Accessibility links

Ахан Отыншы: Лондондағы қазақтар ғана емес, "Болашақтың" студенттері де қазақшадан мақұрым


Ахан Отыншы Ұлыбританиядағы «Қазақ» қоғамының жетекшісі, Еуропадағы Қазақ қоғамдары федерациясы төрағасының орынбасары

Ахан Отыншы Ұлыбританиядағы «Қазақ» қоғамының жетекшісі, Еуропадағы Қазақ қоғамдары федерациясы төрағасының орынбасары

Еуропадағы қазақтар туралы сөз болса, әңгіме олардың ана тілін ұмытып бара жатқандығына тіреле береді. Ұлыбританияның Кардиф қаласының тұрғыны Ахан Отыншы да бүгінгі ұрпақтың ана тілінен ажырап бара жатқандығына алаңдайтындығын айтады.

Ахан Отыншы Ұлыбританияның Кардиф қаласындағы Гламорган университетінің ғылыми қызметкері және оқытушысы. Жоғары білімді Түркияда алған. Мамандығы – электрондық инженер. Қазір аталған университетте медициналық электрондық құрылғылар жасаумен айналысады.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Түркияда мамандарды әлемнің ірі-ірі оқу орындарында дайындау мақсатында Қазақстандағы «Болашақ» бағдарламасы секілді жаңа бағдарлама қабылданады. Осы бағдарлама аясында 1991 жылы Түркияда сынақтан өткен Ахан Отыншы Ұлыбританияның Манчестер қаласына келіп, магистратурада оқиды. Магистратураны тәмамдағаннан кейін, Кардиф қаласына қоныс аударып, ондағы Гламорган университетінде 3-4 жыл докторантурада оқып, зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Докторантураны тәмамдағаннан кейін, сол қалада бір электрондық фирмада инженер қызметін атқарады. Сосын университетке қайта оралып, зерттеу жұмыстарын жүргізе бастайды. Қазір осы университетте мұғалім.

Сондай-ақ, Ахан Отыншы 2005 жылдан Лондондағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы, Еуропадағы Қазақ қоғамдары федерациясы төрағасының орынбасары. Бұл федерацияға Еуропадағы 10 қазақ мәдени орталығы енетіндігін бұған дейінгі мақалаларымызда сөз еткен едік. Лондондағы Қазақ мәдени орталығы соның біреуі.

Ахан Кардиф қаласының Лондоннан 200 шақырым қашықтықта орналасқандығын айта отырып, қоғам жұмысы бойынша Лондонға жиі қатынап тұратындығын сөз етті:
- 2005 жылы Лондонда Ұлыбританияның қазақ қоғамын құрдық. Ресми түрде қорлар комиссиясына тіркеліп, қазір жұмыс істеп жатырмыз. Лондонда тұрмасам да, барып-келіп тұрамын.

Аханның айтуына қарағанда, Лондонға қазақ отбасылары өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында Түркиядан қоныс аударған екен. Бұл жылдары Түркиядағы экономикалық дағдарыс ондағы қазақтың кейбір отбасыларының өзге елдерден нәпақа іздеуіне түрткі болыпты.
- Лондонда қазір 35-40 қазақ отбасы, яғни 300-400-дей адам бар. Олар мұнда Түркияның экономикалық жағдайы нашарлағанда қоныс аударып, Лондоннан қара жұмыс іздеп келгендіктен, бастапқы кезде балаларын дұрыс оқу орындарында оқыта алмады. Соңғы екі-үш жылда университет бітірген 6-7 қазақ баласы бар. Көбі – ресторанда, асханада даяшы қызметін атқарады. Түркия тоқыма өнеріне көбірек бейімделгендіктен, сонда қызмет атқаратындары да бар.

Еуропаның өзге өңіріндегі секілді, Ұлыбританиядағы қазақтар да ана тілінен ажырап барады екен. Ахан ең басты алаңдайтынымыз сол дейді:
- Лондонға келген қазақтардың балалары ағылшынша сөйлесе бастады. Сол бізді алаңдатады. Олардың ата-аналары өзара түрікше қарым-қатынас жасайды. Ал, балаларымен ағылшынша сөйлеседі. Ұлыбританияның Төтенше және өкілетті елшісі болған Ерлан Ыдырысов бұндағы қазақтарға көп көмек көрсетті. Моральдық тұрғыдан демей білді. Ол кісінің жұбайы бізге қазақ тілінде дәрістер беріп, қазақ тілінің курсын бір жыл бойына жүргізген еді. Бірақ олардың Вашингтонға ауысуына орай, қазақ тіліндегі курстар тоқтап тұр, - деген ол өзінің кирилше жазылған қазақ тіліндегі мәтіндерді оқи алатындығын, бірақ жаза алмайтындығын жеткізді. Ахан Отыншы көбінде «Егемен Қазақстан», «Түркістан» және «Айқын» газеттерінің сайтын қарап тұрады екен.

- Жазылғандардың 50-60%-ын түсінемін. Соның өзін қанағат тұтамын, - дейді ол.

Сондай-ақ, Ахан Отыншы Еуропадағы қазақ балаларын былай қойғанда, Қазақстаннан «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға келген жастардың көбі ана тілінен мақұрым екендігін айтады:

- «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан балаларды түрлі шараларға шақырамыз. Бірақ, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға келгендердің көбі қазақша білмейді. Амал жоқ, олармен ағылшынша түсінісуге тура келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG