Accessibility links

Жақындары ғасырдан да ұзақ ғұмыр кешкен Сахан әженің жылын өткізді, билік есіне де алған жоқ


130 жастан аса ғұмыр кешкен қарағандылық Сахан Досованың немере қызы Нүкен Әлкешова. Қарағанды, мамыр, 2010 жыл.

130 жастан аса ғұмыр кешкен қарағандылық Сахан Досованың немере қызы Нүкен Әлкешова. Қарағанды, мамыр, 2010 жыл.

Ғұмырының соңғы бірер айында Жершарының ең қарт тұрғыны атанған қарағандылық Сахан Досованың туыстары 9 мамыр күні жылын өткізіп, құран бағыштады. Екі бөлмелі пәтерде әженің өзінен тараған ұрпақтары ғана жиналып шүйіркелесті. Қарағандылық билік ол қарияның кім екенін де ұмытып қалған.


ҚЫРСЫҚ БОП ТИГЕН ПӘТЕР ӘЛІДЕ ҚЫРСЫҚ


Сахан Досованың көптен күткен пәтеріне жеткен күні мертігіп, 19 күн жатып, өткен жылы мамыр айында Қарағанды қаласындағы Көгілдір тоғандар шағын ауданындағы екі бөлмелі пәтерде бақиға жол тартқанына бір жылдан асып барады. Ол пәтерге ғасырдан да үлкен Сахан әже 1- ші және 2- ші топтардағы екі мүгедек шөберелерімен қоныс тепкен еді.
Әлемнің ең қарт тұрғыны, қарағандылық Сахан Досоваға пәтер берілді, бірақ әже мертігіп қалды. Қарағанды, сәуір, 2009 жыл.


Кейін белгілі болғандай ол пәтер Сахан Досаваның атына аударылмаған. Оның немерелерінің қолына тек уақытша тура тұру туралы құжаттары ғана тапсырылған. Ол құжат мерзімі бір жылға дейін жарамды екенін ескерсек, биыл ол пәтерді босатуға тура келеді. Ал жергілікті билік «пәтерді басы байлы бермесеңдер де уақытша тұру мерзімін созып беріңдер» деген олардың өтініштерін қанағатттандырмай келеді.

-Ол кезде қаладағы Тұрғын үй қоры мемлекеттік мемекесінің бастығы Бекзат Ахметов деген жігіт болған. Мен барған кезімде, қабылдап, құжатарыңызды өткізіңіз деді. Өзіммен алып жүретін құжаттарымды бердім. Ала салып, төртке бөліп жыртты да мусорға лақтыра салды. Мынауың не десем, енді мұның сіздерге керегі жоқ, осы жылға тағы да «жалдық келісім» жасайсыз деді. Енді сол жалдық келісімге қолымыз әлі жетпей жүр. Екі мүгедектің атына сол құжатты жасап беріңдерші деп жүгіргеніме жарты жыл болды,- дейді Нүкен Әлкешова.

Нүкен Әлкешованың айтуынша, былтыр Сахан әженің көзі тірісінде жасалған пәтерді жалдап тұру құжатының күші жойылған. Енді оның екі мүгедек шөбересі құжат қайтадан жасалмаса, далада қалғалы тұр

Сахан Досаваның немере қызының Қарағандының билігіне деген өкпесі қара қазандай. «Еш жерде тыңдағысы келмейді, қарамды көрсе ат тондарын ала қашатын болды. Осыншама жасқа келген Қазақстан азаматының, қала берді қазақ қариясының немересі деп емес, тура бір жын көргендей безеді» деп ашынған Нүкен Әлкешова әлемде ең көп жасаған Сахан әженің Гинес рекордтар кітабіна енбегеніне де таңданулы.
130 жасар Сахан Досованың Совет кезіндегі паспорты


-Маған жан- жақтан хабарласып осы жайлы сұрап жатады. Не айтарымды білмеймін. Оған менің естуімше, Қарағанды билігі атсалысуы керек екен. Атсалыспақ түгілі бетіме жиіркенішпен қарайтын олардан не қайыр, не үміт?- дейді Нүкен Әлкешова.

САХАН ДОСОВАНЫ БИЛІК БІЛМЕЙДІ

Азаттық радиосының тілшісі пәтер мәселесінің шешімі қалай реттеліп жатқанын білмек болып, Қарағанды қаласы тұрғын үй қоры мемлекеттік мекемесінің басғығы Сайлаужан Толубаевпен хабарласқан еді.

-Мәселе мынада: Осыдан жарты жыл бұрын қалалық прокуратура Сахан Досова тұратын шағын аудандағы 280 ге тарта пәтерге жалға беру құжаттары заңсыз жасалғандығын анықтады. Демек бұрынғы жылдары құжаттарды рәсімдегенде заңға кейбір қайшы келген әрекеттер ескерілмей қалса керек. Осы негізде қалалық тұрғын үй қоры басқармасы, әкімшілік және мәслихат депутаттарынан құралған арнайы комиссия жасақталып, сол пәтерлерге құжаттарды беру ісін бүге шүгесіне дейін қарап жатыр. Осы комиссия шешімі негізінде сол пәтерлерге жаңадан жалға беру құжаттары үлестірілетін болады. Тіпті кейбіреулеріне пәтерлер басы байлы аударылып беріледі де,- дейді Қарағанды қаласы тұрғын үй қоры мемлекеттік мекемесінің бастығы Сайлаужан Толубаев.
Қарағандылық 130 жасар Сахан Досова туған күнін немерелерімен бірге атап өтуде. 27 наурыз. 2009 жыл


Материал дайындалып жатқан тұста Азаттық тілшісі түсінік алу мақсатымен облыстық әкімшілікке, облыстық әкімшілік жанындағы әлеуметтік қолдау бөлімі және тағы да басқа осы мәселенің шешіміне өкілеттігі бар мекеме басшыларына хабарласып көрген еді. Өкінішке қарай олардың ешқайсысы да Сахан Досова жайлы білмейтін және естімеген болып шықты.

Тіпті қалалық тұғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Александр Минвалиевич деп таныстырылған шенеунік 10 күн бойына жұмыста болғанымен, оны орнынан ұстау мүмкін болмай шықты. Еүн сайын арасына ары кеткенде 1 сағат уақыт салып телефон шалып отырған Азаттық тілшісіне тұтқаның арғы жағындағы хатшы қыз бастықтың қолы бос еместігін айтудан жалыққан жоқ.

....Ал Сахан Досованың немерелері мен шөберелері болса әженің Гинес рекордтар тізіміне енетінінен әлі күнге үмітті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG