Accessibility links

Боксшы Лондон олимпиадасына дайындалып жүр


Боксшы Ілияс Сүлейменов. Алматы, 6 мамыр 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Боксшы Ілияс Сүлейменов. Алматы, 6 мамыр 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Астаналық Ілияс Сүлейменов – Лондон олимпиадасына баратын боксшылардың бірі. 52 килограмм салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шығатын спортшыдан бапкерлері көп үміт күтіп отыр. «Сүлейменов кем дегенде қола жүлде алуы тиіс» дейді құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.


Мырзағали Айтжановтың айтуынша, олимпиадаға жолдама алған қазақстандық тоғыз боксшының да жүлдеден үміті бар. Солардың бірі Ілияс Сүлейменов Лондонға лицензияны мамыр айында Астанада өткен олимпиадалық іріктеу жарысында алған.

КҮНІНЕ ОН САҒАТ ДАЙЫНДЫҚ

Қазір Ілияс Сүлейменов Алматы маңындағы Ақбұлақ ауылындағы олимпиадалық дайындық базасында жаттығып жүр. Таң ата бірнеше шақырым жүгіріп, одан кейін жаттығу залына келеді.

– Күніне он сағаттай залдың ішінде жүрем. Жаттығудың түрі көп. Әрқайсысын тиянақты жасамасаң, нәтиже шықпайды. Жолдама алғаныма да көп болған жоқ. Астанадағы іріктеу жарысына дайындалдым. Бапкерлер үміт артқан соң, ақтайын деп жанталасып, дегеніме жеттім. Енді алаңсыз олимпиадаға дайындалып жатырмын, – дейді Ілияс Сүлейменов.

Боксшы таңертең және кешкілік жаттығуларын қалт жібермейді. Ол тек жексенбі күні ғана тынығады екен.
Бапкер Нұрғали Сафиуллин (сол жақта) пен боксшы Ілияс Сүлейменов. Алматы, 6 мамыр 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Бапкер Нұрғали Сафиуллин (сол жақта) пен боксшы Ілияс Сүлейменов. Алматы, 6 мамыр 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).


– Жаттығу жасаудың да өз реті бар. Бапкерлерімнің нұсқауы бойынша жексенбі – толық демалыс. Бұл күні музыка тыңдап, интернеттен жаңалықтар оқығанды ұнатамын, – дейді ол.

Ілияс Сүлейменов жаттығудан бөлек олимпиадаға жолдама алған боксшыларды да іштей зерттеп жүр.

– Қарсыластарымның қарымы қатты. Менің салмағымда ресейлік Миша Алоян (2011 жылы Бакуде өткен әлем біріншілігінің чемпионы), ұлыбританиялық Эндрю Селби (2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері), америкалық Рауши Уоррен (2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионатының жеңімпазы) – басты фавориттер. Бұған қоса өзбек Жасурбек Латиповты, кубалық Робесу Рамиресті де естен шығармау керек. 52 килограмм салмақта олимпиадаға қатысатын 25 боксшының барлығы да жүлде алу үшін келеді. Сондықтан ешкім аянып қалмасы анық, – дейді қазақ боксшысы.

«СҮЛЕЙМЕНОВ – ШАПШАҢ ӘРІ ТЕХНИКАСЫ ЖАҚСЫ БОКСШЫ»

Қазір Ілиястың жаттығуын құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен құраманың аға бапкер Нұрғали Сафиуллин қадағалап жүр. Екі жаттықтырушы да жас боксшының дайындығына оң баға беріп отыр.

– Ілиястың техникасы мен шапшаңдығы жақсы. Шаршы алаңда жылдам соққыларымен жеңіліп тұрып, есепті өз пайдасына шешу қасиеті қатты ұнайды.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Алматы, 6 мамыр 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Алматы, 6 мамыр 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Жас та болса олимпиада жолдамасын иеленіп, әлемдік ірі жарысқа аттанғалы отыр. Біз бұл боксшыдан кем дегенде қола жүлде күтеміз, – дейді Нұрғали Сафиуллин.

Ал Мырзағали Айтжановтың айтуынша, «жүлде алу үшін көп факторлардың әсері бар»:

– Бірінші кезекте, боксшы жарақаттан , ауру сырқаудан аман болу керек – денсаулығы сыр берсе, жүлде алу қиын. Екіншіден, жеребе дұрыс түссе дейміз. Үшінші кезекте – психологиялық және техникалық дайындық. Қазір біз барлық боксшыларымызды техникадан бөлек, психологиялық тұрғыдан да дайындап жатырмыз, – дейді Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

«БАПКЕРЛЕРІМ ҚОЛА АЛ ДЕДІ – МЕН КҮМІС АЛДЫМ»

Ілияс Сүлейменов 2011 жылы Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия чемпионатының финалына шығып, күміс жүлдеге ие болған еді.

– Былтыр құрлық біріншілігіне алғаш рет қатыстым. Бірақ бапкерлерім маған «қола жүлде алуың керек» деп тапсырма берген. Тапсырманы асыра орындап, күміс
Боксшы Ілияс Сүлейменов жаттығу кезінде. Алматы, 6 мамыр 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Боксшы Ілияс Сүлейменов жаттығу кезінде. Алматы, 6 мамыр 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
жүлде иелендім. Содан кейін ұлттық құраманың негізгі жаттығуларына қатыса бастадым. Ал биыл ақпанда олимпиадалық іріктеу жарысына дайындалуға нұсқау берді, – дейді боксшы.

Ілияс Сүлейменов Кореядағы Азия біріншілігінің финалында қытайлық Чанг Янгтан жеңіліп қалған. Ал Астанада өткен олимпиадалық іріктеу турнирінде есе қайтарып, осы Қытай боксшысын жеңді.

– Азия чемпионатынан кейін олимпиадаға бармақпын. Жалпы, әлем чемпионатына қатысып көрмеппін. Бұйырса, 2013 жылы Астанада өтетін әлем біріншілігіне қатысармын. Ал бүгінгі мақсатым әрі арманым – олимпиада ойындарының тұғырына шығу, – дейді ол.

Жақында Алматыда бокстан президент кубогы жолындағы халықаралық жарыс аяқталды. Ілияс Сүлейменов бұл жарыстың финалында тағы бір қазақстандық боксшы Мирас Жақыповты ұтып, алтын жүлдені иеленді.
XS
SM
MD
LG