Accessibility links

Назарбаевқа Стинг сабақ болды ма?


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 13 маусым 2011 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 13 маусым 2011 жыл

Foreign Policy журналының редакторы ғасырлар бойы өзгермей келе жатқан өнер адамдары мен диктаторлардың қарым-қатынасы жайында жазады.


Басылымның маусымның 7-і күнгі санында Стив Левин «егер сіз бақуатты және мұнайлы мемлекеттің басшысы болсаңыз, таңертең ұйқыңыздан қандай оймен тұрар едіңіз?» деген сұрақ қойыпты. Оның пайымдауынша, «петро-автократ» билігін қалайша ұзарта түссе болады деген оймен оянбақ. «Араб көктемінен» соң сасқалақтап 130 миллиард АҚШ долларын режимін сақтап қалу шараларына бөлгізген Сауд Арабиясының королі Абдулланың әрекетін мысал етеді автор. Бірақ, диктатор үшін өз режимінің «заңдылығын» танымал өнер қайраткерлерінің «ыстық ықыласын» сатып алу арқылы дәлелдеу өміршең тәсілге айналған сияқты.

ЖҰЛДЫЗҒА ҚОЛЫҢНАН СҮЙГІЗЕ АЛМАСАҢ – ЛИДЕР ЕМЕССІҢ

Мәселен, белгілі билеушілер талантты шығармашылық адамдарын сарайларында жиі қабылдап, қамқорлық көрсетуге тырысқанын жазады Левин. 1801 жылы Алессандро Вольта Франция императоры Наполеон Бонапартқа өзі ашқан қызықты батареясын тарту еткен, ал Бонопарт Вольтаға рыцарь әрі граф деген дәреже береді. Одан да үш ғасыр бұрын Леонардо да Винчи миландық граф Лодовико Сфорцаның қол астында жұмыс істеп, оған іштен жану двигателі пайда болмай тұрып-ақ аэроплан мен танктің сызбасын жасап беріпті.

Автордың жазуы бойынша, шығармашылық саласындағы жұлдыздарды өз ыңғайына жығу арқылы билеуші өзінің ерекше жаратылған жетекші екенін танытуға ұмтылып келген. Бұл – геосаяси биліктің негізгі белгісі.

Дегенмен, автократтар абай болғаны жөн, себебі шығармашыл жандардың күтпеген жерден айни қалуы да мүмкін екенін айтады автор. Өткен аптада британдық әнші Стинг Орталық Азиядағы автократтардың ішіндегі «жұмсағы», Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне арнап концерт қойып беруден бас тартты. Концерт ұзақ уақыт бойына жарнамаланған болатын. Әнші Amnesty International ұйымынан республикада жұмысшылардың ереуілге шығып жатқанын естіп, жағасын ұстаған. «Аштық жариялаған, түрмеге түскен жұмысшылар мен ереуілге шығып жатқан мыңдаған адамдардың қарсылығын аттап өткім келмейді» дейді Стинг өзінің бас тартуына қатысты жасаған мәлімдемесінде.

СТИНГ ҚАТЕСІН ТҮСІНДІ

Орталық Азияны зерттеуші журналист Джоанна Лиллис Стингті екіжүзді деп айыптайды. Әнші 2009 жылы Ташкенттің қоршаған орта мен адам құқықтарын қорғау жағынан ақсап тұрғанына қарамастан Өзбекстан президенті Ислам Каримовқа арнап концерт бергеніне налып жүрген болуы мүмкін.

Бірақ, Элтон Джон Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында ән салудан тартынбады. Мэрайя Кэри мен Бейонсе Муаммар Каддафидың отбасының көңілін көтерді. Шэрон Стоун, Голди Хоун мен Жерар Депардье Ресейдің сахнада ұялшақ әнші образын қалыптастырып жүрген басшысы Владимир Путиннің өнеріне үздіге қол соққанын жазады автор. Ал Стинг солардан кем бе еді, әлде кәсіпқойлығы төмендеу ме екен деген сарказмге толы сұрақ қояды Левин.

Назарбаевтың Стингке деген өкпесі тез-ақ тарап кетеді. «Дегенмен, қол астындағы клан басшылары мен халқы, көршілес және алыс шетел диктаторлары бұның петро-автократтар пантеонында алатын орнына титтей де күмән келтірмеді ме екен деген сұрақ оны аздап мазалауы ықтимал» дейді автор.
XS
SM
MD
LG