Accessibility links

«Жұрт гей достары барын айтудан қорқады»


ЛГБТ қауымдастығы құқығын қорғаушылардың түрлі-түсті жалауын таптап жатқан гейлерге қарсы белсенділер. (Көрнекі сурет.)
ЛГБТ қауымдастығы құқығын қорғаушылардың түрлі-түсті жалауын таптап жатқан гейлерге қарсы белсенділер. (Көрнекі сурет.)

Өскемендік гей жігіттің қазасы түрткі болған зерттеудің алдын ала қорытындысы Қазақстанда жыныстық азшылық өкілдеріне төзімділік таныту ахуалы нашар екенін аңғартады.

Қазақстандағы ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) өкілдеріне төзімділік деңгейі туралы әлеуметтік зерттеу қорытындылары 12 қаңтарда Астанада жарияланбақ. Азаттыққа берген сұхбатында Өскемендегі «AS АКТИВ» қоғамдық ұйымы атқару кеңесінің төрағасы Сергей Астафьев респонденттердің аты-жөні көрсетілмейтін сауалнамаға елдің жеті қаласынан 500 адам қатысқанын айтты. Сергей Астафьев «біздің ұйым жалпы жастардың, оның ішінде әлеуметтік тұрғыдан қорғансыз топ – ЛГБТ өкілдері құқығын қорғаумен айналысады» дейді.

Азаттық: Сергей, бұл зерттеуді жүргізуге не түрткі болды?

«AS АКТИВ» қоғамдық ұйымы атқару кеңесі төрағасы Сергей Астафьев. Жеке мұрағаттағы сурет.
«AS АКТИВ» қоғамдық ұйымы атқару кеңесі төрағасы Сергей Астафьев. Жеке мұрағаттағы сурет.

Сергей Астафьев: Бұл – менің бастамам, ал жігіттер мені қолдады. Былтыр Америкаға барып,әлемді мүлде өзге жағынан көріп қайттым. АҚШ пен біздің елдегі гейлерге деген көзқарас екі бөлек екеніне көзім жетті. Ал елге келіп едім, тамыз айында Өскеменде тұратын әрі өзінің жыныстық ерекшелігін мойындаған жас жігітті өлтіріп кеткенін естідім. Оны өз достары өлтіріп тастаған. Былтыр Өскеменде жыныстық азшылық өкілдерін тауып, қорлап, бұл әрекеттерін камераға түсіретін Тесака адептерінің «Оккупай-педофиляй» деген тобы болған. АҚШ-та болған кезде олардың төзімділік деңгейін көріп, біздің елде неге жұрт мұндай азаматтарды жақтырмайды деген ойға қалдым.

Жігіттермен ақылдасып, облысымыздың Өскемен, Риддер, Зырян, Шемонаиха, Семей қалалары мен Алматы және Астананы аралап шықтық. Жалпы ахуалды барлап, талдау үшін әрі дұрыс ақпарат тарамайтын осындай ірі қалаларды таңдадық. Біз қала көшелеріне шығып, жұрт көп жүретін әуежай, сауда орталықтарын аралап, қатысуға ниет білдіргендердің бәріне сауалнама парақтарын тараттық. Құлық танытқандар парақтарымызды толтырып берді.

Азаттық: Сауалнамадағы сұрақтардан мысал келтіріңізші.

Сергей Астафьев: Мысалы, «ЛГБТ қауымы өкілдерімен араласыз ба?» деген сұрақ болды. Негізі, респонденттер бұл сұрақты екіұдай сезіммен қабылдады. Кей адамдар бірден «Ондай достарың бар ма?» деп сұрап тұр деп ойлап қалды. Меніңше, олардың жауабы шынайы болмаған сияқты. Маған олар «иә, бар», «мүмкін бар шығар» деп жауап бергісі келген сияқты көрінді, бірақ көбі «жоқ» немесе «жауап беруге қиналамын» деген жауапты таңдады. Олардың әлденеден жасқанатыны байқалады немесе ешкім ешқандай кінә артпайды дегенге сенбеген сияқты. Бір жағынан ұялатын сияқты көрінді. ЛГБТ қауымына жатпайтын адамдардың «Мұндай достарыңыз бар ма?» деген сұраққа жауап бере алмай қиналғанына қарағанда, біздің қоғам мүлде қорғалап қалған тәрізді.

Азаттық: Сонымен, сіздер қандай ұйғарым жасадыңыздар? Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне төзімділік таныту деңгейі қандай екен?

Біздің ұйымға ЛГБТ өкілдері көмек сұрап келеді. Олар қоғамнан шетқақпай көрмей, Қазақстанда осындай адамдарға қолдау танытып, ұйыстыратын әлдебір қозғалыс құру мүмкіндігі болғанын қалайды.

Сергей Астафьев: Қазақстанда төзімділік деңгейі нашар деуге болады. Бұған ең әуелі ЛГБТ өкілдерінің кімдер екенін айтатын шынайы, боямасыз ақпараттың жоқтығы әсер етеді. Телевизия, БАҚ хабарларында олар жайлы ақпарат бұрмалап беріледі. Жұрт бұл адамдардың ешкімге залалы жоқ жандар екенін, өзгелермен тең құқылы екенін білуі тиіс. Әзірше осы, дөңгелек үстелге дейін зерттеу нәтижелерін ашып айта алмаймын.

Азаттық: Ал өзіңіз ЛГБТ өкілдерінің толыққанды өмір сүру мүмкіндігі бар деп ойлайсыз ба?

Сергей Астафьев: Қазақстанның Өскемен сияқты үлкен қалаларында ЛГБТ өкілдері алаңсыз жиналып, кездесетін, серуендейтін орын жоқ. Олар ең әуелі жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайды, өздерін қауіпсіздеу сезінетін үлкен қалаларға кетуге тырысады. Біздің ұйымға ЛГБТ өкілдері көмек сұрап келеді. Олар қоғамнан шетқақпай көрмей, Қазақстанда осындай адамдарға қолдау танытып, ұйыстыратын әлдебір қозғалыс құру мүмкіндігі болғанын қалайды. Олар да өз қалауынша өмір сүргісі келеді, жалғыз тілегі осы ғана. Өзгелер сияқты олардың да өз болмысымен өмір сүруге құқығы бар.

Азаттық: Сергей, сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG