Accessibility links

Марафоншы әйел туралы мақала Азаттықтың оқырмандарын бейжай қалдырмады


Любовь Асанова «Гагарин шақырымдарына» марафонына қатысты. 2011 жылдың сәуірі.

Любовь Асанова «Гагарин шақырымдарына» марафонына қатысты. 2011 жылдың сәуірі.

Әлемнің ірі марафондарына талай мәрте қатысқан 54 жастағы теміртаулық Любовь Асанова «Гагарин шақырымдарына» баруға 300 доллар таппай отырған еді. Азаттық радиосы оқырмандарының бірі спортшыны сөзбен жігерлендірсе, енді бірі қаржылай көмектесті.


Азаттық радиосы Любовь Асанованың спорттық құштарлығы және қаржыға мұқтаждығы жөнінде «Гагарин шақырымдары» атты марафон қарсаңында хабарлаған. Марафонға қатысу үшін оған бар болғаны 300 доллар қажет еді. Оқырмандардың өтініші бойынша спортшының банк реквизиттері мен телефон нөмірін жариялағанбыз.

«Гагарин шақырымдары» марафоны 12 сәуірде Байқоңырда басталып, әлемнің бірінші ғарышкері қонған Саратов облысында аяқталды. Марафон Арал, Хромтау, Ақтөбе, Соль-Илецк, Орынбор, Бузулук, Балаково, Самара, Саратов қалалары арқылы өтті. Марафоншылар Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы 2,1 мың шақырым жерді артқа тастады.

Теміртаулық Любовь Асанова 330 шақырымдық жолды жүгіріп өтті. Ыстық күн, құмды дауыл, қатты жел, қар мен жаңбыр бұл марафонды қиындатты. Спортшының айтуынша, Санкт-Петербург пен Петропавлдық желаяқтар одан озыңқырап кеткен. Өйткені олар күш-қуаты қайтпаған жас жігіттер еді.
«Гагарин шақырымдары» марафонына қатысқан спортшылар. 2011 жылдың сәуірі.
Әйелдер арасынан оған тең келер ешкім болған жоқ. Любовь Асанова – қазір Теміртаудағы жалғыз марафоншы, Қазақстан бойынша үлкен марафондағы бірінші рекордшы әйел.

Любовь Асанованың айтуынша, сәуір айындағы үлкен марафонға қатысу үшін оған кемінде 300 доллар қажет болған. «Теміртау мәслихатының депутаттарынан, әкімдіктен жәрдем сұрадым, бірақ олардың барлығы көмек беруден бас тартты» дейді ол. Любовь Асанованың айтуынша, шенеуніктер өзге елдерден келген спортшыларға Теміртаудан естелік ретінде ұсынатын кішкентай сый-сияпат беруге де жарамаған.

Азаттық радиосында жарияланған мақаладан соң әлдекім оның шотына екі мың теңге (шамамен 14 доллар) аударып, аз да болса қаржылай көмек жасаған. Кейбір оқырмандар желаяққа моральдық қолдау көрсетіп, үлкен марафонды тамашалауға арнайы келген.

– Ресейдің Балаково қаласына келгенімізде алдымыздан бір жігіт жүгіріп шығып: «Ақша іздеп жүрген Қазақстандық желаяқ қайда?» деп айғайлады. Онымен біраз әңгімелестім. Ол мен жайында интернеттен оқығанын, осыдан соң көргісі келгенін айтты. Содан соң Соль-Илецкіден жүгіріп өтіп бара жатқанымда тағы бір адамды кездестірдім. Мен жайында сіздердің сайттарыңыздан оқыған екен, мені көру үшін стадионға арнайы келіпті. Кейбір адамдардың менімен кездесу үшін стадионға арнайы келуі көңілімді көтеріп тастады, – дейді Азаттық радиосының тілшісіне Любовь Асанова.

Спортшының айтуына қарағанда, бұл үлкен марафон оның есінде өмір бойы сақталып қалмақ. «Қарабұтаққа бара жатқан жолда Лондоннан Бейжіңге жол тартқан бара жатқан саяхатшыларды кездестірдім. Атқа мінген екі америкалық әйел мен велосипед мінген ер адам бес айдан бері жол жүріп келеді екен» дейді спортшы.

Теміртаулық марафоншы Любовь Асанова енді Қытайдан Қазанға дейін болатын үлкен марафонға қатысуды ойлап жүр. Бірақ бұл жарыс та әдеттегідей басты мәселе – ақшаға тіреліп тұр. Бірнеше ел, әлденеше қаланы басып өтіп, көп күнге созылатын жарыста жол ақысына, күнделікті керек-жараққа біраз қаржы қажет.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG