Accessibility links

«Одноклассники» желісі қазақшалана бастады


«Одноклассники» әлеуметтік желісінің қазақша нұсқасын таныстыру шарасына келген тілші жаңа өнімді көріп отыр. Алматы, 19 ақпан 2013 жыл.

«Одноклассники» әлеуметтік желісінің қазақша нұсқасын таныстыру шарасына келген тілші жаңа өнімді көріп отыр. Алматы, 19 ақпан 2013 жыл.

Ақпанның 19-ы күні Алматыда ресейлік «Одноклассники» әлеуметтік желісінің қазақшаланған мобильді нұсқасы таныстырылды.

Mail.Ru Group компаниясының өкілі Мария Лопук әлеуметтік желінің негізгі нұсқасы үш-төрт ай ішінде дайын болатынын хабарлады.

Оның айтуынша, желіні локализациялаумен ірі лингвистикалық халықаралық бюро айналысқан. Бюроның атын сұрағанымызда кейінірек хатпен жауап беретінін айтты.

"Одноклассники" әлеуметтік желісінің пиар-менеджері Мария Лопук. Алматы, 19 ақпан, 2013 жыл

"Одноклассники" әлеуметтік желісінің пиар-менеджері Мария Лопук. Алматы, 19 ақпан, 2013 жыл

- Қолдау қызметіне келсек, өкінішке қарай, біз адамдардың нақты аты-жөнін айта алмаймыз. Қолдау қызметіне кірген топ Латвияда орналасқан. Ригада қазақша сөйлейтін адамды табу қалай екенін елестете аласыздар ма? Бірақ біз ондай адамдарды таптық, - деді ол.

Оның айтуынша, әлеуметтік желі тек аударылып қана қоймай, онда жергілікті аудиторияның сұранысына сай жаңалықтар, жарнамалар, қажетті ақпараттар беріліп отырады.

Мария Лопуктың айтуынша, 2012 жылы әлеуметтік желі украин, өзбек, қырғыз, грузин, армян, т.б тілдерге аударылған. «Әлеуметтік желіні қолданушылардың ана тіліне аудару арқылы әрбір адамның оны өзінің әлеуметтік желісі ретінде санағанын қалаймыз» деді өкіл.

- Барлық аудармалар дұрыс деп ойлаймыз. Себебі біз қайта-қайта тексеріп көрдік. Бірақ стилистикалық ерекшеліктер болуы мүмкін шығар. Егер қандай да бір пікірлеріңіз болса, қуана тыңдаймыз, - деді ол.

Компания дерегінше, "Одноклассники" әлеуметтік желісі қолданушылар саны жағынан Қазақстанда үшінші орында.

Mail.Ru Group-тың статистикасы бойынша, Қазақстанда алғашқы орынды "Мой мир" (1,5 миллион қолданушы) иеленсе, екінші орында - "Вконтакте" (бір миллионнан астам адам) желісі, үшінші орында - "Одноклассники" (800 мың қолданушы), төртінші орында - Facebook (айына 694 мың қолданушы енеді).

ТҰТЫНУШЫЛАР ПІКІРІ

Қолданушылар сол мезетте-ақ желіге кіріп, аударма сапасын тексеріп жатты. Surak-zhauap.kz сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай:

«Одноклассники» әлеуметтік желісінің қазақша нұсқасының таныстырылымына келгендер. Алматы, 19 ақпан 2013 жыл.

«Одноклассники» әлеуметтік желісінің қазақша нұсқасының таныстырылымына келгендер. Алматы, 19 ақпан 2013 жыл.

​- Негізі әлеуметтік желінің қазақшаланғаны - құптарлық іс. Бірақ қазір тіркелу бетін көріп отырмын. Толық аударылмаған. "Өзіңіз туралы айтыңыз" дегеннің орнына "расскажи о себе" деп тұр. Бірінші, екінші қадам дегеннің орнына "первый", "второй шаг" деп тұр. Кейбір сөздер дұрыс аударылғанмен, орындары дұрыс қойылмаған. Мысалы, "қайту басты бетке" дейді. Негізі "басты бетке қайту" болуы тиіс. Техникалық тұрғыда дұрыс істелінбеген, - деді.

"Qazaq Media" агенттігінің жетекшісі Жалғас Ертай "Одноклассники" әлеуметтік желісінің Қазақстанда бұрыннан қалыптасып қалған аудиториясы бар екенін айтады.

- Қателеспесем, "Одноклассники" осыдан 12-15 жыл бұрын пайда болған. Ол бұрыннан қалыптасып қалған аудиториясымен өмір сүріп жатыр. Қазақ тілін енгізгеніне бола қазақ тілді қолданушылар бұл желіге жаппай бара бастайды деп ойламаймын. Себебі қазақ тілі жоқ болса да, қазақ қолданушылардың барлығы дерлік қазақ тілінің ерекшеліктерін менсінбейтін mail.ru сияқты сервистерді пайдаланып жүр ғой, - дейді ол.

Қазақстанда Mail.Ru Group компаниясының өнімі "Мой мир" желісінің қолданушылары қазақ әріптерін жазуда қиындық көретінін айтып, жиі шағымданады. "Мой мир" желісі қашан аударылады?" деп сұрағанымызда қоғамман байланыс бөлімінің маманы Мария Лопук "оған жауапты емес екенін, сондықтан жауап бере алмайтынын" айтты.

Қазір Facebook әлеуметтік желісі де еріктілердің күшімен қазақ тіліне аударылып жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG