Accessibility links

Оппозиция бірігуге дайын болса, басшы болуға Әбілов дайын, ал оған әркім әртүрлі қарайды


Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов

Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов

«Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов Қазақстандағы біріккен оппозицияға басшылық етуге дайын екендігін мәлімдеп, келер сайлауда президенттік мандаттан да дәмелі екенін білдірді. Бірақ, оппозициядағы кейбір тұлғалардың пікірі өзгешелеу.

Сәуірдің 21-інде Алматыдағы «АйтPARK» қоғамдық-саяси дискуссия клубында «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов өзінің Қазақстандағы оппозицияға басшылық етуге дайын екендігін, керек болса президенттік мандаттан да дәмелі екенін мәлімдеді деп хабарлады "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

«Халық оппозициядан айқын нәтижелер күтеді, бұл жерде әңгіме мансапқұмарлықта емес, жауапкершілікте болып тұр» - дейді саясаткер.

Оның пікірінше, оппозиция парламент құрамына енуі керек. Ал оның бірден- бір жолы - Қазақстан оппозициясының ауызбіршілігін арттыру.

Оның сөзіне қарағанда, біріккен оппозиция "Жалпыұлттық социал-демократиялық "Азат" партиясы деп аталады. Осылай деген ол, әзірге өзара келіскен қос партия ЖСДП мен "Азат" сияқты екі-ақ партияның ғана бірігуі мүмкін екенін атап өтті.

Журналистер сұрақтарына жауап бере келіп, Болат Әбілов егер қажет болса өз кандидатурасын президенттік сайлауға ұсынытынын да айтты.

"Мәселе президенттікке кандидатқа келіп тірелсе, мен оған да дайынмын. Саясатпен айналыса жүріп, президент болуға дайын емеспін деу дұрыс болмас еді",- деді Әбілов.

Алайда Әбіловтың бұл мәлімдемесін бірқатар жұрт таңдана қабылдады. Дегенмен, оның президенттікке үміткер боламын дегені емес, оппозицияның бірігуіне қатысты пікірлер қызу талқылануда.

«Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, Болат Әбіловтың мәлімдемесіне өзінің таңданысын білдірді. Сондай-ақ, парламентке ену үшін оппозициялық партиялардың бірігуі керек деген пікірмен келіспейтіндігін жеткізді.

Оның пікірінше, оппозиция құжат бетінде ғана емес шынайы өмірде өздерінің ұстанымдары мен мақсат міндеттерімен бірігуі керек.

Ал Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин, Әбіловтың оппозицияны басқаратындығы жайында әлі нақты сөз болмағандығын айтты. Дегенмен, «егер Болаттың президент боламын деген талпынысы болса, онда тұрған ешнәрсе жоқ, іске сәт!» -дейді Серікболсын Әбділдин.

Саясаттанушы Айдос Сарым Болат Әбіловты президенттікке лайықты үміткерлердің бірі ретінде көретіндігін жасырмады. Ол өз кезегінде:

«Болат Әбілов шын мәнінде әлемдік үрдістерге сай қоғамдық қайраткер ретінде пісіп-жетілген саясаткерлердің бірі. Президентіміз әмбебап адам болуы міндетті емес қой, сондықтан енді шын талабы болса, артынан адамдарды ерте білсе, неге болмасқа? Сайлауға әртүрлі көзқарастағы адамдардың қатысқаны бізге де жақсы ғой, халықтың таңдауы болады» - дейді Айдос Сарым.

Қазақстан гуманитарлық -саяси коньюнктура орталығының сарапшы маманы Әсет Тұрдығұлов Болат Әбіловты өз позициясын нақтылаған, шыншыл саясаткер деп бағалайды.

- Дегенмен Әбілов мырзаның мемлекеттік тілге деген, ұлттық мәселелерге деген көзқарасы менің көңіліме күдік ұялатады. Әдетте ол ұлттық мәселелерді не елемейді, не екінші орынға ысырады, – дейді Әсет Тұрдығұлов.

Алдағы президенттік сайлау 2012 жылдан ерте болмайтындығын ескерген кей сарапшылар, уақытында көрерміз дегенмен шектеліп отыр.

Сәуірдің 11-інде өткен Қазақстан демократиялық күштерінің форумында Қазақстанның 4 оппозициялық партиясының - Жалпыұлттық социал-демократиялық, «Азат» және Қазақстанның коммунистік партиясы, сондай-ақ тіркелмеген «Алға» партиясы жетекшілерінің билікке қарсы пікірлері бір жерден шыққанымен, бір одаққа бірігу мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмаған болатын.

Соның нәтижесінде алдағы 2 айдың барысында бірігудің механизмін ойластырып, қарама-қайшылықтар бойынша ортақ ұсыныстар әзірлейтін жұмыс органы құрылған еді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG