Accessibility links

Әке мен баланың «үйшіктегі» өмірі


Сергий Радонежский ғибадатханасының паналау үйінен кетіп қалған Анатолий Натаров. Алматы, 18 қараша 2013 жыл.

Сергий Радонежский ғибадатханасының паналау үйінен кетіп қалған Анатолий Натаров. Алматы, 18 қараша 2013 жыл.

Жергілікті билік Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев ауылындағы Сергий Радонежский ғибадатханасының паналау үйін сотқа берді. Ал шіркеу өкілдері «екі баланың қашып кету оқиғасы немен аяқталады» деп алаңдайды.

Қарашаның 18-і күні қашып кеткен екі бала – 11 жастағы Виктор Тронев пен 10 жасар Александр Иванов сол күні кешке табылып, полиция бөліміне жеткізілген.

Сергий Радонежский ғибадатханасының жанындағы паналау орны басшылары «сотта Алматы облысы Іле ауданы білім беру бөлімінен жеңілсек, жүзден аса баланы мемлекеттің қарамағына өткізіп жіберуі мүмкін» деп алаңдайды. Бұл іс бойынша сот қарашаның 21-і күні басталады.

Ресей азаматы, православ миссионері Софроний (азаматтық аты-жөні – Петр Евтихеев) басқаратын шіркеу жанындағы паналау орнынан тағы бір тәрбиеленушінің қашып кеткені сот қарсаңында белгілі болды. Ол – 15 жастағы Анатолий Натаров. Анасы жастай қайтыс болып кеткен, ал кәрі әкесінің баспанасы жоқ. Паналау мекемесінен кетіп қалған жасөспірім қазір мектепте оқымайды.

ЖАЗДАҒЫ ОҚИҒА КҮЗДЕ АШЫЛДЫ

Жазғы каникулдан кейін паналау мекемесіне қайта бармай қойған 15 жастағы Анатолий Натаров Азаттық тілшісіне «Ол жерден жалығып кеттім. Паналау үйінде еркіндік жетіспейді» дейді.

Бірақ «баланы үйіне оралды» деуге болмайтын сияқты. Анатолийдің анасы жастай қайтыс болған. 72 жастағы әкесі Евгений Натаров Алматының шетіндегі бір кәсіпорынның құрал-саймандар сақтайтын қосалқы шаруашылық бөлмесінде тұрады. Қарт кісі мұнда қарауыл болып істейді. Бірақ қандай кәсіпорын екенін айтудан бас тартты. Оның жылу электр орталығының жанында орналасқан кәсіпорын екені ғана белгілі. Бұл бөлмеден баспана жасап алған Евгений Натаров оны жұмыс құралдарын сақтайтын қойма ретінде де пайдаланады. Енді әкесі осы үйшікте баласымен, яғни «Софроний әкейдің паналау орнының» бұрынғы тәрбиеленушісімен бірге тұрып жатыр.

Евгений Натаров үш рет үйленген. Екі әйелі қайтыс болып, біреуімен ажырасқан. Өзінен 40 жас кіші үшінші әйелі 27 жасында туберкулезден қайтыс болыпты. Анасы Анатолий 10 жасқа келгенде дүниеден озған. Бірақ ол паналау мекемесіне анасы қайтыс болмай тұрып түскен.

Сергий Радонежский ғибадатханасының жанындағы паналау орнында тамақ ішіп отырған балалар. Алматы облысы Іле ауданы, 24 шілде 2013 жжыл.

Сергий Радонежский ғибадатханасының жанындағы паналау орнында тамақ ішіп отырған балалар. Алматы облысы Іле ауданы, 24 шілде 2013 жжыл.

Бала бірнеше жыл әкесінің бірінші әйелінен туған қызының қолында тәрбиеленген. Сосын шешесі алып кетіп, өзі баққан, кейін «Софронийдің паналау үйіне» өткізген. Өзі көп ұзамай қайтыс болған.

Әкесі Анатолийдің «күніне төрт рет тамақ беретін» паналау орнынан қашып кеткеніне ашулы. Енді әкесі өзін ғана емес, аяқ астынан қайтып келген баласын да асырауы тиіс.

- Бірақ оның арамтамақ болуына жол бермеймін. Өзім 14 жасымнан бастап жұмыс істедім. Оны да жұмысқа жегемін, - дейді ол.

«Қандай жұмыс істегің келеді?» деген сұраққа жасөспірім бала дәнекерлеуші болғысы келетінін айтты.

ҮЙШІКТЕГІ ТҰРМЫС

«Софронийдің паналау үйінен» маусымның 6-сы - туған күні жақындағанда қашып кеткен Анатолий Натаров әкесіне «каникулға шықтым» деп келген.

Бірақ оқу жылы бастағанда «Енді мектепке бармаймын. Тоғызды бітірдім, негізгі орта білім алдым» деген. Ал әкесінің айтуынша, баласы алты сынып қана бітірген. «Оқуды жалғастырғың келе ме?» деген сұраққа жасөспірім иығын қиқаң еткізді.

Ал әкесі «енді мектептегі оқуын жалғастырудың қажеті жоқ, одан да жұмыс істесін» дейді.

- Ешкімнің алдында есеп бермеймін. Жұмыс істейді. Оқығанымен пайда жоқ. Қашан бітіреді екен деп бәленбай жыл мектептің есігін күзететін жайым жоқ. Менімен бірге тұрады, жұмыс істейді, тамағын асырайды. Мектепке жіберетін ойым жоқ, - деді Евгений Натаров.

Евгений Натаровтың қабырғасы кірпіштен қаланған ені төрт, ұзындығы бес метр болатын баспанасы - жалғыз терезесі бар қосалқы шаруашылық бөлмесі. Бөлменің ішкі қабырғаларына сылақ жүргізіп, әктеп қойыпты. Бөлмеге сырттан бірден кіреді, кіреберіс дәліз жоқ. Үлкен темір есік сырттан аспалы құлыппен, ішінен ілмекпен жабылады.

Бөлменің едені тақтайланбағанымен, жылы. Төбеге сым тартып, шам іліп қойыпты.

Бөлме іші бөлінбеген. Бірақ төсек пен үстел тұрған төр жақ баспана ретінде пайдаланылады. Көлденең тартылған кір жаятын жіп қана бөлмені екіге бөліп тұр. Жіпке асылған қара шалбарға қарағанда, оны гардероб ретінде де пайдаланатын сияқты.

Софронийдің қарттар мен балалар паналайтын үйі. Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев ауылы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Софронийдің қарттар мен балалар паналайтын үйі. Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев ауылы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Бөлменің алдыңғы жағы қоймаға көбірек ұқсайды. Бірдеңе толтырылған жәшіктер мен шланг және сым темір орамдарын бір-бірінің үстіне жинап қойған. Еденде электрлік ара жатыр. Қабырғаға айыр мен балта сүйеулі тұр. Аузы ашық чемоданнан әлдебір заттар көрінеді. Бөлменің бұл жақ бөлігі ыбырсып, шашылып жатыр.

Евгений Натаров ұлының кең әрі жылы бөлмелерде балалар төрт-төрттен тұратын «Софроний әкейдің паналау орнының» қадірін білмей қашып кеткеніне ашулы. Оның бұл сөздеріне баласы «жаныңда жүргенім жақсы» деген уәж айтады.

Әкесі ұлына үнемі ұрсумен болды. Бірақ әңгіме соңына қарай сәл жібіген қария жымиып, «ұлымды еңбекке баулимын, бәрі жақсы болады» деді.

Іле аудандық білім беру бөлімі шіркеу жанындағы паналау мекемесін сотқа бергелі ондағы бүкіл баланың тағдырына қатысты күмәнді сұрақтар туды.

Іле аудандық білім беру бөлімі мамандарының айтуынша, 132 бала жекеменшік паналау мекемесінде мемлекетпен келіспей тұрып жатыр, олар тиесілі жәрдемақы алмайды. Аудандық білім беру бөлімі балаларды Іле ауданы Түймебаев атындағы кенттегі Сергий Радонежский ғибадатханасының паналау үйінен тартып алып, балалар үйлері мен туыстарына немесе қамқоршыларға таратып бергісі келеді.

Іле ауданы билігі мен Софронийдің арасындағы тартыстың созылғанына бірнеше жыл болды. Софроний мен оның жақтастары «билік паналау мекемесінің меншігіндегі дүние-мүлікті иемденгісі келеді» дейді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG