Accessibility links

«Педофилдер» картасын жариялауды құптайтындар мен қарсылар


Қазақстан прокуратурасы сайтындағы "Кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық зорлық әрекеттерін жасаған тұлғалардың картасын" қарап отырған адам.

Қазақстан прокуратурасы сайтындағы "Кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық зорлық әрекеттерін жасаған тұлғалардың картасын" қарап отырған адам.

«Педофилдер» электрондық картасын жариялауға қатысты қазақстандық сарапшылар пікірі екі жарылды. Жуырда прокуратура кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасап, сотталған ондаған адамның деректерін интернетте жариялады.

Қазақстан бас прокуратурасы «педофилдер» картасын жариялағаннан бірер күн өткенде жанжал шықты.

Мамырдың 25-і күні «31 канал» (Отыз бірінші телеарна) көрсеткен видеосюжет кейіпкері - алматылық Кенжебек Исламов «педофилдер» дерекқорына өзін прокуратура «жаңылысып» енгізген деп мәлімдеді.

Исламов 25 жыл бұрын істі болғанын мойындайды, бірақ «педофилия» айыбымен сотталмағанын айтады. Ол сотқа жүгінетінін мәлімдеп, бас прокуратураның кешірім сұрауын талап етеді.

Телеарнаның хабарлауынша, бас прокуратура Исламов «Топтасып адам зорлау» бабымен сотқа тартылған деп мәлімдеген. Жапа шегуші кәмелетке толмаған бала болған, сондықтан Исламов «педофилдер» картасына енгізілген.

«ПЕДОФИЛДЕН ҚОРҒАЙ АЛА МА»?

Өткен аптада бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті өз сайтында жыныстық зорлық-зомбылық проблемасының кейінгі жылдары ушығып, оның ішінде балаларға қатысты қылмыстардың жиілеп кетуіне байланысты «балаларды педофилдерден қорғауға көмектесетін» «электрондық карта» жариялағанын хабарлады.

Құқық қорғау органдары назарына іліккен педофилдердің қайда жүргенін бақылауда ұстау жаңа қылмыстардың алдын алуға көмектесе алады.

Комитет таратқан баспасөз хабарламасында «Құқық қорғау органдары назарына іліккен педофилдердің қайда жүргенін бақылауда ұстау жаңа қылмыстардың алдын алуға көмектесе алады. Бұл үшін биылдан бастап кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасаған тұлғалар есепке алынып, олар жайлы деректер жарияланады» деп жазылған.

Картадан кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасады деп айыпталып, жауапқа тартылған адамдардың фотосуретін, аты-жөнін табуға болады. Тізімге іліккен тұлғалардың туған күні, тұрғылықты мекенжайы мен қай жылы сотталғаны жайлы деректер бар. Бас прокуратура бұл ақпарат балаларды қатерден қорғауға көмектеседі деп санайды. Прокуратураға қарасты комитеттің мәлімдеуінше, мұндай карталар кей шет елдерде де бар.

Адвокат Айман Омарованың айтуынша, «педофилдер» картасын жариялау тәжірибесі кей елдерде шынымен бар, бірақ оны әлдебір мемлекеттік органның шешімімен емес, арнайы қабылданған заң негізінде жариялайды. Оның айтуынша, үлкен қоғамдық пікір тудырған мұндай заң кезінде АҚШ-та «Меган заңы» деген атаумен қабылданған.

Адвокат Айман Омарова.

Адвокат Айман Омарова.

1994 жылы шілденің 29-ы күні Нью-Джерси штаты Хэмильтон қаласында жеті жасар Меган Канканы көршісі зорлап, өлтірген болатын. Меганның әке-шешесі «егер көршіміздің кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасап, сотталғанын ертерек білсек, қазір қызымыз тірі болар еді» деп мәлімдеген. Кішкентай қызды өлтіру оқиғасынан кейін АҚШ-та қоғам педофилия проблемасына жіті назар аударып, ақыры 1996 жылы мамырда Меган заңы (ағылшынша Megan's Law) қабылданған. Әлгі заңға сәйкес, жыныстық сипаттағы қылмыс жасап, сотталғандардың қайда жүргені туралы ақпарат ашық жарияланады.

«ПЕДОФИЛ» МЕ, ӘЛДЕ«ЗОРЛЫҚШЫ» МА?

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы төрайымы Зүлфия Байсақованың Азаттыққа айтуынша, «педофил» ұғымы - заң саласы емес, медицина саласына қатысты термин. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықты педофилияға теңестіруге болмайды.

- Жыныстық зорлық-зомбылық жасаған [кәмелетке толмаған балаға қатысты] адам мен педофил екеуінің арасында үлкен айырмашылық бар. Бірақ бізде әлгі картаға кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағандардың бәрі енген, - дейді Зүлфия Байсақова.

Байсақованың айтуынша, әлгі тізімге кезінде жасаған қылмысын мойындап, ұзақ жылдар түрмеде отырған, ал қазір жұрт қатарлы үйлі-баранды болып, жұмыс істеп жүрген адамдар да ілігіп кетуі мүмкін.

Зүлфия Байсақованың айтуынша, кез келген зорлықшыны педофил деп, ал кез келген педофилді зорлықшы деп санауға болмайды. Құқық қорғаушының пікірінше, өмірінде жыныстық сипаттағы қылмыс жасамай өтетін педофилдер де бар.

Кәмелетке толмаған балаға қатысты бір рет жыныстық зорлық-зомбылық жасаған адамның педофил болуы шарт емес деген пікірді Азаттыққа алматылық психотерапевт Сергей Скляр да айтады.

- Бұл - сот психиатриясы мен қолданыстағы заңдар түйіскен жерде қаралатын ұғым. Педофилия деп әдетте жыныстық құштарлығын мүмкіндік болса балалармен қанағаттандыруды айтады. Сондықтан балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерінің бәрін педофилия дей беруге болмайды, - дейді Сергей Скляр.

«ПЕДОФИЛДЕР» КАРТАСЫНА ҚАРСЫЛАР МЕН ҚОЛДАУШЫЛАР

«Педофилдер» картасын ашық жариялауды құптайтын адвокат Айман Омарова «тым болмаса бір баланың өмірін құтқарып қалатын болса, мұндай ақпаратты жариялау өз-өзін ақтайды» деп санайды. Бірақ ол «педофилдер» көршілерінің агрессиялық әрекеттеріне ұшырауы мүмкін деп қауіптенеді.

Кей сарапшылар «педофилдер» картасын жариялауға қарсы немесе оның пайдасы болатынына күмәнданады. Зүлфия Байсақова мұндай ашық жариялауға қарсы, өйткені билік жергілікті менталитетті ескермеген деп санайды.

Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис «педофилдер» картасын жариялау кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттердің қайталануына жол бермеуге көмектесуі мүмкін деген уәжбен келіседі.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Бірақ Жовтистің айтуынша, Батыс елдері мұндай тізімдерді жариялау арқылы балаларды қорғауға да, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмысы үшін жазасын өтеп келгендердің құқықтарын бұзбауға да тырысады, ал Қазақстанда жергілікті менталитетті ескерсек, мұндай тізімдер кей адамдарды «педофил» көршісіне қарсы агрессиялық әрекеттерге итермелеуі мүмкін.

- Бір жағынан қазір ондай жандарға химиялық кастрация (ер адамды еркектік қабілетінен айыру – ред.) жасап жатыр , ал екінші жағынан мұндай тізімдерді жариялау қоғамды, құдай сақтасын, өз бетімен зорлық-зомбылық әрекеттерге арандатуы мүмкін, - дейді Жовтис.

Билікшіл Қазақстан коммунистік халықтық партиясының бейресми жетекшісі, парламент депутаты Владислав Косарев «мұнымен білдірмей күресу керек» деген уәжбен «педофилдер» картасын жариялауға қарсы екенін айтады.

Жарияламау керек.Ондай ұятсыздықты жұртқа жаюдың қажеті не? Үйреншікті дүниеге айналып, пайдасынан зияны көп болуы мүмкін.

- Жарияламау керек.Ондай ұятсыздықты жұртқа жаюдың қажеті не? Үйреншікті дүниеге айналып, пайдасынан зияны көп болуы мүмкін, - дейді Косарев.

Қазір «кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен тұлғалар картасында» 100-ден аса адам бар. Картаны әзірлегендер оның қанша уақытта бір жаңартылып немесе түзету енгізіліп тұратынын нақтыламаған. Осы мақала жарияланар сәтте картаны қарап шыққан Азаттық тілшісі жергілікті телеарна арқылы прокуратураның кешірім сұрауын талап еткен Кенжебек Исмаилов жайлы деректерді таба алмады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG