Accessibility links

Сайлауға бойкот жариялауға шақырған парақшалар Астанаға да жетті


Пошта жәшіктеріндегі үндеу парақшалары. Астана, 18 наурыз 2011 жыл.

Пошта жәшіктеріндегі үндеу парақшалары. Астана, 18 наурыз 2011 жыл.

«Сайлауға барма, билікке «Жетер!» де» деген жазуы бар парақшалар Астанаға да жетті. Бұл үндеудің иесі оппозициялық тіркелмеген «Алға» партиясының Астанадағы филиалы екен.


Бейбітшілік көшесіндегі 58-үйдің тұрғындары мұндай парақшаларды таңертең пошта жәшіктерінен көрді. Бұл үйде тұратын адамдар үгіт қағаздарынан үрке қойған жоқ.

– Сыртқы есік жабылмаған соң пошта жәшіктеріне жарнама қағаздарын толтырып кетеді. Өткен жолы президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков туралы мәлімет тауып алдым. Енді мына парақша «сайлауға қатыспағаның дұрыс» дейді. Сайлауға барар-бармасымды әлі шешкен жоқпын, – дейді зейнеткер Айгүл Сейдахметова.

«СІЗДЕ ТАҢДАУ БАР МА?»

Үгіт парақшасының басты мақсаты – қазақстандықтарды сәуірдің 3-і күні сайлауға бармауға шақыру.

«Өз туыстарыңыз бен жақындарыңызды, достарыңыз бен әріптестеріңізді де көндіріңіздер. Таңдаусыз сайлау – сайлау емес» деп жазылған парақшада.

Парақшада кезектен тыс сайлау азаматтар Қазақстан президенті болатын адамды төрт үміткердің ішінен ғана таңдайтын «жалған сайлау» деп аталған.

«Сіздің «сайлауыңыз» – Н.Назарбаев пен үш «кезекші» үміткер, бұл осы «жалған сайлаудың» заңдылығын көрсету ғана. Сіздің сайлау учаскесіне
Сайлауға бойкот жариялауға шақырған парақша. Астана, 18 наурыз 2011 жыл.
барғаныңыздың өзі – Назарбаевты сайлағаныңызды білдіреді. Себебі оның «командасы» үшін ең бастысы – Сіздің сайлауға баруыңыз, қалғанын Сіз үшін өздері-ақ тындырады. Сіз сайлауға баруыңызбен-ақ Назарбаев пен оның әлеуметтік-экономикалық саясаты үшін «дауыс бересіз» деп жазылған үгіт парақшасында.

Парақшада салыстырмалы кесте сызылған. Бұл үндеу қағазының авторлары, яғни тіркелмеген «Алға» халықтың партиясы өкілдері Қазақстан азаматтарына тиесілі азық-түлік пен әлеуметтік қызметтердің мөлшерін салыстырып беріпті.

– Егер 1990 жылы бір адам 73 килограмм ет тұтынса, 2009 жылы ол 51 килограмм ғана болған, – деп түсіндірді «Алға» халықтық партиясы Астана филиалының жетекшісі Руслан Сембинов бұл кестені. – Сүт 1990 жылы әр адамға 311 литрден келсе, 2009 жылы бар болғаны 210 литр ғана. Аурухана төсегі 10 мың адамға шаққанда 1990 жылы 140-тан келсе, 2009 жылы 76 болған. Билік негізі бұл сандарды салыстырмайды, өзінің жетістігі ретінде көрсетеді. Ал біз 1990 жылғы дерекпен салыстырып едік, осындай сан шыға келді.

Азатттық радиосының тілшісі осы парақшадағы «Сіздің өміріңіз жақсарды ма?» деген сауалды Бейбітшілік көшесіндегі 58-үйдің тұрғындарына қойып шыққан еді.

Марат Молдабаев деген азамат бұл сауалға жауап таппай қиналатынын айтты.

– Баға өсіп кетті. Айлығымды азайтып тастады. Өмірімнің жақсарған-жақсармағанын содан біле беріңіз, – деді ол.

Зейнеткер Айгүл Сейдахметова «республикадағы тыныштық – мемлекет басшысының еңбегі» екенін айтқанымен, «зейнетақым күнкөріске әзер жетеді» деп қынжылды.

ДАУЫС БЕРУ ҚҰҚЫҒЫ

Тіркелмеген «Алға» партиясы Астана филиалының жетекшісі Руслан Сембиновтің ойынша, конституция бойынша әрбір қазақстандықтың дауыс беруге құқы бар, сайлауға бармай қоюға да құқы бар.

– Қазір үгіт жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген. Осы кезде көшеде парақшалар таратып жатырмыз, – дейді Руслан Сембинов. – Көзге қатты түсіп қалмай, тезірек таратуға тырысамыз. Дауыс берудің міндет емес екенін, «әрбір азамат міндетті түрде келіп дауыс берсін» деген заң жоқ екенін жұртқа түсіндіреміз. Бойкот жариялауға шақырамыз. Халық бізде елбасы да, сайлаушылардың 90 пайызы қолдайтын президент те жоқ екенін көрсін.

Руслан Сембиновтің айтуынша, қазір Қазақстанның 15 аймағында сайлауға бойкот жариялау үшін «Жеке биліктің 20 жылдығына жол жоқ» деген атпен митинг өткізуге рұқсат сұраған 15 өтініш берілген.

– Билік митинг өткіземіз деген арызымызды қабыл алса, оны наурыздың 31-інде Астанада өткіземіз, – дейді Руслан Сембинов. – Астанада митинг өткізбек болып ылғи өтініш береміз, бірақ ылғи рұқсат беруден бас тартады.

Естеріңізде болса, наурыздың 16-сы күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сәуірдің 3-інде өтетін кезектен тыс президен сайлауына бойкот жариялауды «іріткі туғызатын іс-әрекеттер» деп атап, «мұндай арандату іс-әрекеттеріне беріліп, сайлауға қатысты конституциялық құқықты құрбандыққа шалу – кез келген адам, кез келген сайлаушы үшін қорлау болар еді» деп мәлімдеген.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG