Accessibility links

Өмірден орнын тапқан жетім қыз


Виктория Кимнің отбасы. Қароағанды, 1 маусым 2013 жыл.

Виктория Кимнің отбасы. Қароағанды, 1 маусым 2013 жыл.

Қарағандылық Виктория Кимнің өмірі - тағдыр талқысына түскенімен, «өз күшімен адам болып шыққан» жетім баланың өмірі. Бойжеткен қиын тағдыры жайлы Азаттық тілшісіне айтып берді.

Виктория нәресте шағынан туған әжесінің бауырында өсіп, оны «мама» деп кеткен. Ал туған әке-шешесінің кім екенін де, екеуінің неге жоқ болып кеткенін де білмейді. Кішкентай қыздың «Әке-шешем кім, қайда?» деген сұрағына жауап беруден туыстары да жалтарған. Тек әкесінің ұлты грек, анасы молдаван қызы екенін біледі. 27 жастағы Викторияның қазір өз отбасы бар.

Вика Павлодар облысы Май ауданында дүниеге келген. Кейін әжесі екеуі Жосалы кентіне көшіп барып, ол жақтан Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ кентіне қоныс аударған. Біріншіден алтыншы сыныпқа дейін қазақ мектебінде оқыды. Молдаван және қазақ тілдерін жетік біледі. Басында орыс тілін нашар білгенімен, кейін оны да меңгеріп алған. Қазір қытай тілін де аздап біледі. Тағдырдың жазуымен Қытайда болып, ол жақта болашақ оралмандарға – Қазақстанға қоныс аударғысы келетін Шыңжан қазақтарына орыс тілін үйретіпті.

БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ

Әжесі қатты науқастанып қалып, Виканы туыстарының қолына берген. Бірақ олар қызды асырағысы келмей, Қарағанды қаласындағы балалар үйіне өткізіп жіберген. Әжесі мен басқа жақын туыстарына «Вика балалар лагерінде демалып жатыр» деп хабарлаған. Ауруханада жатырмын деп ойлап жүрген Вика балалар үйінде тұрып жатқанын кейін түсінген. Немересінің қайда екенін әжесінен жасырған.

Виктория Ким мемлекеттік қордан уақытша берілген пәтерінде қызымен отыр. Қарағанды, 18 қыркүйек 2013 жыл.

Виктория Ким мемлекеттік қордан уақытша берілген пәтерінде қызымен отыр. Қарағанды, 18 қыркүйек 2013 жыл.

– Балалар үйінде жүргенде туыстарымның ешқайсысы мені іздеген жоқ. Өзі науқас әжем қайтыс болған балаларын ойлап, құсадан ақыл-есі ауып, жүйке дертіне шалдықты. Ол мені «туыстардың үйінде тұрып жатыр» деп ойлаған. Әжем осыдан бес жыл бұрын қайтыс болды. Жылдар өте туыстарымды әкімдік арқылы өзім іздеп таптым. Хабарласа бастадық, бірақ ешқайсысы көмектескісі келмеді. Оның үстіне, бөлісер ештеңесі жоқ студент екенімді білген соң телефон соғуды қойды. Қазір туыстарымның ешқайсысымен араласпаймын, – дейді Вика Азаттық тілшісіне.

Вика балалар үйінде ән айтып, домбыра тартуды үйренеді, самбо секциясына барады. Басқа балалармен бірге балалар үйінің жанындағы саяжайда жеміс-көкөніс отырғызып, баптайды. Мектепті бітіріп, Қарағанды облысы Сарань қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжіне қазақ мектебінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Шағын комплектілі мектеп курсын да бітіріп алады. Оқуының алғашқы жылының ақшасын педагогтық ұжым тауып берген демеуші төлейді. Кейін оны грантқа ауыстырады.

Күн көру үшін жазғы каникул кезінде Қарағандыда пәтер жалдап, газетте жарнама менеджері, дүкенде еден жуушы, балалар үйінде аспаз болып үш жерде жұмыс істейді.

БОЛАШАҚ ОРАЛМАНДАРҒА ОРЫС ТІЛІН ҮЙРЕТУ

Қытайға барған кезде Виканың өмірі күрт өзгереді. Жазғы каникулда Қарағандыда жұмыс істеп жүрген Вика Қазақстанда бизнеспен айналысқан қытай әйелімен танысады. Виктория оның «шаруама көмектес, ақысын төлеймін» деген ұсынысына келіседі. Кейінірек әлгі қытай әйелі «жергілікті университетте тамыр-таныстарым бар, Қытайға жұмысқа жүр» дейді.

– Университетке грантқа түскелі тұрғаныма қарамастан, тәуекелге бел будым. Жоғары білім ала жатармын, ал Қытайда жұмыс істеудің мұндай мүмкіндігі туа бермес деп ойлап, Қытайға бардым, – дейді Вика.
Университетке грантқа түскелі тұрғаныма қарамастан, тәуекелге бел будым. Қытайда жұмыс істеудің мүмкіндігі туа бермес деп Қытайға кеттім.

Сонымен, әлгі қытай әйелі күтіп алатын болып келісіп, Виктория Шиан қаласына келеді. Бірақ Виканы ешкім күтіп алмайды. Бойжеткен абыржымай интернет-кафеге кіріп, Қытайда тұратын орыс тілді адамдарды интернет арқылы іздеп тауып алады. Бір әйел Викаға көмектесуге келісіп, оны біраз уақыт үйіне тұрғызады. Жаңа жердегі өмірге тез бейімделуге тура келеді.

– Университетке барып, кафедра меңгерушісімен таныстым. Оларға қытай студенттеріне орыс тілін үйрететін оқытушы керек болып жатыр екен. Виза алуға көмектесті. Басында біздің ақшаға шаққанда 20 мың теңгедей жалақы төлеп тұрды. Жалақым аз болғандықтан, жиһазсыз шағын бөлме жалдап тұруға тура келді. Кейін жалақымды үш есеге жуық өсірген соң жиһазбен жабдықталған пәтер жалдап тұра бастадым. Жалақым күнкөрісіме жетіп, жұмысым да ұнады, – дейді Вика.

Вика бір жарым жыл бойы Қытайдың ежелгі астанасы Сиань қаласында тұрады. Университетте қытай студенттеріне орыс тілін оқытады. Кейін Үрімші қаласына көшіп келеді. Ол жақта қазақ училищесіне оқытушы болып орналасып, Қазақстанға қоныс аударғысы келетін жергілікті қазақтарға орыс тілін үйретеді.

«ҚЫТАЙҒА КЕТКІМ КЕЛЕДІ»

Қазір Виктория мен күйеуі Сергейдің екі баласы бар. Ұлы Әлішер үш жаста, қызы Фелиция жақында бір жасқа толады. Жас келіншек кезінде өзінің қолы жетпеген дүниелер балаларымда болса деп армандайы. Балаларым шетелде білім алып, жұрт қатарлы адам болып өссе дейді. Сергеймен Қытайда жүргенде интернет арқылы танысқан. Екеуі үйленуді ұйғарып, Вика Қазақстанға оралған.

Қытайға үйреніп қалған Вика келешекте отбасымен сол жаққа көшсем деп ойлайды.

Қазір Виктория жұмыс істемейді, балаларымен бірге үйде отыр. Жеке меншік мекемеде автоэлектрик болып істейтін күйеуі «табысым бала-шағамды асырауға жетеді» дейді. Бірақ олардың жеке меншік баспанасы жоқ. Бұрын пәтер жалдап тұрған жас отбасы жақында Қарағанды қаласы әкімдігі жалдау шарты негізінде бөлген шағын пәтерге көшіп келіпті. Виктория жеке меншік баспанамыз болу үшін бізге мына бір бөлмелі пәтерді жекешелендіруге рұқсат берер деп үміттенеді. Ол жетім ретінде әлеуметтік баспана кезегінде 10 жыл тұрады.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG