Accessibility links

«Мирзоян Сталин саясатын жүзеге асырушы ғана болған»


Левон Мирзоян (1896-1939). Қазақстан президенті архиві мен Қазақстандағы Армения елшілігі 2001 шығарған құжаттар мен материалдар жинағындағы суреті.

Левон Мирзоян (1896-1939). Қазақстан президенті архиві мен Қазақстандағы Армения елшілігі 2001 шығарған құжаттар мен материалдар жинағындағы суреті.

Астанадағы Левон Мирзоян көшесіне Қаныш Сәтбаев есімі берілетіні туралы хабар қоғамда әрқилы пікір туғызды. Тарихшылар Сталиннің тапсырмасын орындаушы ғана болған Мирзоянның да репрессиядан құтылмағанын айтады.

Саясаттанушы Әбжәлел Бәкір ономастикалық комиссияның мұндай шешіміне Левон Мирзоянның «қазақ интеллигенциясының 3 мыңға жуық өкілін ату жөнінде Сталинге өтініш жасағаны» туралы дерек түрткі болғанын айтады.

1933-1938 жылдары Қазақстанға жетекшілік еткен «Левон Мирзоянның 1937 жылы желтоқсанның 2-сі күні Сталинге жазған құпия хаты» былтыр Facebook әлеуметтік желісінде де жарияланып, қолданушылардың назарын аударған еді.

Советтік Қазақстан басшысы Мирзоянның Сталинге құпия хаты. Суретті толық көру үшін үстінен басыңыз.

Советтік Қазақстан басшысы Мирзоянның Сталинге құпия хаты. Суретті толық көру үшін үстінен басыңыз.

«Құпия» таңбасымен Сталиннің атына жазылған хатта: «Бізге бірінші категория бойынша 8 мың, екінші категория бойынша 8 мың антисоветтік элементтерді репрессиялауға құқық берілді. Бұл лимит толық пайдаланылып, 1600 адамға асыра орындалды. Қалғанын толық жою үшін екі категория бойынша тағы да 1600 адамды репрессиялауға рұқсат етуіңізді сұраймыз» делінген. Хат соңында Левон Мирзоянның қолы қойылған.

Астанадағы Мирзоян көшесінің аты өзгертілуіне алғашқылардың бірі болып Қазақстандағы армян мәдени орталығының жетекшісі Артуш Карапетян наразылық білдірді. «Көшеге Левон Мирзоян есімін беруге әрең қол жеткізген едік. Барлық фактілерді таразылай келе оның зор еңбек сіңіргеніне көз жеткен» деді ол қарашаның 23-інде. Ол Facebook әлеуметтік желісіндегі пікірталастар барысында да «Голощекин жасаған Кіші Октябрь мен ашаршылық салдарын жоюға Мирзоянның ерекше еңбек сіңіргенін ұмытпау керектігін» айтты.

Осыған орай Азаттық тілшісі тарихшы Мәмбет Қойгелдімен сұхбаттасып, Левон Мирзоян туралы сұрады.

Азаттық: – Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін жазылған тарихи зерттеулерде Левон Мирзоян көбіне Қазақстан мәдениеті мен өнерін, экономикасын ілгерілеткен тұлға ретінде сипатталады. «Ашаршылықтан кейін елдің есін жиғызған Мирзоянды қазақ халқы «Мырзажан» деп атаған» дейтін пікірлер де бар. Мирзоян туралы құпия деректер оның бұл атын жуып-шайып кете ме?

Мәмбет Қойгелді: – Көшелердің атының ауысуы - халықтың тарихи жадындағы өзгерістердің көрінісі. Оны уақытпен келетін табиғи жайт ретінде қабылдау керек.

Қазақстандағы сталиндік репрессия туралы кітап авторы, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.

Қазақстандағы сталиндік репрессия туралы кітап авторы, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.

Қазақ халқының Мирзоянды «Мырзажан» деп атауын түсінуге болады. Өйткені Голощекин арқылы қазақ халқын алапат ашаршылыққа ұшыратқан советтік билік пен коммунистік партия оны жұмсартуды Мирзоянға тапсырды. Яғни Сталин оған трагедияны «жұмсарту» міндетін жүктеді.

Мирзоян тұсында колхоз-совхоздар ұйымдастырылып, жоғары оқу орындары ашылды. 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. Онкүндікті Мәскеуде әуелі Украина, содан кейін Қазақстан өткізді. Қазақстанның көптеген мәдениет қайраткерлеріне орден-медаль беріліп, атақ тапсырылды. Сол жылы Қазақстан автономиялық республикадан одақтас республикаға айналды. Кедей таптың өкілі ретінде Жамбылдың танылғаны да осы кез.

Бірақ мұның ешқайсысы да Мирзоянның жеке басының шешімімен жасалған жоқ. Керісінше советтік биліктің кезекті құйтырқы саясатының көрінісі. Мирзоян сол саясатты жүзеге асырушы ғана. Сондықтан оның қызметін асыра бағалаудың қажеті шамалы.

1938 жылы Мирзоянның өзі де «халық жауы» ретінде ұсталды. Бірақ оның алдында Сталиннен «халық жауларын» атуға тағы да лимит сұрағаны рас. Ол - қазіргі уақытта дәлелденген тарихи факт.

Азаттық: – 2001 жылы Қазақстан президентінің архиві мен Қазақстандағы Армения елшілігі бірлесіп шығарған Левон Мирзоян туралы құжаттар мен материалдар жинағында ол «қазақ интеллигенциясын 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннен қорғап қалуға тырысқан басшы» ретінде көрсетілген.

Мәмбет Қойгелді: – Ондай жайттар айқын фактімен дәлелденуі керек. Өз басым ондай фактіні көрген жоқпын. «Бірлі-жарым қоғам қайраткерлеріне септігі тиген» дейтін жанама фактілер толық дәлел бола алмайды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі тарихи сурет. Долинка кенті, Қарағанды облысы.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі тарихи сурет. Долинка кенті, Қарағанды облысы.

Сол саяси қуғын-сүргіннен Мирзоян өз әйелін де құтқара алмаған. Оның әйелі Қазақстанда марксизм-ленинизм институтын басқарды. Сөйтіп жүріп «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге ұшыраған. Сондықтан «қазақ интеллигенциясын құтқарып қалуға тырысты» деген пікірлер сенімсіз естіледі.

Азаттық: – Советтік билікте болған қайраткерлер есімдерін жаппай алып тастау керек деген пікірлер бар. Мәселен, «Сәкен Сейфуллин, Әліби Жангелдин сияқты коммунистердің есімімен аталған көшелерді де өзгертсе қайтеді» дейтін ұсыныстар айтылып жатыр.

Мәмбет Қойгелді: – Тәуелсіздіктен кейін жер-су, көше атауларын беруде біршама қойыртпақ жасалды деп ойлаймын. Мысалы, сол саяси қуғын-сүргінге қатысып, Қазақстанның прокуратурасы мен сотын басқарған адамдардың атына Алматы қаласында көшелер берілді. Ал Алматыдан Смағұл Сәдуақасов атындағы көше таба аласыз ба? Жоқ. Лайықты тұлғалар іздеушілері бар лайықсыз адамдардың тасасында қалып жатыр.

Бірақ коммунистік билікте болғандардың барлығының аты-жөнін шетінен алып тастай беру дұрыс емес. Коммунистік билікте жүріп те қазақ халқының мүддесіне еңбек еткен тұлғалар бар. Сол себепті ономастикалық комиссиялар зерттеушілердің пікіріне сүйене отырып, жан-жақты талқыға шығарғаннан кейін ғана шешім қабылдағыны дұрыс деп ойлаймын.

Азаттық: – Сұқбатыңызға рақмет.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG