Accessibility links

Сарапшылар ауыс-түйісті әрқилы бағалайды


Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл
Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл
Бірқатар сарапшылар, саясаткерлер мен депутаттар бұрынғы және қазіргі президент әкімшілігі басшысы мен жаңа премьерге қатысты пікір білдірді.

Қыркүйектің 24-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Серік Ахметовті премьер-министр қызметіне ұсынып, парламент бұл кандидатураны бекітті. Ал бұрынғы үкімет басшысы Кәрім Мәсімов президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды. Өткен аптада әкімшіліктің бұрынғы жетекшісі Аслан Мусин республикалық есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалған еді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен жергілікті сарапшылар мен саясаткерлер бұл өзгерістерге қарама-қайшы баға береді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы «Кәрім Мәсімов үкіметті бес жыл басқарғанымен көп іс тындыра алмады» дейді.
Саясаттанушы Расул Жұмалы
Саясаттанушы Расул Жұмалы

- Бағалардың шарықтауы, кедендегі жағдай, діни оқиғалар мен көтерілістер Мәсімов үкіметінің жұмысын көрсетеді. Оның тұсында бес-алты мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуды мақсат етіп, оны да орындай алмады. Бұл ауысымнан қандай да бір қыруар іс күтпеймін. Себебі сол кабинеттің қызметкері үкімет басшылығына сайланды, - деді Жұмалы.

Сарапшы Андрей Чеботарев премьер-министрдің ауысуына «Мәсімовтің көп ескертулерден нәтиже шығара алмауы» себеп болды деп санайды.

- Кәрім Мәсімовтың үкіметіне президенттің тарапынан көп сын айтылды. Мәсімовтың командасы талай ескертуден нәтиже шығара алмады, - деді Чеботарев.

«МУСИН ҚОСАЛҚЫ ҚҰРАМҒА КЕТТІ»

Аслан Мусинге қатысты журналист Сергей Дуванов:

- Бұл саясаткердің жұлдызды шағы келмеске кетті деп айта алмаймын. Жұлдызды шағы кетсе, президент басқадай шешім шығарар еді. Мусин команданың қосалқы құрамына кетті және сол жерде бірнеше жыл отыра тұрады. Кейін қайта негізгі құрамға енуі мүмкін, - деген ойда.

Ал депутат Владислав Косарев:

- Әр адамның өз шамасы бар. Мусин өз міндетін толық атқарды. Шамасының жеткен жері – осы. Президент әкімшілігін басқарудан кеткенімен оны алдағы уақытта да маңызды жұмыстар күтіп тұр. Енді бүкіл елдің бюджеті соның бақылауында, - дейді.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев
Саясаттанушы Андрей Чеботарев

Андрей Чеботаревтың айтуынша, «президент биліктегі ішкі күштердің тепе-теңдігі бұзылғанын аңғарған бетте» ауыс-түйіс жасады.

- Президент әкімшілігінің бұрыңғы жетекшісі Аслан Мусин мен Кәрім Мәсімовтің үкіметтегі позициялары күшейе бастады. Мәсімов бұрын Тимур Құлыбаевтың командасының өкілі деп саналды. Кейін үкімет басына келген соң жеке ықпал ету тобын құра алатын күшке ие болды. Назарбаев өз командасындағы баланстың ауытқи бастағанын сезген бетте қызметін ауыстырды, - дейді Чеботарев.

«ҚАЗАҚСТАНДА ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ЕШТЕҢЕ ШЕШПЕЙДІ»

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілев «Қазақстанда премьер-министр ештеңе шешпейді» дейді.

- Мәсімовтың биліктегі кезі Қазақстан үшін зая кеткен жылдармен тең. Ел экономикасы еш өзгерген жоқ. Мұнай бағасы арзандамады. Бірақ бұл «Мәсімовтың қолынан түк те келмейді» деген пікірді білдірмейді. Ол – жақсы менеджер. Алайда бұл қызметте президенттің айтқандарын орындаушы ғана болды. Қазақстанда премьер-министр – президенттің айтқанымен жүретін адам. Жалпы, кім келсе де, елде өзгеріс болмайды. Өзгеріс болу үшін президент кетуі керек, - деген пікірде оппозиция өкілі.
Саясаткер Болат Әбілев
Саясаткер Болат Әбілев

Ал мәжіліс депутаты Рамазан Сарпеков «Мәсімов елді экономикалық дағдарыстан құтқарғандардың бірі» деп санайды.

- Өткен дағдарыс кезінде Мәсімов экономиканы сақтап қалды. Ол туралы президент өз сөзінде талай рет айтты. Парламенттің Мәсімовтың жұмысына көңілі толады, - деді депутат.

Парламент өкілі, депутат Төлеген Мұхамеджанов «бұл дер кезінде жасалған ауыс-түйіс» деген пікірде.

- Бұл уақытында болған өзгеріс. Не ерте емес, не кеш емес. Әрине, қоғамда түрлі пікірлер болды. «Мәсімов үкіметті ұзақ басқарып кетті» деген сынды. Дегенмен, барлығы өз уақытымен, өз орнымен ауысты, - дейді ол.

«НЕ ҮШІН?» ДЕГЕН САУАЛ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛАДЫ?»

Расул Жұмалы Қазақстанда үкіметтік тағайындаулар жұмбаққа толы деген пікірде.

- Қазақстанда «премьер-министр не үшін қызметтен кетті, жаңа басшы қандай жетістіктері үшін тағайындалды?» деген сауалдар жауапсыз қалады. Халық өздерінше болжам жасайды. Мысалы, Мәсімов қызметінен не себепті ауысқанын нақты ешкім білмейді. Тек топшылаулар ғана жасай аламыз. Сол сияқты Серік Ахметовтің үкімет басына келуіне қандай жетістіктері себеп болғанын білмеймін, - дейді саясаттанушы.

Ал Андрей Чеботарев «Ахметовтің уақыты өзінің бұрынғы басшысының қателіктерін түзеумен кетеді» дейді.
Журналист Сергей Дуванов
Журналист Сергей Дуванов

- Ахметовтің үкімет басына келуіне таң қалудың қажеті жоқ. Ол осы қызметке келмес бұрын президенттің көзіне жақсы қырымен көрінді. Енді ол Мәсімов бес жыл бойы жіберген қателіктерді жөндеумен болады, - деп санайды ол.
Ал журналист Сергей Дувановтың айтуынша, «жаңа премьер-министр Серік Ахметов – президент Назарбаевтың пешкаларының бірі».

- Серік Ахметов – сынақтан өткен, Назарбаевтың командасындағы адам. Жаңа тағайындау елге ешқандай өзгеріс әпермейді. Халық жаңа басшыдан тың істер күткенімен, үкімет бұрынғы жұмысын жалғастыра береді. Үкіметте жұмыс жасайтын шенеуніктердің қоғамды өзгертуге күші жетсе де, президенттің қабағына қарайды. Барлығының қолында билік болса да, саяси ойынның мүшелері. Сондықтан, бұл ауыс-түйістен зор нәтиже күтпеймін, - дейді журналист.

Депутат Рамазан Сарпеков:

- Серік Ахметов Мәсімов жасаған жұмысты жалғастырып алып кете алады. Сондықтан мәжіліс депутаттары Ахметовтің кандидатурасын бірауыздан қолдадық. Жаңа премьер-министр жаңа қызметті еш қиындықсыз дөңгелетіп әкетеді деп сенемін, - дейді.
XS
SM
MD
LG