судья процеске мүлде қатыспады. Сот отырысы кезінде оның демалысқа шыққаны белгілі болды. Азаттық тілшісіне де онымен әңгімелесудің сәті түспеді. Жәбірленуші судьяның сұхбат бере алмайтынын хатшысы хабарлады.

Танков судья Алшынбековтің басқа да сот істері бойынша шығарған шешімдеріне наразы. Азаттыққа заңгердің анасы Валентина Танкова «үкімдердің арызданып келген азаматтардың пайдасына шықпағанын» айтты. Ол істердің арасында алаяқтықпен алынған пәтер мәселелері де болған. Танковтың анасы, «Сондықтан ұлым «шыбынөлтіргішпен жекпе-жекке» шақыру үшін нақ осы судьяға түсетін істі күткен еді» дейді.

Сотта заңгер Евгений Танков өзін өзі қорғап жатыр. Ол судьяға қарсы әрекетінің азаматтық белсенділік сипаты бар екенін дәлелдей алатынына сенімді. Прокурор осы аптада «шыбынөлтіргіш заңгерді» үш жылға түрмеге қамауды сұрады. Үкім жақында шығады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG