Accessibility links

Винокуров: Олимпиададан кейін бапкер боламын


Александр Винокуровтың мәре сызығына жеткен сәті. Лондон, 28 шілде 2012.

Александр Винокуровтың мәре сызығына жеткен сәті. Лондон, 28 шілде 2012.

Олимпиаданың алғашқы күні алтын алған Александр Винокуров баспасөз мәслихатын өткізді. Чемпион енді спорттан кететінін, бапкерлік немесе менеджерлікпен айналысатынын мәлімдеді.

Винокуровтың баспасөз мәслихаты шілденің 28-інде Лондондағы "қазақ ауылында" өтті. Ол өзінің болашақ жоспары туралы айтты.

«СПОРТТАН ӘДЕМІ КЕТЕМІН ДЕП ОЙЛАМАДЫМ»

Винокуров бұл жеңісін Қазақстанға арнайтынын мәлімдеді.

- “Тур де Франс» жарысында кезең ұтып, жеңіске жете алмадым. Бірақ олимпиадаға ерекше дайындалып, бір-екі күн тынығып, медициналық тексерістен өттім. Бұл жеңісімді Қазақстанға арнаймын. Және бұл - менің жеке жеңісім емес, бүкіл бапкерлерімнің, жанкүйерлерімнің жеңісі, - деді чемпион.

Ал журналистердің «Жеңісіңізден кейін спорттық карьераңызды жалғастырмайсыз ба?» деген сауалына Вино: «Мен олимпиададан кейін спорттан кетемін. Бірақ спорттан дәл осылай әдемі кетемін деп ойламадым. Алдағы уақытта бапкерлікпен немесе менеджерлікпен айналысармын» деп жауап берді.
Александр Винокуров марапаттау кезінде. Лондон, 28 шілде 2012.

Александр Винокуров марапаттау кезінде. Лондон, 28 шілде 2012.


Азаттық оқырмандарын Лондон олимпиадасының өту барысынан хабардар етіп тұрған ардагер спорт журналисі Несіп Жүнісбаев: “Винокуров таулы жолдарда мықты болмаса да, бүгін ол мінез танытты» дейді.

- Бұрын соңды Қазақстан олимпиада ойындарының алғашқы күні алтын алмаған. Винокуров мәреге жеті шақырым қалған кезде алға суырылып шықты да колумбиялық велоспортшы Уранның жалт етіп артқа қараған сәтін жақсы пайдаланып кетті,- деді Несіп Жүнісбаев.

Александр Винокуровты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жеңісімен кұттықтады.

МЕРГЕНДЕР МҮЛТ КЕТІП, ДЗЮДОШЫЛАР ЖЕҢІЛІП ҚАЛДЫ

28 шілде күні Қазақстанның бірнеше спортшысы жарысқа қатысып, жүлде ала алмады.

Нысана көздеуден Ольга Довгун он метрден винтовкамен ату бағдарламасы бойынша 22-ші орын алса, Вячеслав Подлесный 40-шы орыннан аса алмады.

Дзюдодан Еркебұлан Қосаев (60 кг) алғашқы қарсыласы Серхио Пессоаны (Канада) ұтқанымен, екінші айналымда армениялық Давтян Оганестен жеңіліп қалды. Александра Подрядова (48 кг) бірінші кездесуінде моңғолиялық Уранцецег Мунхбаттан жеңілді.

Ярослава Шведова италиялық Сара Ерраниді жеңген сәтінде. Лондон, 30 маусым 2012.

Ярослава Шведова италиялық Сара Ерраниді жеңген сәтінде. Лондон, 30 маусым 2012.

Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Светлана Германович финалға шыға алмады. Енді олар «жан жұбатар кезеңге» қатысып, үздік ондыққа енуге тырысып көреді.

Теннистен Михаил Кукушкин алғашқы айналымда франциялық Жиль Симоннан жеңіліп (4:6, 2:6), жарысты аяқтады.

Есесіне, жұптық бәсекеге қатысып жатқан Ярослава Шведова мен Галина Воскобоева бірінші айналымда канадалық Стефания Дюбуа/Александра Вознякты екі сетте (6:2, 6:0) ұтып, екінші айналымға шықты.

Бокстан Қанат Әбутәліпов (56 кг) сириялық Вессам Сламананы жеңіп, екінші раундқа өтті. Әбутәліповтың ендігі қарсыласы – Джон Джое Невин (Ирландия).

75 килограмм салмақ дәрежесінде Данабек Сужанов бірінші айналымда үндістандық Вижендер Сингхтен ұтылып қалды - 10:14.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG